Аян 1 - Zhana Osiet(NTKAZ)

1Құдай Өзінің құлдарына болашақта болатын жағдайларды аян арқылы ашып көрсеткісі келгендіктен, бұл аянды Құдай Иса Мәсіхке берген. Мәсіх періштесі арқылы Өзінің құлы Жоханға осы аянды ашып берді,

2ал Жохан Құдайдың сөзі туралы және Иса Мәсіхті көргені жайында куәлік береді.

3Бұл пайғамбарлық сөзді оқып және тыңдап, онда жазылғанды есінде сақтап, соны орындайтын адам бақытты, себебі бұлардың орындалатын уақыты жақындап келеді.

4Жохан Азия өлкесіндегі жеті қауымға былай дейді: қазіргі уақытта нақты бар және әуел бастан бар болған, болашақта да келетін, мәңгі Болатыннан әрі Оның тағының алдында тұрған жеті рухтан,

5адал Куәгер атанып, өлімнен тірілгендердің ең Алғашқысы, жер бетіндегі патшалардың Патшасы Иса Мәсіхтен сендерге рақымдылық пен тыныштық тілеймін! Ол бізді сүйгендіктен, Өзінің қанымен күнәларымыздан тазартып, азат етті.

6Ол бізді Өзінің Құдай Әкесінің Патшалығының қызметкерлері етіп тағайындады. Оның даңқы, Оның күшінің құдіреті ғасырдан ғасырға арта берсін! Аумин!

7Біліп қойыңдар! Оның бұлттың үстімен келе жатқанын әркім көретін болады. Оны найзаның ұшымен түйрегендер де өз көздерімен көреді, сонда жер бетіндегі барлық *ұлттар Оның сол екенін танып, (өкініп) зар еңіреп жылайтын болады. Иә, бұл дәл солай болады! Аумин!

8Мен -Альфа және Омегамын, -дейді Жаратушы Құдай Ием, -Мен әуел бастан бармын, Мен қазір де нақты бармын, болашақта келетін де, бүкіл әлемнің Билеушісі де мына - Мен!

9Мен, Жохан -сендердің бауырластарың, сендерге сенімді серіктес бола жүріп, Құдайдың Патшалығы мен Иса үшін тартқан азапқа төзе білдім, сөйтіп, Құдайдың сөзі үшін, Иса туралы айтқан куәліктерім үшін, Патмос аралына жер аударылдым.

10Иеміздің жетегімен жүрген күндердің бірінде мен Рухқа бөлендім, сонда мен арт жағымнан кернейдің даусына ұқсас қатты бір дауысты естідім.

11Ол маған: -Көзіңмен көрген мына көріністерді кітапқа жазып, жеті қауымға: Ефеске, Ізмірге, Перғамға, Тиятирге, Сардқа, Філаделфіге және Лаодікиге жібер, - деді.

12Маған сөйлеген дауыстың кім екенін білейін деп, мен артыма бұрылдым, қараған кезде жеті алтын шырағданды көрдім.

13Сол шырағдандардың ортасында үстіне киген киімі өкшесіне дейін түскен, ал кеудесін алтын белдікпен буынған Адам Ұлына ұқсас Біреудің тұрғанын көрдім.

14Оның басындағы шашы жуылған жүн сияқты және қардай аппақ еді, ал Оның көздері жанған оттай жалындап тұрды,

15Оның аяқтары Ливанның пеште балқытылған мысындай болса, Оның даусы сарқыраманың гүріліне ұқсас болды.

16Ол оң қолына жеті жұлдыз ұстап тұрды, ал Оның аузынан екі жүзді өткір семсер шығып тұрды, Оның бет -жүзі барша жарығын шашқан күн сияқты еді.

17Мен Оны көрген сәтте, Оның аяғына жығылып, өлген кісідей алдына құлап түстім. Сол кезде Ол Өзінің оң қолын менің үстіме қойды да: -Қорықпа, Алғашқы да, Ақырғы да Мен боламын.

18Мен -тірімін! Мен өлген едім, енді, міне, мәңгілікке тірілдім! Өлімнің де, тозақтың да кілті Менің қолымда!

19Сондықтан сен көргеніңді, қазір болып жатқанды, осыдан кейін де болатын жағдайлар туралы жаз.

20Менің оң қолымдағы сен көрген жеті жұлдыз бен алтын жеті шырағданның құпиясы мынадай: жеті жұлдыз жеті қауымның періштелерін, ал жеті шырағдан жеті қауымды білдіреді, - деді.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help