1Ал енді өткен дәуірде халықтың арасынан шыққан жалған пайғамбарлар да болды, сол секілді сендердің араларыңнан да жалған тәлімгерлер шығып, жалған ілімдер таратып, Иеміздің оларды сатып алғанын жоққа шығаратын болады, алайда олар осы арқылы өздерінің құрып кететінін тездетеді.
2Сол кезде көпшілігі олардың азғындықтарына еріп, осы арқылы шындықтың жолы кесіліп, абыройы төгіліп,
3ашкөзділіктің жасанды сөздерін пайдаланып, өздеріңмен саудаласады, алайда олардың осы іс-әрекеті үшін алдын ала шығарылып қойған соттың шешімі әділ әрекет жасайды, сондықтан олардың құрып кететін кезеңдері ұйқыға кетпейді.
4Өйткені Құдай күнә жасаған періштелерді де аяған жоқ, керісінше Ол оларды түнектің жібімен байлап, түнектің түбіне тастап, оларды сотқа тартылатындардың қатарына қосып қойды.
5Себебі Құдай өткен әлемді де аяған жоқ, керісінше Құдай тек қана әділдікті жариялап жүрген Нұқтың қасындағы сегіз адамды ғана қорғаштап-сақтап қалды да, ал әділетсіздік жасаған әлемге топан су жіберді.
6Садом мен Ғомордағы қалаларды да күлге айналдырып, әділетсіз болуға дайындалып жүргендерге осы нәрсе үлгі болсын деп, олардың бәрін тас талқанын шығарып қиратып, соттап,
7тек қана әділетті болған Лутты, адалдыққа қарсы болып заңсыз әрекет етушілердің азғындығынан құтқарып алды.
8Өйткені Лут әділдіктің жолымен жүріп өмір сүрді, сондықтан ол олардың күнбе-күн істеп жүрген заңсыз іс-әрекетін өз көзімен көріп, оларды өз құлағымен естіген кезде, ол іштей күйініп, өз жанын азапқа салып, қиналатын.
9Міне, осындай кезеңдерді басынан кешкен ізгі қасиеттегілерді Құдай қалай құтарып алу керектігін біледі, сонымен қатар әділетсіздерді сот болатын күнге дейін қалай сақтау керек екенін де біледі.
10Әсіресе осы нәрсеге, азғындыққа беріліп, өз денелерін арамдап құмарлықтың жетегінде жүргендермен және билік атауын жек көретіндер, әрі ар-ұяттан безген арсыздар, өзімшілдіктің жетегіне еріп масаттанып жүргендер, даңққа кенелгенді бағаламай оның артынан жаман сөз айтатындар ілігеді.
11Өйткені құдіреттері мен күш жағынан олардан қаншама жоғары болған періштелердің өздері Құдайдың алдында тұрып, оларға қарсы шығып, оларды жамандап соттаған да жоқ.
12Ал олар яғни жалған пайғамбарларды табиғатынан түйсіксіз болып туылғандықтан, оларды тек ұстап алып, оларды тек құрту үшін жаралған аңдарға ұқсатуға болады, өйткені олардың өздері кімді жамандап жатқандарын да білмейді, сондықтан олар құриды, әрі құртылады.
13Сөйтіп олар өздері істеген заңсыздықтары мен әділетсіздіктерінің сазайын бәрібір тартады. Өйткені олар күнделікті ләззат алуды бір ғанибет деп санайды, сөйтіп олар жаман әрекетпен көрегенсіздіктің алдауына беріліп, сендермен бірге жүрсе де сауық сайран құруды мақсат тұтып, тек сонымен алданады.
14Олардың көздері жыныстық азғындыққа толық беріліп, үздіксіз күнә жасайды, олар жүрегін ашкөзділікке машықтандырып алғандықтан әлсіз жандарды еліктіріп, оларды адастырып, «қарғыстың балалары» деген атаққа ие болады.
15Өйткені олар тура жолды тастап, адасып, әділетсіздіктің ақысын жақсы көретін Босордың ұлы Балағамның жолын қуып кетті,
16ал оның сол заңсыз әрекетін әшкерелеу үшін оның өзінің астына мінген жануарына тіл бітіп, ол адамның даусымен сөйлеп, пайғамбардың ақылсыздығына қарсы тұрып, оны әшкерелеген болатын.
17Себебі бұлар сусыз бастау мен жел айдаған бұлтқа ұқсайды, сондықтан қапастағы қарңғылықтың қара түнегі олар үшін әлі де сақтаулы тұр.
18Себебі олар шектен тыс мәнсіз-мағынасыз бос әңгімелерді көп айтады, сөйтіп азғындықтан арылғандарына аз уақыт қана болған жандарды өз қармақтарына түсіріп, оларды алдап, олардың бастарын айналдырып,
19оларға жалған бостандықты уәде етеді де, ал өздері сол азғындықтың құлы болып қала берді, өйткені кім неден жеңілсе, ол соның құлы болып қалады.
20Өйткені егер де кімде кім, яғни біздің Иеміз әрі Құтқарушымыз Иса Мәсіхті танып білу арқылы осы әлемнің жаман әдеттерінен қашып құтылғандар, енді осыдан кейін барып соған қайтадан шырмалатын болса, онда ол жеңілді, сондықтан олардың соңғы кезі алғашқысынан да жаман болады.
21Өйткені оларға әділдіктің жолын танып біліп алып, одан кейін өздері тастап кеткен яғни өздеріне берілген киелі өсиетке қайта мойын бұрмаса, сол олардың өздеріне жақсырақ болар еді.
22Себебі, олардың өмірінде мына шындыққа сай нақыл сөзде қалай айтылса, олардың өмірінде де солай болды: -Төбет өзінің құсығына қайта оралса, ал жуындырылған шошқа барып, өзі жатқан балшыққа қайта аунайды.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.