1Сонымен не айтамыз? Рақымдылық көбейе түссін деп, күнә жасай берейік пе?
2Ешқашан олай болмасын! Себебі біз күнә үшін өлдік, енді қалай онымен өмір сүрмекпіз?
3Әлде біздің әрқайсысымыздың *Иса Мәсіхпен бірігіп, суға батырылып қалай шомылған болсақ, Оның өліміне де солай батырылып шомылғанымызды сендер білмейсіңдер ме?
4Өйткені Көктегі Әкенің даңқымен Мәсіх секілді қайта тірілу үшін, Онымен бірге суға батырылып шомылу арқылы өліп, жерлендік, біз солай жаңарып, жаңаша өмір сүреміз.
5Егер де біз Оған ұқсап, бірге өлген болсақ, онда Оған ұқсап өлімнен де қайта тірілеміз.
6Біздегі адамдық ескі болмыс Иса Мәсіхпен бірге айқышқа шегеленгенін, сөйтіп, тәніміздегі күнә жойылғанын, сол себепті енді біз күнәға қызмет ете алмайтынымызды сендер білесіңдер,
7адам өлгеннен кейін күнәдан босатылады.
8Сондықтан егер біз Мәсіхпен бірге өлген болсақ, онда Онымен бірге өмір сүретінімізге де сенеміз.
9Себебі өлімнен қайта тірілген Мәсіхтің енді қайтып өлмейтінін және бұдан былай Оның үстінен өлім өз билігін жүргізе алмайтынын білеміз.
10Сол кезде Мәсіх бір рет және мәңгілікке күнә үшін өлді, бірақ енді өмір сүретін Мәсіх Құдай үшін өмір сүреді.
11Сол сияқты сендер де өздеріңе күнә үшін өлген адам ретінде қараңдар, ал Иса Мәсіхпен бірлікте Құдай үшін тірімін деген оймен өмір сүріңдер.
12Сонымен, сендердің ажалды тәндеріңде күнә өз билігін жүргізбеу үшін, оның құмарлықтарына берілмеңдер.
13Дене мүшелеріңді әділетсіздіктің құралы етіп, күнәға беріп қоймаңдар. Одан да өздеріңді Құдайға арнап, өлімнен қайта тірілгендер ретінде дене мүшелеріңді әділдіктің қаруы етіп, Құдайға бағыштаңдар.
14Күнә сендердің үстеріңнен билік құра алмайды, себебі сендер заңның емес, рақымдылықтың астында жүрсіңдер.
15Сонымен не болды? Сонда біз заңның емес, рақымдылықтың астында болғандықтан, күнә жасай берейік пе? Ешқашан олай болмасын!
16Әлде сендер кімге мойынсынсаң, соның құлы болатындарыңды білмейсіңдер ме? Сендер кімге мойынсынып, кімге құл болып жүрсіңдер? Күнә мен өлімге ме немесе әділдікке ме?
17Алғыс тек Құдайға болсын, өйткені кезінде сендер күнәнің құлы болдыңдар, ал енді өздеріңе үлгі болатын тәлімге жүректеріңмен беріліп,
18күнәдан босағандықтан, әділдіктің құлы болып жүрсіңдер.
19Сендердің денелеріңнің әлсіздігіне қарап, қарапайым тілмен осыны айтуыма тура келді. Себебі сендер бір кездері өз дене мүшелеріңді кір, таза емес нәрселердің құлы етіп, заңды бұзып, заңсыз әрекеттерге берілдіңдер, енді қазір оны әділдіктің құлдығына беріп, соған бағыштаңдар.
20Өйткені сендер күнәнің құлы болған кездеріңде әділдіктегі бостандыққа ие бола алмадыңдар.
21Сол кездегі «жемістеріңнің» қайсысы қазір сендерді ұялтады? Олардың соңы өлім еді.
22Қазір енді күнәдан босап, Құдайдың құлы болғандықтан, «жемістерің» тазарды, мұның соңы-мәңгілік өмір.
23Өйткені күнәнің құны-өлім, ал Құдайдың бізге берген сыйы-Иеміз Иса Мәсіхтегі мәңгілік өмір.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.