Қорынттықтарға 1 11 - Zhana Osiet(NTKAZ)

1Мен Мәсіхке қалай еліктесем, сендер де солай еліктеңдер.

2Менің өздеріңе тапсырған тәлімімді естеріңде сақтап, қолданып жүргендерің үшін, сендерді мақтап жүремін.

3Мына нәрсені біліп алғандарыңды қалаймын: әрбір еркектің басы-Мәсіх, әйелдің басы-күйеуі, Мәсіхтің басы Құдай.

4Кез-келген еркек басын жауып мінәжат етсе немесе басын жауып пайғамбарлық сөз айтатын болса, онда ол өз қадірін өзі кетіреді.

5Кез-келген әйел басын жаппай мінәжат етсе не болмаса пайғамбарлық сөз айтатын болса, онда ол өз қадірін өзі түсіреді. Бұл оның басындағы шашын тақырлатып алып тастағанмен бірдей.

6Егер әйел адам басын жаппайтын болса, онда шашын тақырлап алып тастасын, егер де әйел адам шашын тақырлап алып тастағанды (тақырбас болып жүргенді) ұят деп санаса, онда басын орамалмен жауып жүрсін.

7Ер адам басын жауып жүруге міндетті емес, өйткені ер адамның бойынан Құдайдың бейнесі мен даңқы көрінеді. Әйел адам күйеуінің даңқы болып табылады.

8Өйткені ер адам әйелден емес, керісінше, әйел ер адам арқылы пайда болды,

9ер адам әйел үшін емес, әйел ер адам үшін жаратылған.

10Міне, сондықтан да әйел адамның міндеті өзінің биліктің астында жүргенін періштелерге білдіру үшін, басын жауып жүруі тиіс.

11Алайда Иемізбен бірлікте әйел адам ер адамсыз немесе ер адам әйел адамсыз (бір-бірінен тәуелсіз) бола алмайды.

12Себебі әйел ер адамнан жаратылса, ер адам әйел арқылы жаратылған, бірақ бәрін Құдай жаратқан.

13Өздерің ойланып қараңдаршы, егер әйел адам Құдайға мінажат еткен кезде, басын орамалмен жаппаса, бұл оған жараса ма?

14Егер ер адам шашын жалбыратып, ұзын етіп өсіріп жіберсе, онда айналаның өзі-ақ оны қадірсіз, масқара етіп көрсетпей ме?

15Егер де әйел өзінің шашын өсіретін болса, онда бұл оның әдемі көркі емес пе? Әйелге берілген сол шаш, оның басын жабатын жамылғы болып табылады.

16Кімде-кім осы жайлы талас-тартыс тудыратын болса, оларға айтарымыз мынау: мұндай әдет-ғұрып біздің де, Құдайдың да қауымдарында болған емес.

17Алайда бұл берілген нұсқау ғана, бірақ сендердің іс-әрекеттеріңді жақсы деп мақтай алмаймын, керісінше, сендер жаман нәрселерді істеу үшін жиналатын сияқтысыңдар.

18Өйткені сендер қауым болып алғаш жиналып жүрген кезде, сендердің араларыңда жікке бөлінудің бар екенін естідім. Осы жағдайдың ішінара болғанына мен сенемін.

19Сендердің сенімдеріңнің берік екенін анықтау үшін, осындай әр түрлі ой-пікірлер араларыңда айтылуы қажет.

20Сонымен қатар, сендер бірге жиналған кезде, Иемізге арналған кешкі асты да бірге отырып ішіп-жемейді екенсіңдер.

21Әркім өзі әкелген тамағын жеке бөлініп, басқалардан бұрын жеп алады екен, кейбіреуі аш қалып, басқа біреулері мас болып жүреді екен.

22Сонда қалай болғаны? Өз үйлеріңде ішіп-жейтін тамақтарың жоқ па? Әлде Құдайдың қауымын соншама жеккөргендіктен, ішуге тамағы жоқтарды ұялтайын дедіңдер ме? Енді сендерге не десем екен? Мақтайын ба? Жоқ! Бұл әрекеттерің үшін сендерді мақтай алмаймын.

23Мен Иемізден нені қабылдасам, соны сендерге табыстадым. Иеміз ұсталатын түні нанды алып,

24алғысын айтып болған соң, одан шәкірттеріне үзіп беріп: «Бұл -сендер үшін берілген Менің денем, Мені еске алу үшін енді осылай істеңдер», - деген болатын.

25Дәл солай кешкі астан кейін тостағанды алып: «Мына тостаған-Менің қаныммен бекітілген Жаңа Келісім. Мені естеріңе алу үшін, үнемі осылай істеңдер», -деген болатын.

26Сонымен, егер де сендер үнемі осы нанды жеп, осы тостағаннан ішкен сайын, Иеміздің өз уақытында қайтып келетін кезге дейін, Оның өлімін жариялайтын боласыңдар.

27Егер де кімде-кім сол нанды лайықсыз түрде жеп, сол тостағаннан лайықсыз түрде ішетін болса, онда ол Иеміздің денесі мен қанына қарсы күнә жасайды.

28Сол үшін әрбір адам ең алдымен өзін-өзі тексерсін, содан кейін ол сол нанды жесін әрі сол тостағаннан ішетін болсын.

29Өйткені нан жеп, тостағаннан ішкен адам Исаның денесіне аса мән бермей, нан жеп, тостағаннан ішетін болса, ол өз-өзіне үкім шығарады.

30Сол себепті де сендердің көпшілігің ауру әрі әлсізсіңдер, көбісі қайтыс болып кетті.

31Егер біз өзімізді-өзіміз сынап, тексеріп отырсақ, онда біз сотталмас едік.

32Біз Иеміздің тәрбиесінде болу үшін сотталдық, сондықтан біз осы әлемнің сотына ілікпейміз.

33Бауырластар, ас ішуге жиналғанда, бір-біріңді күтіңдер.

34Егер кім аш болса, жиналғандардың үкіміне ілікпес үшін, тамағын үйінен ішіп келсін. Ал қалған нұсқауды өздеріңе барған кезде берермін.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help