Аян 5 - Zhana Osiet(NTKAZ)

1Мен тақта Отырғанның оң қолынан ішіне де, сыртына да жазу жазылған және жеті жерінен мөр басылған бір шиыршық кітапты көрдім.

2Сол сәтте қатты дауыстап айғайлаған бір періште көрінді, ол: -Бекіткен мөрді шешіп, мына кітапты ашуға кім лайықты? - деп жар салды.

3Алайда көкте де, жерде де, жердің астында да сол кітапты ашып, оның ішіне көз жүгіртіп қарайтын ешкім болмады.

4Дәл осы сәтте мен қатты жыладым, өйткені әлгі кітапты ашып, оған қарауға лайықты ешкім табылмады.

5Сол кезде ақсақалдың біреуі маған: -Жылама! Яһуда руынан шыққан Арыстан жеңіске жетті! Оның тамыры Дәуітте жатыр, Сол жеті мөрлі кітапты ашуға лайықты! -деді.

6Сонда мен тақты қоршаған төрт жануар мен ақсақалдардың ортасында тұрған, кезінде құрбандыққа сойылған Тоқтыны көрдім. Тоқтының жеті мүйізі мен жеті көзі болды, бұлар Құдайдың бүкіл жер бетіне жіберген жеті Рухын білдіреді.

7Міне, Тоқты тақта Отырғанға жақындап келіп, Оның оң қолындағы кітапты Өз қолына алды.

8Тоқты кітапты қолына алған кезде, сол жердегі төрт жануар да, жиырма төрт ақсақал да Тоқтыға тағзым етіп, алдына жығыла кетті. Олардың әрқайсысының қолында кифара атты ішекті аспап пен хош иісті тартуларға толы алтын, яғни, киелілердің мінәжатын білдіретін тостаған болды.

9Осыдан кейін олар мынадай бір жаңа әнді айта бастады: -Кітапты алуға да, ондағы мөрді бұзуға да тек Сен лайықтысың! Өйткені Сен құрбандық Тоқты ретінде сойылып, әрбір ру мен әрбір тілді, әрбір халық пен әрбір ұлтты Құдайға арнау үшін, қаныңмен олардың құнын өтедің!

10Оларды біздің Құдайымызға, Оның Патшалығына қызмет ететін қызметшілер етіп тағайындадың, енді олар жер бетінде патшалық құратын болады!

11Содан кейін қарағанымда жануарлар мен ақсақалдарды, тақтың жан-жағын қоршап тұрған періштелердің орасан зор дауыстарын естідім, олардың саны мың-мыңдаған, тіпті, бірнеше он мыңнан еді.

12Олар қатты дауыстап: -Күш пен байлықты, даналық пен құдіретті, құрмет пен даңқты және мадақты тек құрбандық болған Тоқты ғана қабылдауға лайықты! -деп жариялаумен болды.

13Сосын мен жердегі, аспандағы, жер астындағы, теңіздегілер мен онда тіршілік ететіндердің, жаратылғанның барлығының дауыстап: -Тақта Отырғанға және құрбандық болған Тоқтыға мәңгілік мадақ, құрмет пен даңқ! -деп жарылқап, бата беріп жатқанын естіп тұрдым.

14Сол кезде төрт жануар: «Аумин!» -деді. Ақсақалдар тақта Отырғанның алдына етпетінен жығылып, Оған тағзым етті.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help