Аян 2 - Zhana Osiet(NTKAZ)

1Ефестегі қауымның періштесіне былай деп жаз: «Жеті жұлдызды Оң қолында ұстап, жеті алтын шырағданның ортасында жүрген Билеуші саған былай дейді:

2Мен сенің жасаған істеріңді де, атқарған еңбегіңді де, көрсеткен табандылығыңды да білемін. Сенің зұлымдық жасайтындардың әрекеттерін көтере алмайтыныңды да білемін. Сен өздерін Мәсіхтің елшілеріміз дегендерді сынап, тексердің, шындап келгенде, оларды өтірікші деп таптың.

3Сонымен қатар, сенде төзімділік те бар, өйткені сен Менің атыма бола талмай еңбек етіп, көп жағдайларды басыңнан өткіздің.

4Бірақ Менің саған деген мынадай наразылығым бар: сен өзіңнің ең алғашқы сүйіспеншілігіңді жоғалттың.

5Сондықтан Сен өзіңнің қандай биіктен төмен қарай құлдырағаныңды есіңе түсіріп, ой-өрісіңді өзгертіп, тәубеге кел, содан кейін алғашқы ісіңді қайтадан баста. Егер де осылай істемейтін болсаң және ой -өрісіңді өзгертіп, тәубеге келмесең, онда Мен келіп, сенің шырағданыңды орнынан қозғап, алып тастаймын.

6Алайда сен мынаны дұрыс істейсің: Мен жеккөретін николайттардың іс-әрекетін сен де жеккөресің.

7Сондықтан құлағы барлар, Рухтың қауымдарға айтқан сөзін тыңдап, естеріне сақтап алсын! Жеңімпаз адамға Мен Құдайдың бағында өсіп тұрған өмір ағашының жемісінен жеуге мүмкіндік беремін!»

8-Ізмір қауымының періштесіне былай деп жаз: «Саған Алғашқы және Ақырғы, өліп, кейін өлімнен қайта Тірілгеннің Өзі былай дейді:

9Мен сенің тартқан азабың мен кедейшілігің жайында білемін, алайда сен кедей емессің, байсың! Сен өздерін яһудейміз дегендердің балағат сөздерін естідің, олар -сайтанның жиналатын ордасы, басқа ештеңе емес.

10Алдағы уақыттарда басыңа түсетін азаптардың ешқайсысынан қорықпа. Жақында сайтан сендерді сынау үшін, араларыңдағы кейбіреулерді абақтыға қаматады, ол жерде он күн азап шегесіңдер. Бірақ өлімге дейін адал бол, сонда Мен саған өмірдің тәжін беремін.

11Сондықтан құлағы барлар, Рухтың қауымдарға айтқандарын тыңдап, естеріне сақтап алсын! Кім жеңімпаз болса, сол екінші өлімнен зиян шекпейді».

12-Перғам қауымының періштесіне былай деп жаз: «Аузында екі жүзді, өткір семсері Бар саған былай дейді:

13Мен сенің қандай жерде тұрып жатқаныңды білемін. Сен сайтанның тағы орналасқан жерде тұрып жатсаң да, Менің атымды берік ұстанып келесің. Менің сенімді куәгерім Антипа сол жерде өлтірілсе де, сен Маған деген сеніміңнен бас тартпадың, ол сол қалада өлтірілді, ол жер сайтанның мекеніне айналды.

14Алайда Менің саған деген мынадай наразылығым бар: сол жерде Балағамның ілімін ұстанып жүргендер бар. Кезінде олар Балақты азғырып, оған Исраилдің ұлдарын теріс жолға түсіріп, азғындық жасауға, оларға жалған тәңірдің етін жеуге итермелеген болатын.

15Сонымен қатар, сендердің орталарыңда николайттардың ілімін де дәл солай ұстанатындар бар.

16Сондықтан ақыл-ойыңды өзгертіп, тәубеге кел! Егер солай істемейтін болсаң, Мен саған жақын арада қайтып келемін, сонда Мен аузымдағы семсермен оған қарсы шайқасатын боламын!

17Құлағы барлар, Рухтың қауымға айтқандарын тыңдап, естеріне сақтап алсын! Жеңімпазға Мен жасырын түрде манна беремін, сонымен қатар, Мен оған ақ тасты да беремін, сол ақ тасқа ешкім білмейтін жаңа есім жазылмақ, ол есімді сол ақ тасты қабылдап алған ғана білетін болады!».

18-Тиатир қауымының періштесіне былай деп жаз: «Көздері оттай жалындаған әрі аяқтары Ливанның мысына ұқсаған Құдайдың Ұлы былай дейді:

19Мен сенің атқарған істерің мен сүйіспеншілігің туралы, сенімің мен жасап жатқан қызметің жайында, танытқан төзімділігің жөнінде де білемін. Соңғы атқарған ісіңнің алғашқы ісіңнен де анағұрлым мол екенін де білемін.

20Бірақ Менің саған деген мынадай наразылығым бар: сен Изабел деген әйелдің өзін пайғамбар деп атауына жол бердің. Ол Менің құлдарымды алдап, теріс жолға түсірді, сөйтіп, олар азғындық жасап, жалған тәңірге арналған құрбандықтан жеді.

21Мен оған уақыт бердім, ол соған дейін ой-санасын өзгертіп, тәубеге келуі тиіс еді, алайда оның азғындықтан бас тартатын, ой -санасын өзгертіп, туәбеге келетін ниеті болған жоқ.

22Онымен бірге азғындыққа берілгендер, неке адалдығын бұзып, азап шеккендер өте көп, сондықтан егер де ол өзінің ой-санасын өзгертіп, тәубе етпейтін болса, Мен оны жуық арада аурудан төсек тартқызатын боламын.

23Сонымен қатар, оның балаларын да өлімге қиюға мәжбүр боламын, сонда барлық қауымдар адамның жан дүниесі мен жүрек түкпірін зерттейтін Мен екенімді және әрқайсысыңның жасаған іс-әрекеттеріңе сай, Мен сендерге қарымталарыңды қайтаратынымды білетін болады.

24Енді Тиатирде тұрып жатқан басқаларға және мұндай ілімнің барын білмейтіндерге, сайтанның ойының тереңінде не жатқанын түсінбейтіндерге былай деймін: Мен сендердің бастарыңа бұдан былай ауыртпалық түсірмеймін,

25алайда Мен қайтып келгенше, қолдарыңда барға адал болып, сақтап қалыңдар.

26Жеңімпазға және Менің істерімді (еркімді) ақырына дейін сақтап қалатындарға Мен халықтардың үстінен жүргізетін билік беремін,

27сонда «олар сол халықтарды қыш ыдыстарды сындырғандай, күл-талқанын шығаратын темір таяқпен бағады».

28Мен Өз Әкемнен таңғы жұлдызды қалай алсам, оларға да солай оны беремін.

29Құлақтары барлар, Рухтың қауымдарға айтқанын тыңдап, естеріне сақтап алсын!

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help