Римдіктерге 3 - Zhana Osiet(NTKAZ)

1Яһудей болудың артықшылығы неде? Сүндеттелудің пайдасы қандай?

2Қай жағынан алсақ та, ерекшелігі өте көп. Ең алдымен, Құдайдың сөзі оларға сеніп тапсырылды.

3Егер кейбіреулері сенбей жатса, онда не болмақ? Олардың сол сенімсіздігі Құдайға деген сенімді жоғалта ала ма?

4Жоқ, мүлдем олай емес! Оның орнына тек Құдайдың шындығы бола берсін. Тегінде, адамның бәрі өтірікші, ал Жазбада былай деп жазылған: «Сенің сөздерің әділетті болғандықтан, Өзіңмен соттасқандарды жеңіп шығасың».

5Егер де біздің әділетсіздігіміз Құдайдың әділдігінің айқын екенін көрсетіп жатса, біз бұған не айта аламыз? Сонда Құдайдың қаһарының әділетсіз болғаны ма? Мен мұны адамдық оймен айттым.

6Әрине, мүлдем олай емес. Солай болса, Құдай осы әлемді қалай соттамақ?

7Егер де Құдайдың шындығы менің өтірігімнен асып түсіп, Оның даңқын арттырып жатса, онда не үшін мен осы күнге дейін күнәкар ретінде сотталудамын?

8Сондықтан кейбіреу айтып жүргендей жаман атқа қалмас үшін, жақсылық келсін деп, жамандық жасай берейік пе? Осылай айтқандарға соттың үкімі әділетті болады.

9Сонымен, не болды? Артықшылығымыз бар ма? Ешқандай да, біз ең алдымен яһудейлердің және өзге ұлт өкілдерінің бәріне де айып тағып, олардың күнәнің астында жүргенін көрсеттік.

10Сондықтан Жазбада: «Бірде-бір әділетті адам жоқ,

11ешкім түсінбейді, Құдайды іздейтін де ешкім жоқ», -деп жазылған.

12«Бәрі бағыттарын бұзып, (Құдайдан беттерін бұрып, адасып) бірден жарамсыз болып қалды, сондықтан жақсылық жасаушы болған да емес, әлі оны ешкім де жасаған емес».

13«Олардың көмейі ашық көр сияқты, тілдерімен арбап -алдайды, еріндері жыланның уына толы»,

14«Ауыздары қарғыс пен ащы шерге толып тұр»,

15«Қан төгу керек болса, олардың аяқтары жылдам-жылдам басады,

16сөйтіп, олардың жүрген жолы-қирату мен бақытсыздық,

17бейбітшіліктің жолын тану дегенді олар білмейді».

18«Сондықтан оларда Құдайдан қорқу деген болған емес».

19Ал айтылған заңға келетін болсақ, сол заң Құдай алдында бүкіл әлемнің күнәкар екені жайында айтады.

20Себебі заңның істері бойынша ешқандай пенде Оның алдында ақталмайды, керісінше, заң арқылы тек күнәні сезіне алады.

21Дегенмен, қазіргі кезде Құдайдың ақтау жолы заңнан бөлек ашылды, себебі бұл туралы сол Таурат заңы мен пайғамбарлардың берген куәлігінде де айтылған.

22Енді Құдай барлық сенушілерді тек Иса Мәсіхке сену арқылы ғана ақтап алады, бөліп-жару деген болмайды,

23себебі бәрі күнә жасағандықтан, Құдайдың даңқынан айырылып қалды,

24сол себептен ендігі ақталатындар Иса Мәсіхтің рақымы арқылы тегін алатын болады.

25Сөйтіп, Құдай Өзінің мейірімді екенін көрсету үшін, Исаның төгілген қанына сену арқылы бұрынғы істеген күнәлардың кешірілетінін және осы арқылы Өзінің әділетті екенін дәлелдеп берді.

26Сондықтан Құдай қазіргі уақытта да Өзінің әділетті екенін көрсету үшін, шыдамдылығының дәлелі ретінде Исаға сенген адамды ақтап алмақ.

27Ал енді біздің мақтанған нәрсеміз қайда кетті? Ол жойылды. Қандай заң арқылы? Іспен бе? Жоқ, сенімнің заңы арқылы.

28Сондықтан біз заңдағы іспен емес, адамдар тек сеніммен ақталады деп айтамыз.

29Сонда Құдай тек яһудейлердің ғана Құдайы болғаны ма? Сонда Ол басқа ұлттардың Құдайы емес пе? Әрине, Ол-басқа ұлттардың да Құдайы,

30Құдай біреу болғандықтан, Ол сүндеттелгендерді де, сүндеттелмегендерді де сенім арқылы ақтап алады.

31Сонымен, сенім арқылы заңды жойып жібердік пе? Жоқ, олай емес, керісінше, біз заңды нығайтамыз.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help