1Өйткені Заң болашақта келуге тиіс болған игі істің нақты өзі емес, тек оның көлеңкесі ғана болатын, себебі жыл сайын тұрақты шалынатын құрбандықтар Құдайға жақындағысы келетіндерді ешқашан кемелді ете алмайды.
2Ал егер де солай болса, онда құрбандық шалу тоқтамас еді, өйткені бір рет тазартылғаннан кейін Құдайды дәріптеп, Оған табынушылар саналы түрде өзінің күнәлі екенін сезіне ала ма?
3Міне, сондықтан жыл сайын мұны олардың есіне салып отыру қажет болды,
4өйткені өгіз бен ешкінің қаны арқылы күнәларды толығымен алып тастау мүмкін емес.
5Сол себепті Мәсіхтің Өзі осы әлемге келетін кезде былай деп айтқан: «Сен құрбандықтар мен сый-тартуларды қаламадың, бірақ Сен Мен үшін денемді дайындап қойдың.
6Сен күнә үшін өртелетін барлық құрбандықтарды ұнатпадың.
7Сонда Мен былай дедім: «Міне, Мен келе жатырмын, Жазбаның алғашқы бетінде Мен туралы жазылғандай, Құдай, Сенің еркіңді Мен орындаймын!»
8Сонымен, жоғарыда айтылғанға келсек: «Құрбандықтар мен сый-тартуларды және күнәға байланысты өртелетін құрбандықтарды қаламадың, Сен оларды ұнатпадың», -деп Ол бұл жерде тек Заң бойынша берілетін құрбандықтар туралы айтып тұр.
9Ол тағы былай деп қосты: «Міне, Мен Сенің еркіңді орындау үшін келе жатырмын», -дегенде, Ол бірінші берілетін (ескі) құрбандықтарды алып тастап, оның орнына Ол екіншісін (жаңасын) қойып отыр.
10Сондықтан Иса Мәсіх Өз денесін бір рет және мәңгілікке құрбандыққа беріп, Құдайдың еркін орындаған кезде, біз Сол арқылы тазаланып, Құдайға бағышталдық.
11Құдайдың әрбір қызметкері өзінің күнделікті атқаратын қызметі арқылы қаншама рет құрбандықтар шалса да, олардың ешқайсысы күнәларды алып тастай алмайды.
12Ал Иса бүкіл күнәлар үшін бір-ақ рет Өзін құрбандыққа берді, Ол Құдайдың оң жағына барып отырды, енді сол жер Оның мәңгі тұрағы болды.
13Сол жерде Құдай Оның жауларын Өзінің табанының астына салып беретін сәтті күтеді.
14Ол Өзінің бір-ақ рет әкелген тартуы арқылы Құдайға бағышталғандарды кемелді етті.
15Бұл туралы Киелі Рух бізге куәлік етеді.
16«Мен сол күндерден кейін олармен мынандай келісім жасаймын, -дейді Жаратқан Ие, -Мен олардың жүрегіне Өз заңымды салып беремін және Мен оны олардың саналарына жазып қоямын».
17Бұдан әрі былай деп қосады: «Мен олардың жасаған күнәлары мен заңсыз іс-әрекеттерін ешқашан есіме алмаймын».
18Ал күнәлар толық кешірілген жағдайда, енді күнәға байланысты ешқандай сый-тарту мен құрбандық шалынбайды.
19Сонымен, бауырластар, Исаның киелі қанының арқасында біздің де Киелі орынға кіретін құқығымыз бар, өйткені
20сол арқылы Ол бізге жаңа жол салды, бұл жол бізді шымылдықтың артындағы өмірге апарады, сол жолды Ол Өзінің денесі арқылы салды.
21Міне, сондықтан Ол Құдайдың үйінің үстінен қарайтын, дәрежесі бәрінен де үлкен Бас қызметкер болып тағайындалды.
22Біз енді таза жүрекпен, толық сеніммен Оның жүректерімізге бүркілген қаны арқылы жаман әдеттерден тазарған ар-ұятымызбен, сумен жуылу арқылы тазарған денемізбен Оған жақындайық.
23Сөйтіп, Ол арқылы бізге берілген тұғыры ешқашан шайқалмайтын үмітті ұстап алуға ұмтылайық, өйткені Ол бізге берген уәдесіне әрқашан да адал болып қала береді.
24Сол үшін біз бір-бірімізге көңіл аударып, сүйіспеншілік көрсетіп, мейірімді іс-әрекет жасап, жігер берейік.
25Осылай өзімізге әрдайым пайдасы мол жиындарды тастамайық, қайта, бір-бірімізге ақыл-кеңес берейік, ал кейбіреулерге (сенушілер жиынына қатыспау) әдет болып қалған, әсіресе, ақырғы күннің барған сайын қысқарғанын, (Иеміздің келетін күнінің) жақындап қалғанын өздерің де көріп жүрсіңдер.
26Егер де біз шындықты танып-біліп алғаннан кейін, өз еркімізге беріліп, күнә жасайтын болсақ, онда біздің сол жасаған күнәларымыз үшін берілетін ешқандай құрбандық жоқ.
27Ал соттың шешімін күту қандай қорқынышты, себебі Құдайға қарсы шыққандарды жалындаған от жұтып қоюға дайын тұр.
28Егер де біреу Мұсаның Заңын бұзып, оның сол әрекеті екі немесе үш куәгер арқылы дәлелденсе, оған ешқандай да мейірім көрсетілмей, өлім жазасына кесілетін.
29Егер кімде-кім Құдайдың Ұлын менсінбей, Оны аяққа таптайтын болса және өзін қанымен тазартып, бекітілген келісімді бағаламайтын болса, мейірімді Құдайдың Рухын ренжітіп, Оны қорлайтын болса, оны қандай жаза күтіп тұр деп ойлайсыңдар?
30Бұл туралы Құдайдың былай дегенін біз білеміз: «Кек алушы болмаңдар, кек алуды Маған қалдырыңдар, қарымтасын Мен Өзім қайтарамын», - деген болатын.
31Тірі Құдайдың қолына түсу қандай қорқынышты!
32Сендер Ізгі хабарды қабылдаған ең алғашқы күндеріңді естеріңе түсіріңдерші, сол уақыт сендердің шындықты жаңадан таныған кездерің болатын, сонда қанша азап шексеңдер де, соған шыдадыңдар.
33Өздеріңе тіл тигізіп, қысымшылық көрсетіп, басқаларға мазақ қылса да, сендер оны елемей, дәл осындай жағдайда жүргендермен иықтаса жүріп, оларға демеу болдыңдар.
34Абақтыда отырғандармен бірге азап шегіп, өз дүние-мүліктеріңнің тоналып жатқанын елемей, қуанышпен қабылдадыңдар, өйткені сендер сол кездің өзінде одан да керемет, ешқашан шірімейтін мүліктеріңнің көкте мәңгі сақтаулы тұрғанын білдіңдер.
35Сол үшін де сендер сол батылдықтарыңнан айрылып қалмаңдар, бұл сендерге көп сый-тартулар әкеледі.
36Құдайдың еркін бұлжытпай орындап, өздеріңе берілген уәдеге ие болу үшін, шыдамды болыңдар.
37Өйткені Ол өте қысқа уақыт аралығында және «Жақын арада келеді, бұған өте аз мезгіл қалды, алайда Ол ешқашан кешікпейді.
38Менің алдымда әділетті адам сеніммен өмір сүреді, егер ол жолдан тайып, адасып кетсе, онда Менің жан дүнием оған риза болмайды», - дейді Иеміз.
39Біз артқа шегініп, жолдан тайып, құрып кететіндердің қатарынан емеспіз, керісінше, біз жанымыз үшін сенімімізді сақтап қалуға тиіспіз.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.