Елшілер 19 - Zhana Osiet(NTKAZ)

1Апаллос Қорынт қаласында болған кезде, Пауыл таулы аймақтағы елді мекендер арқылы Эфеске келді. Сол жерден шәкірттердің бірнешеуін кездестірді.

2- Сендер сенімге келген кезде, Киелі Рухты қабылдадыңдар ма? -деп сұрады олардан. - Біз Киелі Рухтың бар екенін, әуелі, естіген де жоқпыз, - деп оған жауап берді.

3- Қандай шомылдырудан өттіңдер? -деп сұрады Пауыл олардан. - Жақияның суға батырып шомылдыруынан өттік, - деп жауап берді олар.

4- Жақия халықты суға батырып шомылдырған кезде, ол өзінен кейін келген Исаға сенуді, сондықтан ой-өрісті өзгертіп, тәубеге келуді айтқан болатын, - деді Пауыл.

5Олар осыны естігеннен кейін Иеміз Исаның атымен суға батырылып шомылдырудан өтті.

6Пауыл оларға қолын қойған кезде, Киелі Рух келіп қонды, сол кезде олар бөтен тілдерде сөйлеп, пайғамбарлық сөз айта бастады.

7Сол жерде, шамамен, он екі ер адам болды.

8Осыдан кейін ол синагогада уағыздады. Ол сол жерде үш ай бойы Құдай Патшалығы туралы батылдықпен айтып, оларды сенімге баулыды.

9Дегенмен, олардың арасынан кейбіреулері сенімді қабылдамай, жүректері қатайып, қасарысты, олар көптің алдына шығып, осы жолды жамандай бастады. Сонда Пауыл оларды өз жайларына қалдырып, шәкірттерді олардан бөліп алды да, олармен Тиранның мектебінде күнде кездесіп, әңгімелесіп жүрді.

10Осылайша бұл іс-әрекет екі жылға созылды, сонда бүкіл Азия аймағында тұратындардың бәрі, яһудейлер мен гректер Жаратушы Иеміздің сөзін естіді.

11Құдай Пауыл арқылы Өзінің күшін көрсетіп, оның қолымен бұрын-соңды болмаған кереметтер жасады.

12Ауырып жатқандар Пауылдың денесіне байланған орамалына немесе оның белбеуіне қолдарын тигізетін болса, ауруларынан жазылып, зұлым рухтар шығып жатты.

13Тіпті, кейбір яһудейлік кезбе сиқыршылардың өзі Иеміздің атымен зұлым рухтың жетегіндегілерге қолдарын қойып, Пауыл жариялап жүрген Иеміз Исаның атымен бұйырып, қуып шығаратын болды.

14Скеуа деген яһудейлік бас қызметкер болды, соның жеті ұлы да осылай істемекші болды.

15Сонда зұлым рух оларға: -Исаны білемін, Пауылмен де таныспын, ал сендер кімсіңдер? - деді.

16Сол зұлым рухтың жетегіндегі адам оларға қарсы шығып, күш көрсетіп, тап беріп, жеңіп кетеді, ал олар жараланып, тыр жалаңаш күйі сол үйден қашып шығады.

17Бұл оқиға туралы Эфесте тұрып жатқан барлық яһудейлер мен гректер білгенде, оларды қорқыныш биледі, Иеміз Исаның есіміне аса құрметпен қарап, дәріптейтін болды.

18Сеніммен жүргендердің көпшілігі өз еріктерімен келіп, жасаған іс-әрекеттерін ашық айтып, қателіктерін мойындады.

19Сонымен қатар, сиқыршылықпен көптен бері айналысып жүргендер жинаған кітаптарын бір жерге жинап, бәрінің көзінше оларды өртеп жіберді. Сол өртелген кітаптардың бағасын күміс ақшамен есептегенде, елу мың күміс ақша болады екен.

20Иеміздің сөзі осылай өсіп, күшейіп, кеңінен тарала берді.

21Өзіне жүктелген міндет аяқталуға жақындағанда, Пауыл рухында Македония мен Ахая аймағын аралап, одан кейін Иерусалимге барып, сосын Римді көргісі келетінін айтты.

22Содан кейін өзімен бірге қызмет етіп жүрген Тимоте мен Ерасты Македонияға жіберді де, өзі Азияға баратын ыңғайлы уақытты күтіп, сонда қалды.

23Міне, осы уақыттың арасында Иеміздің сапарына байланысты пайда болған дүрбелең аз болған жоқ.

24Деметір деген бір күміс шебері күмістен Артемида ғибадатханасының үлгісін жасап, сол арқылы жергілікті қолөнер шеберлерінің мол табыс табуларына мүмкіндік жасайтын.

25Деметір сондай іспен айналысып жүрген жұмысшыларды қасына жинап алып, оларға: -Ер-азаматтар, біздің әлауқатымыздың жағдайы осы табыс көзімен байланысты екенін өздерің білесіңдер.

26Бірақ мына Пауыл деген адам тек Эфесте емес, бүкіл Азия өңірінде халықтың көбін шатастырып, адамның қолы арқылы жасалынған мүсіндер сендердің құдайларың емес деп жүргенін өздерің естіп те, көріп те жүрген шығарсыңдар.

27Біз енді соған бола өз үлесімізден айрылып, жеккөрінішті болып қаламыз ба деген қауіп төніп тұр. Ұлы құдайымыз Артемида ғибадатханасы да түкке тұрғысыз болып, бүкіл Азия аймағы қастерлейтін оның ұлылығы осылай аяққа тапталып жатыр, - деді.

28Бұл сөзді естігендердің барлығын ашу кернеп: -Эфестіктердің ұлы Артемидасы жасасын! -деп айғайлаумен болды.

29Осылай бүкіл қалада дүрбелең басталды, жиналғандардың бәрі театрға лап қойып, Пауылға жолсерік болып жүрген Гай мен македондық Арыстарқты ұстап алды.

30Пауыл топырлаған халықтың арасына кірмек болғанда, оны шәкірттері жібермей, ұстап қалды.

31Сонда онымен дос болып жүрген Азияның кейбір басшылары оның театрға жиналғандарға көрінбеуіне кеңес берді.

32Өйткені сонда жиналғандардың біреуі бір нәрсе айтып жатса, басқалары айғайлап, мүлдем басқа нәрсені айтып, жиналған халықты одан сайын дүрліктіріп жіберді, тіпті, сонда келгендердің көбі не үшін жиналғандарын білмей шатасты.

33Сол кезде кейбір яһудейлер ұсыныс жасап, халықтың ортасына Ескендірді шығарды. Ескендір қолымен белгі беріп, халықтың алдында оларды қорғап сөйлей бастады.

34Алайда олар оның яһудей екенін біліп қойып, бәрі бір дауыспен: -Эфестіктердің ұлы Артемидасы жасасын! -деп айғайлап тұрып алды. Осы жағдай екі сағатқа созылды.

35Тек бәрі тынышталып, тыныштық орнағаннан кейін, қала басшыларының біреуі ортаға шығып халыққа: -Эфестің ер-азаматтары, осы Эфес қаласы ұлы Артемида мен көктен түскен Зевстің мүсіндеріне ғибадатхана болып, соларға қызмет етіп жатқанын білмейтін адам бар ма?

36Егер де осыған ешқандай таласымыз жоқ десеңіздер, онда сіздер тыныштық сақтап, ағаттық әрекетке бармаңыздар.

37Өйткені бұл адамдарды сіздер ғибадатхананы тонаушылар немесе біздің құдайымызға тіл тигізді деп, оларды айыптап әкелген жоқсыздар.

38Егер Деметір мен басқа шеберлердің біреуге қарсы айтатын сөзі болса, оны сотта қарап, оның шешімін шығаратын аймақ басшылары бар, олар сонда барып, бірбіріне қоятын кінәсін сонда барып айтсын.

39Егер де қоятын талаптарыңыз бұдан басқа нәрсе туралы болса, онда оны жиынға салу қажет, сонда ол заң арқылы шешіледі.

40Өйткені бүгін бүлік тудырғанымыз үшін, бізге кінәлі болып, жауапқа тартылатын қауіп төніп тұр. Бұл жиының өтуіне ешқандай себеп жоқ, сондықтан біз бұған ешбір баға бере алмаймыз, -деді. Осылай деп, жиынды таратып жіберді.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help