Ефестіктерге 2 - Zhana Osiet(NTKAZ)

1Бір кездері сендер өздерің жасаған қылмыстар мен күнәлардың кесірінен өлілердің қатарында болдыңдар,

2Сол кезде сендер де әуе кеңістігінде мекендеуші рухтардың, осы әлемді билеп-төстеуші (зұлым күштер) билеушілерінің, яки, күні бүгінге дейін Құдайға мойынсұнбай, Оған қарсы тұратындардың бойында әрекет ететін сайтанның бұйрығымен әрекет еттіңдер.

3Бұрын бәріміз де солардың қатарында болдық, біз де тәндік құмарлықтарға беріліп, табиғатымызға сай тәніміз бен санамызға жат ойлардың қалауын орындадық. Басқалар сияқты біз де Құдайдың қаһарына ұшырағандардың қатарында болдық.

4Алайда Құдай өте мейірімді болғандықтан, Ол Өзінің шексіз сүйіспеншілігімен бізді жақсы көріп,

5өзіміздің сол жасаған қылмыстарымыздың кесірінен өлі болған біздерді Құдай Мәсіхпен бірге қайта тірілтіп алды. Сонымен, сендер Оның рақымының арқасында құтқарылдыңдар.

6Құдай бізді Иса Мәсіхпен бірге қайта тірілтіп алған соң, Иса Мәсіхпен бірге көкте өмір сүретіндердің қатарына апарып отырғызды.

7Ол осы арқылы келер ұрпаққа Өзінің рақымының қаншалықты ағыл-тегіл мол екенін және Иса Мәсіхтегі бізге де сол игі істің қандай қатысы бар екенін көрсетті.

8Сендер Оның рақымымен сенім арқылы құтқарылдыңдар, бұл өздеріңнен келген әрекет емес, Құдайдың берген сыйы.

9Сондықтан бұған ешқандай да бір іс-әрекеттің қатысы жоқ, сондықтан ешкім еш нәрсемен мақтана алмайды.

10Ол-Жаратушы Ие, біз-Оның жаратқан жаратылысымыз, біз Мәсіх Исамен бірігу арқылы жаратылдық, ендігі міндетіміз-Құдайдың алдын ала белгілеп қойған игі істерін орындау.

11Өздеріңе тәндік тұрғыдан қарайтын болсаңдар, кезінде сендер де өзге ұлттың өкілдері болғандарыңды естеріңде түсіріңдерші. Сонда тәнін қолмен сүндеттеп жүргендер сендерді «сүндеттелмегендер» деп атайтын.

12Себебі сендер сол уақытта Мәсіхсіз болдыңдар әрі Құдайдың Өз уәделеріне сай Исраил халқына берген келісімдерінен тыс қалдыңдар, үмітсіз әрі Құдайсыз болып, осы әлемнің салтына сай өмір сүрдіңдер.

13Ал қазір енді сендер Мәсіх Исамен бірліктесіңдер, бір кездері Одан алыс болсаңдар, енді Мәсіхтің төгілген қаны арқылы Оған жақындадыңдар.

14Біздің татуластырушымыз-Мәсіх, өйткені Ол екі ортаны бөліп тұрған қабырғаны Өзінің денесімен бұзды, екі жақтағы өшпенділікті талқандап, екеуін біріктірді.

15Заңда берілген ережелер мен нұсқаулардың күшін жойды, екі жақты Өзімен байланыстырып бекітіп, екеуінен бір жаңа адам жасап шығарып, екі жаққа бірдей тыныштық орнату үшін,

16екі жақтағы екі денеден айқыш арқылы бір дене жасап шығарды да, оларды өзара Құдаймен татуластырып, екі ортадағы өшпенділікті жойып, алып тастады.

17Ол келіп, татулықтың Ізгі хабарын алыстағы сендерге де, жақында жүрген біздерге де жариялады.

18Енді біз Әкеге тек Ол арқылы бір Рухта жүріп жақындай аламыз.

19Сондықтан енді сендер не жат жерлік немесе келімсек емессіңдер, керісінше, киелілердің қатарына кіріп, олармен отандас әрі Құдайдың отбасының мүшесі болдыңдар.

20Құдайдың отбасының іргетасын пайғамбарлар мен елшілер қалаған болатын, ал сол құрылыстың негізгі іргетасы -Иса Мәсіхтің Өзі, сендер де енді Соған қаланып жатырсыңдар.

21Міне, сол негізгі іргетастың үстіне салынған құрылыс бірте-бірте өсіп, Иеміздің Киелі үйіне айналмақ.

22Сол үйге сендер де Иемізбен бірге қаланып жатқандықтан, сол жерде Құдайдың Рухы мекендейтін болады.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help