1Сонымен, Фест сол аймаққа басшы болып сайланған соң, ол үш күннен кейін Кесария жақтан Иерусалимге келді.
2Сол кезде яһудейлердің бірінші бас қызметкерлері мен бірінші ру басшылары оған келіп, өздерінің Пауылға қарсы арыз-шағымдарын айтты.
3Олар Фестен Пауылды осы Иерусалимге алдыруға өтініш жасады, сондағы мақсаттары жолда тосқауыл құрып, Пауылды өлтіру болатын.
4Сонда Фест оларға: -Пауыл Кесарияда күзет қарамағында, жуықта өзім де сонда барамын, - деді.
5-Егер сіздердің араларыңызда өзін күштімін деп санайтындар болса, ол менімен бірге барсын, Пауылдың жағымсыз әрекеттерін сол жерде айтып, айыбын да сол жерде бетіне бассын, - деді оларға.
6Фест сол жерде тек сегіз-он күндей уақытын олармен бірге өткізіп, Кесарияға қайтып келді, келесі күні ол жоғарыдағы сот жүргізетін төрелік орнына барып отырды да, Пауылды алып келуге бұйрық берді.
7Пауылды алып келген соң, Иерусалимнен келген яһудейлер оны жан-жақтан қоршап, оған көптеген ауыр айыптар таға бастады, алайда өздері солардың ешқайсысын дәледей алмады.
8Пауыл өзін-өзі ақтап: -Мен яһудейлердің Заңдары мен ғибадатханасына және Рим императорына қатысты ешқандай да күнә жасаған жоқпын, - деді.
9Осы кезде Фест яһудейлерге жағымпазданып, мейірімді бола қалып, Пауылға: -Осы соттың ісін бұдан әрі Иерусалимде жалғастырайық, соған қалай қарайсың? -деді.
10Сонда Пауыл оған: -Мен қазір Рим императоры сотының алдында тұрмын, сондықтан тек сонымен ғана сотталуға тиіспін. Мен заң бұзып, яһудейлерді ренжіткен жоқпын, ол жағын өзің де жақсы білесің.
11Егер мен өлім жазасына лайықты болатындай бір нәрсе жасап қойсам, онда мен өлімнен бас тартпаймын. Егер де бұлар маған ешқандай да бір айып таға алмаса, онда ешкім мені оларға ұстап бере алмайды. Сондықтан Рим императорының сотын талап етемін! - деді.
12Сонда Фест сол жерде отырғандармен кеңесіп болған соң: -Сен Рим императорының сотын талап етіп тұрсаң, онда сол Рим императорының алдында болатын сотқа барасың, - деді Пауылға.
13Бірнеше күн өткен соң, Фестке өздерінің құттықтауларын жеткізу үшін, Агрипа патша мен Бернике Кесерияға келді.
14Олар біраз күндерін сонда өткізді, сол кезде Фест Пауылға қатысты істі қозғап, патшаға былай деді: -Осында Феликс қалдырып кеткен бір ер адам қамауда отыр.
15Мен Иерусалимге барған кезде, яһудейлердің бірінші бас қызметкерлері мен ру басшылары оған қарсы шағымдарын айтып, менен оны сотқа тартуды өтінген болатын.
16Сонда мен оларға римдіктердің салты бойынша, егер адамға айып тағылса, онда айыпталушы мен айыптаушыларды бір жерде бетпе -бет кездестіріп, айыпталушыға өзін -өзі қорғай алатындай мүмкіндік туғызылатынын, осындай іс-әрекетсіз ешқандай да сот болмайтынын айтқан едім.
17Содан кейін олар осында келді, бұл іс ескерусіз қалмасын деп, мен келесі күні сот жүргізетін төрелік орынға отырып, сол ер адамды алып келуге бұйрық бердім.
18Сонда оны қоршап алғандар оған нақты айып таға алмады, тек бір түкке тұрғысыз нәрселермен айыптады.
19Олар оған қайдағы бір өліп қалған Иса туралы сұрақ қойды, ал Пауыл Оның өлімнен қайта тіріліп кеткенін дәлелдеумен болды.
20Мен бұл істі қалай тексеруді толық түсінбедім, сондықтан мен ол қаласа, осы іске байланысты сотты Иерусалимде жалғастыруға келісімін сұрадым.
21Алайда Пауыл ол талапқа көнбей, император Августың шешімі шыққанша, осында қамауда болатын айтты, мен оны Рим императорының алдына апаратын уақыт келгенше, осында күзетуге бұйрық бердім.
22Сонда Агрипа Фестке: -Менің өзімде сол адамды тыңдап көрсем деген қалау пайда болды, -деді. Сонда Фест оған: - Онда ертең оны тыңдап көр, - деді.
23Келесі күні Агрипа мен Берникеге құрмет көрсетіліп, олар мыңбасылар мен қаланың бетке ұстар азаматтарының қолпаштауымен үлкен салтанатқа бөленіп, сот шешімін тыңдайтын орынға келіп отырды. Фест бұйрық беріп, Пауылды алдыртты.
24Содан кейін Фест: -Агрипа патша және бізбен бірге осы жерде отырған ер-азаматтар, сіздер көріп отырған мына адам бұдан былай тірі қалуға тиіс емес екенін Иерусалимдегі және осындағы яһудейлер айғайлап, шағымданған болатын.
25Алайда мен оны өлім жазасына кесетіндей ешқандай кінә таппадым және ол өзі император Августың алдына апаруды талап еткен соң, соған жіберуге шешім қабылдадым.
26Бірақ мен ұлы мәртебелі мырзаға осы адам туралы не жазарымды білмей тұрмын, сондықтан оны сіздердің орталарыңызға, әсіресе, Агрипа патша оны сенің алдыңа алып шықтым, енді сіздер оның ісін қарап болғаннан кейін, менің не жазатыным белгілі болады.
27Өйткені тұтқынның не үшін айыпталғанын көрсетпей жібергенім, менің ойымша, ақымақтық болар еді, - деді
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.