Римдіктерге 8 - Zhana Osiet(NTKAZ)

1Енді Иса Мәсіхпен байланыстағыларға қазірден бастап ешқандай айып тағылмайды,

2өйткені Иса Мәсіхтің Рухымен берілетін өмір заңы сені күнәнің заңы мен өлімнің құрсауынан босатып алды.

3Заңның күші біздің күнәкар болмысымызды жеңуге қабілетсіз болғандықтан, Құдай Өзінің Ұлын адамның күнәкар тәніне ұқсас етіп жіберіп,Оның тәнін біздің күнәларымыздың құрбандығы етті де, күнәні соттады.

4Сөйтіп, біздің заң талаптарын орындайтын іс-әрекетіміз тәніміз арқылы емес, Рухтың жетегімен болғанын қалады.

5Тәннің қалауымен өмір сүретіндер тәннің қамын ойлайды, Рухпен өмір сүретіндер Рухтың қамын ойлайды.

6Алайда күнәкар болмыстан келетін ой-өріс өлімге әкеледі, ал Рухтан келетін ой-өріс өмір мен тыныштыққа әкеледі.

7себебі, күнәкар болмыстан келетін ой-өріс Құдайды жау ретінде көреді, сондықтан ол Құдайдың заңына бағынбайды, бағына да алмайды,

8сондықтан күнәкар болмыспен өмір сүретіндер Құдайға жақпайды.

9Егер де тек Құдайдың Рухы өздеріңмен бірге өмір сүріп жатса, онда сендер Рухтың жетегіндесіңдер. Егер кімдекім Мәсіхтің Рухымен болмаса, сол Мәсіхтікі емес.

10Егер де Мәсіх өздеріңмен бірге болса, онда сол дене күнә үшін өлді, ал Оның Рухы әділетті болу үшін тірілді.

11Сонымен, егер де Исаны өлімнен қайта тірілткен Құдайдың Рухы сендермен бірге өмір сүріп жатқан болса, онда Мәсіхті өлімнен қайта тірілткен Құдайдың сол Рухы сендердің де ажалды денелеріңді Өзінің Рухымен қайта тірілтіп алады.

12Сондықтан да бауырластар, біз күнәкар болмысымызға да, күнәкар өмірімізге де қарыздар емеспіз,

13ал егер күнәкар болмыспен өмір сүріп жатқан болсаңдар, онда (рухани) өлуге дайындала беріңдер, ал егер Рухтың жетегінде жүріп, тәннің күнәкар іс-әрекетін Рухтың көмегімен өлтіретін (тоқтататын) болсаңдар, онда өмір сүресіңдер.

14Кімдер Құдайдың Рухының жетелеуімен жүретін болса, солар-Құдайдың шынайы балалары.

15Себебі біз қорқыныштың рухын қайтадан қабылдаған жоқпыз, керісінше: «Авва! Әке!» -деп дауыстай алатын, балалары етіп асырап алған Рухты қабылдадық.

16Сондықтан осы Рух Құдайдың балалары екенімізді біздің рухымызға растайды.

17Егер Құдайдың балалары деп атансақ, (Иса Мәсіх сияқты) біз де Оның мұрагерлеріміз, Құдайдың мұрагері болғандар Онымен бірге азап шегіп, Мәсіхтің де мұрагері атанады, осылайша біз де Онымен бірге даңққа бөленетін боламыз.

18Қазіргі уақытта көріп жатқан азаптарымыз бізді болашақта күтетін даңқпен салыстырғанда түкке де тұрмайды деп ойлаймын.

19Өйткені тіршіліктің өзі де Құдайдың балалары арқылы келетін ашықтыққа (аян болатын) үміт артып, оны тағатсыздана күтеді.

20Себебі тіршілік бос қарбалас күйге өз еркімен емес, керісінше, Бағындырушының еркімен бағынған болатын.

21Құдайдың балалары ретінде іріп-шірудің құлдығынан босап, сол бір даңқты бостандыққа ие болу үміті бар.

22Сонымен қатар, осыған дейінгі тіршіліктің бәрі де бізбен бірге қиналып, қазірдің өзінде азап шегіп жатқанын біз білеміз.

23Тек ол ғана емес, Құдайдың алғашқы сыйы ретінде Рухына ие болған біз де Құдайдың толық асырап алып (қабылдап), тәніміздің бостандық алатын кезін үмітпен күтудеміз және іштей қиналудамыз.

24Осы үмітпен біз құтқарылдық. Егер үміт көзге көрінетін болса, онда ол үміт болмас еді. Көзге көрініп тұрған нәрсе қалай үміт болады?

25Біз көрінбейтін нәрсеге үміт артамыз, сондықтан оны шыдамдылықпен күтеміз.

26Сонымен қатар, Рух-біздің барлық әлсіздігіміздің көмекшісі. Біз қалай мінәжат ету керек екенін де білмейміз, алайда біздің айта алмаған күйзелісіміздің өтінішін сол Рух жеткізеді.

27Жүректің қалауын зерттеуші Рух болғандықтан, сенің ойыңның қандай екенін біледі, өйткені Рух Құдайдың еркіне сай, Оның қасиеттілері үшін өтінеді.

28Сонымен қатар, біз Құдайды сүйетіндер мен Өзінің шақырып алғандарының ниетіне сай, барлық нәрсе жақсылыққа айналатынын білеміз.

29Өйткені Ол алдын ала оларды білді, сөйтіп, Өзінің Ұлы Иса Мәсіхтің бейнесіне олардың ұқсас болғанын және Оның барлық бауырларының Тұңғышы болғанын қалады.

30Сөйтіп, кімді алдын ала белгілесе, Ол соларды Өзіне шақырып алды, шақырып алғандарды ақтап алды, сол ақтап алғандарын даңққа бөледі.

31Бұл туралы біз не айта аламыз? Егер Құдайдың Өзі бізді жақтап тұрса, кім бізге қарсы тұра алады?

32Құдай біз үшін Өзінің Ұлын аямай, Оны бәріміз үшін құрбандыққа берді, Ол сонда Ұлымен бірге бізге қажеттінің бәрін сыйлай алмай ма?

33Құдай Ақтаушы болса, онда Құдайдың Өзі таңдап алғандарына кім қарсы айып таға алады?

34Сонда соттаушы кім? Мәсіх Иса өлген соң, Ол таңғажайып жолмен өлімнен қайта тірілді. Ол Құдайдың оң жағына барып отырды, Ол сол жерде отырып, біз үшін Құдайдан өтінеді.

35Кім бізді Құдайдың осы сүйіспеншілігінен ажырата алады? Қайғы мен қасірет пе? Қудалау ма? Аштық пен жалаңаштық па? Қауіп-қатер мен семсер ме?

36«Сен үшін бізді күн сайын құрбандыққа арналған қой секілді өлімге қиюда», - деп жазылған.

37Әйтсе де біз осының барлығын бізді Сүйетіннің сүйіспеншілігі арқылы жеңетін боламыз.

38Сондықтан мен мынаған сенемін: өлім де, мына өмір де, періштелер де, жаратылыстың басы да, қазіргі кез де, болашақ та, зұлым күштер де,

39қандай да бір биіктік те, тереңдік те, басқа бір жаратылыс болсын, бізге Иса Мәсіх арқылы берілген Құдайдың сүйіспеншілігінен ешқашан ажырата алмайды.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help