1Бұл айқай-шу басылғаннан кейін, Пауыл шәкірттерді шақырып алып, оларға жігер берді, олармен қоштасып, Македонияға жүріп кетті.
2Сол аймақтарға барған соң, көптеген бауырластарды сөзбен жігерлендірді. Кейін ол Грекияға (Элладаға) келіп,
3үш айдай сонда болды. Енді сол жерден Сирияға бармақ болып жинала бастағанда, яһудейлердің оған арам ниетпен арандатушылық әрекет ұйымдастырып жатқанын біліп, ойын өзгертіп, Македония арқылы қайтпақ болып шешті.
4Сол кезде оның қасында болып, онымен бірге жүргендер: Береялық Пирдің ұлы Сопатер мен салоникалық Аристрақ пен Секунд, дербиялық Гай мен Тімоте және Азия аймағынан Түхік пен Трофим болатын.
5Олар бізден бұрын алға кетіп қалып, Троададан күтіп алды.
6Біз Ашымаған нан мейрамын өткізгеннен кейін, Філіп қаласынан кемемен жүзіп шығып, бес күннен соң, Троадаға келіп, оларға қосылдық. Сол жерде жеті күн болдық.
7Сенбі күні болатын, біз жиналып, нан үзу рәсімін өткізбек болдық. Пауыл келесі күні жол жүретін болғандықтан, оның айтар сөзі түннің бір уағына дейін созылып кетті.
8Біз жиналған бөлме жоғарыда болатын және сол жерде жарық беретін шамдар жеткілікті еді.
9Еутіх есімді бір жас жігіт терезенің алдында отырған болатын. Пауылдың әңгімесі ұзаққа созылып кеткендіктен, ол отырған жерінде қалғып кетіп, үшінші қабаттан төмен қарай құлап түсті. Оны жерден көтеріп алғанда, оның өліп қалғаны белгілі болды.
10Сол кезде Пауыл төмен түсті де, оның үстіне жата қалып, құшақтап: -Уайымдамаңдар, -деді, -ол өлген жоқ! - деді.
11Одан кейін ол жоғары көтеріліп, нан үзу рәсімін өткізді, таң атқанда әңгімесін аяқтап, сол жерден жолға шығып кетті.
12Әлгі өлімнен тірілген жігітті үйіне алып барды, бұл бәріне шексіз қуаныш әкелді.
13Біз кемеге отырып, Асс аймағына қарай жүзіп кеттік, себебі сол жақтан Пауылды алып кетпек болдық. Оның өзі бізге солай нұсқау берді, өйткені ол құрлық арқылы барғысы келетінін білдірді.
14Сонымен, ол бізді Аста қарсы алды, біз оны кемеге отырғызып алып, Мітілинге келдік.
15Ол жерден кемемен жүзіп шыққан соң, келесі күні Хиосқа жеттік. Бір күннен соң, Самосқа өтіп кеттік те, тағы бір күннен кейін, біз Мілітке жеттік.
16Пауыл уақытын Азияда бекерге жоғалтып алмайын деген ойда болды, сондықтан Эфеске соқпай өтіп кеттік, өйткені ол Иерусалимде өтетін Елуінші күн мейрамына қатты асықты.
17Сондықтан ол Міліттен Эфеске хабаршы жіберіп, ондағы қауымның ақсақалдарын сол жерге шақыртты.
18Олардың бәрі жиналып, Пауылдың алдына келді, сонда ол: -Мен осы Азияға қадам басқан уақыттың алғашқы күнінен бастап өздеріңмен бірге болғанымды білесіңдер.
19Иемнің құлы ретінде барлық жағынан кішіпейілдік көрсетіп, көз жасымды төге жүріп, яһудейлердің мені сынау үшін жасаған арам пиғылды іс-әрекеттеріне төзе отырып, маған жүктелген қызметті атқара бердім.
20Сендерге пайдасы тисін деген оймен тура жолдан таймай, халықтың алдында болсын, үйлеріңде болсын, сендерге қажет дегеннің бәрін өздеріңе тәптіштеп жеткіздім.
21Бұған қоса, яһудейлер мен гректерге де куәлік айтып, олардың тәубе етіп, Құдайға келуін және біздің Иеміз Исаға сенуін жарияладым.
22Қазір мен Рухтың жетегіне көніп, Иерусалимге бара жатырмын, ол жерде мені не күтіп тұрғанын білмеймін.
23Алайда Киелі Рухтың жеткізген куәлігіне көңіл бөлсем, ол қалада мені абақты мен азаптар күтіп тұрғанын білдіреді.
24Бірақ мен өз өмірімді бағалы деп санамаймын, Ием Исадан қабылдап алған қызметімді аяғына дейін жеткізуге тырысып, барымды салып жүгірдім, осылай Құдайдың рақымының арқасында Ізгі хабарды уағыздап, жариялап, куәлікпен бөлістім.
25Өздеріңмен бірге болған кезімде Құдай патшалығы туралы жариялағанымды сендер білесіңдер. Енді менің білетінім: бұдан былай сендер мені көрмейсіңдер.
26Міне, сол себепті де мен осы уақытты пайдаланып, сендерге мына куәлікті айтпақпын: бәріңнің алдыңда менің арым таза, егер біреу құрып кеткен болса, мен оған жауапты емеспін,
27өйткені мен тура жолдан таймай, Құдайдың еркін өздеріңе жария етіп, Ол туралы толық жеткіздім.
28Енді өздеріңе сақ болыңдар, Құдайдың бүкіл отарын қорғап, оған ие болыңдар, себебі Құдай оны Өзінің қанымен сатып алды, ал Киелі Рух сендерді сол Құдайдың қауымының қамын ойлап, оны бағатын бағушы етіп тағайындады.
29Мен кеткен соң, сендерді де, Құдайдың отарын да аямайтын жауыз қасқырлар орталарыңа келіп кіретінін мен білемін.
30Әуелі, орталарыңнан өздерімен бірге шәкірттерді бөліп алып кету үшін, шындықты бұрмалап сөйлейтін ер адамдар шығады.
31Сондықтан өте қырағы әрі сақ болыңдар! Мен үш жыл бойы еш тоқтаусыз, түн демей, күн демей, көз жасымды төгіп, әрқайсысыңды жетелеп, өздеріңе үйреткен тәлімді естеріңнен шығармаңдар.
32Қазір осы сәттен бастап, Өзінің құдіретімен қалыптастырып тұрғызатын әрі Оған бағышталғандардың бәріне мұралық енші беретін және Өзінің сөзі бойынша әрекет ететін рақымды Құдайға мен сендерді тапсырамын.
33Мен ешқашан күміс пен алтынға немесе киім-кешекке ие болуға ұмтылған емеспін.
34Мен өз мұқтаждықтарымды өзім көтеріп, өз қолыммен еңбек еткенімді білесіңдер.
35Мен сендерге қалай еңбек етіп, сол арқылы әлсіздерге қалай қолдау көрсету керек екенін үйреттім. Иеміз Исаның сөзін еске алатын болсақ, Ол: «Алғаннан гөрі берген бақытты», - деп айтқан болатын.
36Пауыл осыны айтып болған соң, тізесін бүгіп, олардың бәрімен қатар тұрып, мінәжат етті.
37Пауылмен қоштасарда бәрі жылап, оны құшақтап, бетінен сүйді.
38Олардың жүректерін ауыртқаны Пауылдың енді мені қайтып көрмейсіңдер деген сөзі болатын, олар бұған қатты қайғырды. Содан кейін олар оны кемеге шығарып салды.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.