Аян 14 - Zhana Osiet(NTKAZ)

1Осыдан кейін мен Сион тауының үстінде тұрған Тоқтыны және Оның қасында маңдайларына Тоқтының есімі, Оның әкесінің есімі жазылып, Онымен бірге тұрған жүз қырық төрт мың адамды көрдім.

2Сол кезде мен көктен күшті судың ағынындай шуды және күннің қатты күркіреуіне ұқсаған дыбысты естідім, бір жағынан мен естіген сол дыбыс бір топ кифаршылар ойнағанда шығатын кифардың әуенді даусына ұқсас болды.

3Олар тақтың алдында тұрған төрт хайуанмен және ақсақалдармен бірге жаңадан шыққан бір әнді айта бастады. Алайда бұл әнді күнәларының құны өтеліп, осы әлемнен сатып алынған жүз қырық төрт мың адамнан басқа ешкім жаттай алмады.

4Бұлар өз денелерін арамдамау үшін, әйелдермен жақындаспағандар, өздерін таза ұстаған пәк жандар болатын. Олар Тоқты қайда барса, барлық жерде Оның артынан еріп, бірге жүргендер. Сонымен қатар, олар бүкіл адамзаттың арасынан шыққан және Құдай мен Тоқты олардың құнын төлеп, сатып алған ең алғашқы жемістер болатын.

5Олардың ауыздарынан ешқандай өтірік те шыққан емес, сол себепті олар мінсіз, таза болғандар.

6Бұдан кейін мен аспанның қақ ортасында ұшып жүрген басқа бір періштені көрдім. Сол періште жерде өмір сүретін барлық халықтар мен руларға, әр тілде сөйлейтін ұлттар мен тайпаларға Қүдайдың мәңгі өшпейтін Ізгі хабарын жариялап, оларға жеткізетін періште болатын.

7Ол қатты дауыстап: -Құдайдан қорқыңдар, Оның даңқын мадақтаңдар, өйткені Ол бәрін соттайтын болады. Оның сол уақыты, міне, келді, сондықтан көк пен жерді, теңіз бен су көздерін жаратқан Иені дәріптеп, Соған табыныңдар, - деді.

8Оның соңынан тағы бір періште еріп: -Құлады! Барлық халықты азғындыққа жетелеп, оларға соның шарабын ішкізіп, Құдайдың қаһарын туғызған ұлы Бабыл құлады! -деп дауыстады.

9Оның соңынан ерген үшінші періште де қатты дауыстап: -Егер де кімде-кім хайуанға құрмет көрсетіп, дәріптеп, оның мүсініне табынатын болса, оның таңбасын өзінің маңдайы мен қолына салдыратын болса,

10онда ол Құдайдың қаһарына ұшырап, ешқандай қоспа араластырылмаған Құдайдың қаһарына толы тостағандағы шараптан ішетін болады, сөйтіп, ол киелі періштелер мен Тоқтының алдында от пен күкіртке күйіп, азапқа түсетін болады.

11Олар азап шеккен кезінде шыққан түтін мәңгілікке көтерілетін болады, олар күні-түні тыныштық көрмейді. Сонымен, хайуанды дәріптеп, оның мүсініне табынып, оның таңбасын маңдайларына басқызып алғандардың тағдыры осылай болмақ, - деді.

12Бұл Құдайдың өсиетін орындап, сенімдерін Исаға артып жүрген киелілерді табанды болуға шақырады.

13Мен көктен былай дегенді естідім: -Осы сәттен бастап, Жаратқан Иемен бірге болып, Сол үшін өлімге барғандар бақытты, -деп жаз. Рух оларға: -Иә, -дейді, -олар енді ауыр еңбектен кейін демалады, өйткені олардың атқарған еңбектері олардың артында өшпес ізін қалдырды.

14Осыдан кейін мен бір аппақ бұлттың пайда болғанын көрдім. Сол аппақ бұлттың үстінде Адам Ұлына ұқсас Біреу отырды. Оның басында алтын тәж, қолында өткір жүзді орақ болды.

15Сол сәтте Құдайдың көктегі киелі үйінен бір періште шығып, аппақ бұлттың үстінде отырған Адамға: -Орағыңды ал да, оруды баста, себебі егіндікті орып алатын уақыт келді, жердегі егіндік те пісті, - деп дауыстады.

16Жаңағы аппақ бұлттың үстінде отырған Адам қолындағы орақты жерге қарай лақтырып жіберді, сонда жердегі егін орылып, жиналды.

17Осыдан кейін Құдайдың көктегі киелі үйінен тағы бір періште шықты, оның да қолында сондай өткір жүзді орақ болды.

18Дәл осы кезде құрбандық үстелі тұрған жерден тағы бір періште шықты, бұл періштеге оттың үстінен қарайтын билік берілген еді. Сол періште қолында өткір жүзді орағы бар періштеге дауыстап: -Орағыңды ал да, жерде өсіп тұрған жүзім бұталарының сабақтарын орып ал, себебі жүзімдердің жемісі пісіп, оруға дайын тұр, - деді.

19Сонда әлгі қолында өткір жүзді орағы бар періште орағын жерге қарай лақтырып жіберіп, жерде өсіп тұрған жүзімдіктің сабағын кесіп алды да, оны жүзімнің шырынын сығатын үлкен ыдысқа, яғни, Құдайдың төгілген қаһарының астына тастады.

20Жүзімнің жемісін аяқпен басып, шырынын сығып шығаратын орын қаланың сыртында орналасқан болатын. Жүзімді аяқпен таптап, сыққан кезде, одан ағып шыққан қанның (қызыл шырынның) биіктігі аттың ауыздығына дейін жетсе, ал оның көлемі үш жүз шақырымды алып кетті.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help