Қорынттықтарға 1 3 - Zhana Osiet(NTKAZ)

1Мен өздеріңмен рухани бауырластар ретінде сөйлесе алмадым, керісінше, әлі де тәндік болмыспен жүрген Мәсіхтегі сәбилер ретінде сөйлесуіме тура келді.

2Сондықтан мен сендерге тамақ берудің орнына сүт бердім, өйткені сендер әлі де тамақ жей алмайтын күйде болдыңдар. Сендер қазір де оны жей алмайсыңдар,

3себебі тәннің жетегінде жүрсіңдер, сол себепті араларыңда қызғаныш пен дау -дамай бар, бұл тәндік болмыс емей немене? Бұл адами тұрғыда жасалған іс-әрекет емес пе?

4Өйткені біреуің: «Мен-Пауылдікімін», -десең, тағы біреуің: «Мен-Апполостікімін», -дейді екенсің. Бұл осы әлемнің адамдарының жасайтын іс-әрекеті емес пе?

5Апполос деген кім? Пауыл деген кім? Олар тек Құдайдың қызметін атқарып жүрген қызметшілер болып саналады, өйткені сендер солар арқылы сенімге ие болдыңдар, олардың әрқайсысына сол қызметті Иеміз берді.

6Қысқасы, мен отырғыздым, Аппалос суғарды, бірақ өсірген-Құдай.

7Өсіретін Құдай болғандықтан, отырғызушының да, суғарушының да атқарған ісі түкке тұрғысыз деуге болады.

8Алайда отырғызушы мен суғарушының атқарған ісі бір болғандықтан, олардың әрқайсысы өз еңбектеріне тиісті ақыларын жеке-жеке өз уақытында алатын болады.

9Біз Құдайдың қызметін Құдайдың қатысуымен және Онымен бірге атқаратын қызметшілері деп саналамыз, ал сендер Құдайдың егістігі әрі Құдайдың құрастырып тұрғызатын құрылысы болып есептелесіңдер.

10Сондықтан Құдайдың өзіме берген рақымына сай, мен ақылды сәулетші секілді құрылыстың негізгі іргетасын тұрғыздым, ал басқалары құрылысты соның үстіне қалауда. Сол себепті әркім өзінің құрылысын қалай қалап, жүргізіп жатқанына мұқият көз жүгіртіп қарасын.

11Құрылыстың негізгі іргетасы-Иса Мәсіх, Одан бөлек басқа бір іргетасты ешкім де негіз етіп сала алмайды.

12Егер де кімде-кім сол негізгі іргетастың үсіне алтыннан, күмістен немесе аса қымбат тастардан, не болмаса тақтайдан, шөптен немесе қамыстан құрастырып салатын болса,

13онда әркімнің атқарған ісінің сапасы соңғы күні жарыққа шығатын болады, себебі әрбір істің сапасы отпен сыналады.

14Егер де кімнің құрастырып тұрғызғаны оттан жойылмай, аман қалса, онда ол өзіне тиісті ақысын алады.

15Ал егер де жанып кетсе, ол шығынға батады деген сөз, алайда оның өзі оттан құтылады, бірақ оттан өткендей әзер құтқарылады.

16Әлде Құдай Рухының өздеріңде өмір сүріп жатқанын және өздеріңнің Құдайдың ғибадатханасына айналғандарыңды білмейсіңдер ме?

17Егерде кімде-кім Құдайдың ғибадатханасын қиратып, құлататын болса, онда Құдай оның өзін қиратып, құлатады, өйткені Құдайдың ғибадатханасы киелі болып саналады, ал сендер сол ғибадатханаға айналдыңдар.

18Ешкім өзін-өзі алдамасын. Егер араларыңдағы кейбіреу осы әлемге ақылды, дана болып көрінгісі келсе, нағыз даналыққа ие болу үшін, керісінше, ақылсыз, ақымақ болсын.

19Өйткені осы әлемнің даналығы-Құдайдың көзімен қарағанда ақымақтық. Жазбада: «Құдай өздерін ақылды, данышпан санайтындардың зұлым қулықтарынан-ақ ұстап алады», - деп жазылған.

20Және тағы да: «Иеміз данышпанбыз дегендердің ой -өрістерінің бос әрі бекер әурешілік екенін біледі», -делінген.

21Сондықтан ешкім адамдар алдында мақтанбасын. Сендерге бәрі де тиесілі:

22мейлі Пауыл, Аполлос, мейлі Кифа (Петір) болсын, мейлі осы әлем, өмір немесе өлім болсын, осы кез немесе болашақ болсын, бәрі тек сендердікі болып қала береді,

23сендер өздерің Мәсіхтікі болып қаласыңдар, ал Мәсіх Құдайдікі.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help