1Сендер маған ер адам әйелге жақын келіп, оған қолын да тигізбегені дұрыс деп жазыпсыңдар.
2Әркім азғындық жолға түспес үшін, әрбір еркектің өз әйелі, ал әрбір әйелдің өз күйеуі болсын.
3Күйеуі әйеліне, ал әйелі күйеуіне тиісті міндетін атқарсын.
4Тұрмысқа шыққан әйел өз денесіне өзі билік ете алмайды, себебі билік күйеуінде, үйленген еркек те өз денесіне өзі билік ете алмайды, себебі билік әйелінде.
5Сол үшін бір-біріңе деген жақын ықыластан өздеріңді айырмаңдар, тек келісіп мінәжат ететін уақытта болмаса, одан кейін тағы да бірге болыңдар, сайтанның азғыруына түспеулерің үшін, осылай істегендерің дұрыс.
6Мен мұны сендерге бұйрық ретінде емес, тек өздеріңмен ниеттес болғандықтан айтып отырмын.
7Негізі барлық адамдарың өзім секілді болғанын қалаймын, алайда әркімге Құдайдан берілген жеке өзіне тән сыйы бар, бұл біреуге былай болса, екінші біреуге басқаша берілген.
8Осыған сүйене отырып, некесіз жүргендер мен жесірлерге айтарым: егер де олар мен сияқты жалғызбасты болса, бұл оларға жақсы болар еді.
9Егер де өзін-өзі ұстай алмай бара жатса, онда үйленсін, құмарлық отына күйіп-жанып жүргенше, одан да үйленіп алғаны жақсы болады.
10Ал үйленгендерге әйелі күйеуінен ажыраспасын деп бұйырамын, бұл бұйрық менікі емес, Иеміздікі.
11Ажырасатын болса, әйел қайтып күйеуге шықпасын немесе қайтадан күйеуімен татулассын. Сонымен қатар, күйеу де әйелін тастап кетпеуі тиіс.
12Қалғандарына Иеміз емес, менің айтарым мынау: егер де бір бауырымыздың әйелі сенбеуші болса және әйел онымен бірге тұруға келісімін берсе, онда ол сол әйелді тастап кетпесін.
13Егер де бір әйелдің күйеуі сенбеуші болса және сол әйелмен бірге тұруға келісімін берсе, әйел де күйеуін тастап кетпесін.
14Өйткені Құдайға сенбейтін күйеу Құдайға сенетін әйелге бағышталған, ал Құдайға сенбейтін әйел, Құдайға сенетін бауырымызға бағышталған. Әйтпесе сендердің балаларың таза болып туылмас еді, ал қазір олар киелі деп саналады.
15Егер Құдайға сенбейтін ер адам мен әйел ажырасамыз, бөлек кетеміз десе, бөлініп кете берсін, мұндай жағдайда ер адам да, әйел де өздерін құлдықта жүргендей сезінбесін. Құдай сендерді бір-біріңмен тату болуға шақырады.
16Қайдан білесің, мүмкін, әйел, сен күйеуіңді құтқарып алатын шығарсың? Сен, күйеу, мүмкін, әйеліңді құтқарып алатын шығарсың, кім біледі?
17Сонымен, Иеміз әркімге қалай белгілеп қойса немесе Құдай кімді қалай шақырған болса, солай өмір сүретін болсын, бұл нұсқауды барлық қауымдарға жіберуді ұйғардым.
18Егер де сүндеттелген біреу шақырылған болса, ол мұнысын жасырмасын. Сүндеттелмеген біреу шақырылса, онда ол сүндеттелмей-ақ қойсын.
19Себебі сүндеттелу де, сүндеттелмеу де түкке тұрмайтын нәрсе, бәрінен маңыздысы -Құдайдың өсиетін сақтау, міне, бұл аса маңызды болып саналады.
20Сонымен, кім қандай дәрежеде шақырылса, ол сол дәрежеде қала берсін.
21Егер де құл болып, құлдық дәрежеде шақырылған болсаң, сол нәрсе сені түртпектеп мазаламасын, алайда басыңа бостандық алатындай мүмкіндігің болып жатса, сол мүмкіндікті көбірек пайдалануға тырыс.
22Өйткені Иеміз шақырған кезде құл болған адам Иемізге келгенде еркіндікке ие болады, сол сияқты еркіндікте жүріп шақырылған болсаң, онда сен енді Мәсіхтің құлы болдың.
23Сендерді сатып алу үшін аса бағалы құн төленді, сондықтан адамның құлы болмаңдар.
24Сонымен бауырластар, кімде-кім қандай дәрежеде шақырылған болса, Құдай алдында сол дәрежеде қала берсін.
25Тұрмыс құрмаған қыздарға байланысты Иемізден нақты нұсқау алмадым, алайда Иеміздің мейіріміне ие болғандықтан, сенімге өте адал болуға кеңес беремін.
26Бұл қазіргі кезеңдегі мұқтаждықтардың арасындағы ең маңыздысы, мұны орындау өте жақсы нәрсе деп санаймын, солай болғаны адамға да жақсы.
27Сен некелесу арқылы әйеліңе байландың, енді одан ажырасатын жолды іздеме. Егер сен (некеде болмасаң) әйелге байланбаған болсаң, онда әйел іздеме.
28Егер сен үйленетін болсаң, онда күнә жасамайсың. Егер де пәк қыз тұрмысқа шықса, ол да күнә жасамайды. Бірақ ерлі-зайыптылар көптеген қиындықтарды бастан кешетін болады, сол себепті менің сендерге жаным ашиды.
29Бауырластар, уақыт тым қысқа, сол себепті басқаша айтар болсам, әйелі барлар әйелі жоқтай,
30жылап жүргендер жыламағандай, қуанып жүргендер қуанбағандай, сатып алып жүргендер ие болмағандай,
31ал осы әлемнің мүмкіндігін пайдаланып жатқандар оны пайдаланбағандай болып өмір сүрсін демекпін. Өйткені бұл әлемнің сыртқы бейнесі өткінші, ол жаныңнан лып етіп өте шығады.
32Міне, сондықтан сендердің уайымсыз болғандарыңды қалаймын. Үйленбеген ер адам Иеміз жайлы ойлап, Иемізге қалай ұнаудың қамын жейді.
33Ал үйленген адам осы әлемнің қамын жеп, әйеліне қалай ұнауды ойлап, оның қызығушылығы екіге бөлінеді.
34Ал тұрмыс құрмаған пәк қыз да, әйел де Иеміздің ісін ойлап, жан-тәнімен киелі болудың жолын іздейді. Тұрмыс құрған әйел осы әлемнің қамын ойлап, қалай күйеуіне ұнауға тырысады.
35Осы айтылғанның бәрі сендерге пайдалы болғандықтан айтып отырмын және сендерді тұзаққа түсіргім (шектеп қойғым) келмейді, керісінше, өздеріңе ізгі ниет танытып, сендердің Иемізде тұрақты болғандарыңды қалаймын.
36Егер де біреу қызымның жасы жетті, оны тұрмысқа бермесем, қиянат жасармын деп ойласа, онда сол қажет деген міндетін атқарсын, жүрегі нені қаласа, соны істесін. Сонда ол күнә жасамайды, ал қыз тұрмысқа шыққысы келсе, шыға берсін.
37Егер адам өз шешімінде берік болып, мәжбүрлеуге көнбей, өз еркіне билік жүргізе алса және қызын пәк күйінде қалдыруға жүрегінде шешім қабылдаса, онда бұл әрекеті де дұрыс.
38Сонымен, өзінің қызын тұрмысқа берген де дұрыс істейді, қызын тұрмысқа бергісі келмеген де жақсы ісәрекет жасайды.
39Тұрмысқа шыққан әйел күйеуінің өмір сүретін уақыты біткенге дейін, оған байланған болып саналады, егер күйеуі өмірден өтсе, әйелдің басы бос, кімге күйеуге шыққысы келсе, өзінің еркі, тек ол адам Иемізде болсын.
40Егер де әйел тұрмыс құрмаймын десе, менің пікірім бойынша, онда бұл әйел одан да бақытты болмақ. Осылай айтуыма себеп: мені де Құдайдың Рухы жетелейді деп ойлаймын.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.