Елшілер 18 - Zhana Osiet(NTKAZ)

1Осыдан кейін ол Афинадан шығып, Қорынт қаласына келді. Сол жерден

2Понтидің тумасы, жақында ғана Италиядан келген Ақила деген яһудей мен Прискила есімді әйелді тауып алды. Клавдийдің барлық яһудейлер Рим қаласынан шықсын деген бұйрығынан кейін, олар өз мекендерін тастап, осында келген болатын, Пауыл соларға барды.

3Олардың жасап жүрген кәсіптері бірдей болатын, сондықтан Пауыл олардың қасында жұмыс істеуге қалды, олардың кәсіптері шатыр жасау еді.

4Сонымен қатар, ол әр сенбі сайын синагогаға барып, яһудейлер мен гректерді сөзге тартып, сөйлесіп, оларды сендіруге тырысатын.

5Македониядан Сыйлас пен Тімоте келгеннен кейін, Пауыл уақытын Құдай сөзін айтуға арнап, яһудейлерге Исаның Мәсіх екеніне дәлелді куәліктер келтірді.

6Олар Пауылға қарсы шығып, тіл тигізе бастағанда, ол киімін оларға қарай сілкіп: -Өз қандарың мойындарыңа артылатын болады! Менің арым таза. Енді мен қазірден бастап, өзге ұлт өкілдеріне барамын, - деді.

7Ол сол жерден шығып, үйі синагогаға тиіп тұрған Тит Иуст деген адамның үйіне барды. Ол да Құдайды қастерлейтін еді.

8Синагога басшысы Крисіптің үй іші де түгелімен Жаратушы Иеге сенді. Пауылды тыңдаған қорынттықтардың көбі Иеміз жайында естіп, Оған сеніп, суға батырылып шомылдырудан өтті.

9Түн ортасында Жаратушы Ие Пауылға көрініс арқылы (аян беріп) былай деді: - Қорықпа! Тоқтамай айта бер!

10Мен Сенімен біргемін, ешкім де саған қиянат жасай алмайды, себебі бұл қаладағылардың көбі-Менің халқым, -деді.

11Сонымен, Пауыл сол жерде қалып, оларды бір жыл алты ай бойы Құдайдың сөзіне үйретті.

12Ахая аймағын Галлион басқарып тұрған кезде, яһудейлердің барлығы Пауылға қарсы шығып, оны соттың алдына апарды да,

13былай деді: -Бұл адам Заңды ұстанбай-ақ Құдайды қастерлеуге болады деп, Заңға қарсы шығып, адамдардың арасына іріткі салып жүр, - деді.

14Пауыл енді аузын ашып, енді сөйлемек болғанда, Галлион яһудейлерге былай деді: -Ей, яһудейлер, егер де ол бір әділетсіздік істесе немесе бір алаяқтық, немесе бір зұлым іс-әрекет жасаған болса, онда мен сендердің айтқандарыңды тыңдар едім.

15Бірақ сендердің мына дау-дамайларың тек өздеріңнің Заңдарыңа байланысты болғандықтан, мен бұған төреші бола алмаймын, оны өз араларыңда шешіңдер.

16Осылай деп, оларды үкім шығарып, сот жүргізетін орыннан қуып шықты.

17Сонда олар синагога басшысы Состенді ұстап алып, бәрі оны сот үкім шығаратын орынның алдында жабылып ұрып тастады, Галлион бұған ешқандай мән бермеді.

18Пауыл біраз күн сонда қалды, сосын бауырластармен қоштасып, кемемен Сирияға жүзіп кетті. Прискила мен Ақила да онымен бірге кетті. Пауыл Кеніхреяға келгенде, Құдайға берген уәдесі бойынша, шашын алдыртып тастады.

19Эфеске келгенде, ол Прискила мен Акиланы сол жерде қалдырып, өзі синагогаға барып, сол арадағы яһудейлермен сөйлесті.

20Олар Пауылдың өздерімен бірге біраз болуын қалап, өтініш білдірді, бірақ ол келіспеді.

21-Құдай қаласа, сендерге тағы да келемін, -деді олармен қоштасып, сосын Эфестен кемемен шығып,

22Кесариядан бірақ түсті, Иерусалимге келіп, қауымдағылармен амандасып, одан Антақияға кетті.

23Сол жерде біраз уақыт үзіліс жасап, одан шығып Ғалатия мен Фүргия елді мекендерін бірінен кейін бірін аралап, сонда қалған шәкірттердің бәрін нығайтты.

24Осы кезде Александрия қаласының тумасы әрі сөзге шешен, Жазбаны өте жақсы білетін Аполлос деген яһудей Эфеске келді.

25Ол Иеміздің жолы туралы аз білетін, бірақ сөйлеген кезде Рухтың жетегімен жалындап сөйлейтін. Оның білетіні тек Жақияның суға батырып шомылдыруы туралы болатын, соның өзінде ол Иса туралы тәлім бергенде нақты айтатын.

26Міне, Аполлос синагогадағы адамдарға батыл уағыздай бастады, Прискила мен Ақила оны тыңдағаннан кейін, өздеріне шақырып алып, Құдайдың жолы туралы тереңірек үйретіп, нақтылап түсіндіріп берді.

27Бір кездері Апаллос Ахая аймағына да бармақшы болды, сонда оны бауырластар да қолдап, сол жақтағы шәкірттерге хат жазып, олардан Аполлосты қабылдауларын сұрады. Апаллос барған соң, сол жердегі Құдайдың рақымымен сенімге келген сенушілерге көп көмек көрсетті.

28Ол халықтың алдында яһудейлерді әшкерелеп, қайтпас қайсарлықпен Жазба арқылы Исаның Мәсіх екенін оларға дәлелдеп берді.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help