Салониқалықтарға 2 3 - Zhana Osiet(NTKAZ)

1Сонымен, бауырластарым, соңында айтарым-Иеміздің сөзі бізде тез таралып, сендердегі құрметтке қалай ие болса, бізде солай ие бола берсін, сол үшін де мінәжат етіңдер,

2әрі бізді де іс-әрекеттері орынсыз жаман адамдардан сақтасын, өйткені бәрінде бірдей сенім бола бермейді.

3Алайда біздің Иеміз адал, сондықтан Ол сендерді нығайтады, әрі зұлым адамнан сақтайды.

4Сендер Иемізбен байланысты болғандықтан, біз мынаған сенімдіміз: біз сендерге не бұйырсақ, соны сендер іске асырасыңдар, әрі іске асырып та жүрсіңдер.

5Ал Иеміз сендердің жүректеріңді Құдайдың сүйіспеншілігі мен Мәсіхтің бойында болған табандылыққа жетелесін.

6Бауырластарым, біз Иеміз Иса Мәсіхтің атымен сендерге мынаны бұйырамыз: өз бетімен кетіп жүгенсіз жүрген, әрі біз ұстанып жүрген ілімді қабылдамайтын бауырлардан алыс та алшақ жүріңдер.

7Себебі бізге қалай еліктеу керектігін өздерің де білесіңдер, өйткені біз өздеріңмен бірге болған сәттерде, біз ешқандай да жүгенсіздікке барған жоқпыз,

8әрі біреудің нанын тегін жеген жоқпыз, керісінше біз сендердің ешқайсыңа ауыртпалық түсірмеу үшін күнітүні қажырлы еңбек еттік.

9Алайда біз соған бізде билік болмағандықтан барған жоқпыз, керісінше біз сол әрекетке сендерді өзімізге еліктету үшін, әрі біз өзімізді-өзіміз сендрге үлгі ретінде көрсету үшін бардық.

10Өйткені біз өздеріңмен бірге болған кезде, егер де кім де кім жұмыс істемейтін болса, сол тамақ ішпей-ақ қойсын деп бұйырған едік.

11Ал енді біз сендердің араларыңда кейбіреулердің жұмыс істемей бос жүретіні туралы, сөйтіп басқалардың істеген жұмысына араласа беретіні жайлы естіп отырмыз,

12сондайларға Иеміз Иса Мәсіхтің атынан беретін бұйрығымыз бен өтінішіміз мынау: олар ешкімге кедергі жасамай тыныш жүрсін, өздері еңбек етіп өз нандарын өздері тауып жейтін болсын.

13Ал енді, бауырластар, өздеріңе келсек, сендер жақсылық жасаған сәтте жабырқап, еңселеріңді түсірмеңдер.

14Ал егер де біреу біздің сендерге жазған хаттағы сөздерді тыңдамайтын болса, оған ескерту болсын, оны ұялту үшін онымен жақын араласпаңдар,

15бірақ оған жау ретінде емес, керісінше оған бауырларың ретінде қарап, оны ақылмен жолға салыңдар.

16Ал енді біздің Иеміздің Өзі тыныштықтың Иесі болғандықтан, Ол сендрге әр кезде, әртүрлі жолмен сендерге Өзінің тыныштығын сыйлай берсін. Иеміз сендердің әрқайсыларыңмен бірге бола берсін!

17Мен, Пауыл, өз қолыммен сәлемдеме ретінде жазған хаттарымда мынандай белгі бар, мен оны былай деп жаздым:

18біздің Иеміз Иса Мәсіхтің рақымы әрқайсыларыңмен бірге!

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help