1Осыдан кейін мен Тоқтының жеті мөрдің біреуін *сындырып, ашып жатқанын көрдім, сол кезде төрт жануардың бірінің қатты дауыстап: -Бері кел! -дегенін естідім.
2Мен қараған кезде ақ боз атты көрдім, оның үстінде қолында садағы бар біреу отырды, оған жеңімпаздың тәжі берілді, ол жеңіске қол жеткізбек болып, сол жерден жеңімпаз сияқты шығып кетті.
3Бұдан кейін Тоқты екінші мөрді ашты, сол кезде екінші жануардың да: - Бері кел! - дегенін естідім.
4Міне, сол кезде от түстес бір қызыл ат шықты. Оның үстінде отырғанға адамдар бірін-бірі өлтіріп, қырыпжоятын, сөйтіп, жер бетін бейбітшіліктен айыратын қылыш берілді.
5Тоқты үшінші мөрді ашқан кезде, мен үшінші жануардың даусын естідім, ол да: -Бері кел! -деді. Сонда түсі қара бір ат келді, оның үстінде отырғанның қолында өлшейтін таразы бар екенін көрдім.
6Сол сәтте мен төрт жануардың арасынан шыққан мынадай дауысты естідім, сол дауыс: -Бір күндік азық болатын бидайдың өлшемі бір килограмм, құны-бір динарий, ал бір күнге азық болатын арпаның өлшемі үш килограмм, құны бір динарий болсын, ал май мен шараптың өлшеміне зиян келтірме, - деді.
7Тоқты төртінші мөрді ашқан кезде, мен төртінші жануардың: - Бері кел! - деген даусын естідім.
8Сол кезде мен түсі сұп-сұр бір боз атты көрдім, оның үстінде отырғанның есімі Өлім деп аталатын, оның артынан тозақ еріп жүрді. Оларға жердің төрттен бір бөлігін қылышпен, ашаршылықпен, індетпен және жыртқыш аңдардың шабуылы арқылы өлтіретін билік берілді.
9Тоқты бесінші мөрді ашқан кезде, мен құрбандық үстелінің аяқ жағынан Құдайдың сөзі үшін және өз өміріндегі куәліктері үшін құрбан болған адамдардың жанын көрдім.
10Сол сәтте олар қатты дауыстап: -Киелі де шынайы Иеміз, Сен жер бетіндегі адамдардан біздің төгілген қанымыздың құнын қашан талап етесің? - деп сұрады.
11Сол сәтте олардың әрқайсысына аппақ киім берілді, содан кейін өздерінің бауырластары және бірге қызмет еткен серіктестері де олар секілді өлімге дайын болып, олардың ортасын толтырғанша, әлі де біраз уақыт күту қажет екені айтылды.
12Осыдан кейін мен Тоқтының алтыншы мөрді ашып жатқанын көрдім, сонда кенеттен қатты жер сілкінісі болып, күннің бетін қаралы киіммен жапқандай қап-қара болып кетті, айдың түсі қып-қызыл қан секілді қызарды.
13Аспандағы жұлдыздар қатты дауылдан шайқалып, піспей үзіліп түскен інжір ағашының жемістері секілді жерге түсіп жатты.
14Аспан шиыршық кітап секілді оралып, көзден ғайып болды, әрбір тау, әрбір арал тұрған орындарынан жылжытылды.
15Сол кезде жер бетіндегі патшалар да, жоғарғы дәрежелі ақсүйектер мен мыңбасылар да, шіріген байлар мен өздерін мықты санап жүргендер де, әрбір құл мен еріктілер де үңгірлер мен таулы жартастарға жасырынды.
16Олар таулар мен жартастарға: «Біздің үстімізге құлаңдаршы, бізді тақта Отырғанның және Тоқтының қаһарынан жасыра көріңдерші!» - деп жалынды.
17Олардың қаһарын төгетін өте ауыр күн туды, бұған кім төзе алады?
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.