Қорынттықтарға 1 15 - Zhana Osiet(NTKAZ)

1Бауырластар, мен өздеріңе уағыздаған Ізгі хабарды қалай қабылдаған болсаңдар, сонымен нық тұруларыңды естеріңе салғым келеді.

2Сендерге жариялаған Ізгі хабардың сөзін берік ұстансаңдар, сол арқылы құтқарыласыңдар, егер олай болмаса, сенімдеріңнің бекер болғаны.

3Сол Ізгі хабарды алдымен мен өзім қабылдадым, содан кейін сендерге жеткіздім, Жазбада жазылғандай, Мәсіх біздің күнәларымыз үшін өлді.

4Ол қабірге қойылды, үшінші күні Жазбаға сәйкес өлімнен қайта тірілді.

5Сосын Ол Петрге, кейін Өзінің он екі шәкіртіне көрінді.

6Одан кейін бір мезетте бірден бес жүзден аса бауырластарымызға көрінді. Олардың көбі әлі тірі, кейбіреулері қайтыс болды.

7Мәсіх одан соң Жақыпқа, кейін елшілердің бәріне көрінді,

8бұдан кейін Ол құрсақтан түскен түсік сияқты болған маған да бәрінің соңында келіп көрінді.

9Елшілердің арасындағы ең елеусізі мен болдым, елші деп аталуға лайық емес едім, өйткені мен Құдайдың қауымын қудаладым.

10Алайда Құдайдың рақымдылығының арқасында кім болсам да, қазір мен бармын. Оның мендегі сол рақымдылығы бекерден-бекер болған жоқ, мен барлығынан көп еңбектендім, бірақ өзім емес, мені Өзімен бірге жетелеп жүрген Құдайдың рақымы еңбек етті.

11Сонымен, мейлі, мен болайын немесе олар болсын, айырмашылық жоқ. Ең маңыздысы-біздің уағыздап жүргенімізге сендер сендіңдер.

12Егер де Мәсіхтің өлімнен қайта тірілгені туралы уағыздалып жатса, кейбіреулерің өлгендер қайта тірілмейді деп қалай айта аласыңдар?

13Егер де өлгендер қайта тірілмейтін болса, онда Мәсіх те қайта тірілген жоқ.

14Ал Мәсіх қайта тірілмеген болса, онда біздің айтып жүрген уағызымыз да, сендердің сенімдерің де бекер болғаны.

15Онда біз де Құдайдың алдында жалған куәгер болып саналар едік, өйткені біз Мәсіхті Құдай өлімнен қайта тірілтіп алды деп жариялап, Оған қарсы куәлік айтқан болып жүрміз, Құдай Оны өлімнен қайта тірілтпеген болса, онда өлгендер де қайтадан тірілмейтін болады.

16Өлгендер қайта тірілмейтін болса, онда Мәсіхтің де өлімнен қайта тірілмегені.

17Мәсіх өлімнен қайта тірілмеген болса, онда сендердің Оған деген сенімдеріңнің бекер, пайдасыз болғаны және сендердің күнәларың да алынған жоқ, яғни, күнәларың өздеріңде қалды.

18Сонымен қатар, Мәсіхке сеніп қайтыс болғандарда да құрып кетті.

19Егер де біз Мәсіхке тек осы өмірде ғана үміт артатын болсақ, онда біз бүкіл адамдардың арасындағы ең бейшарасы болар едік.

20Мәсіх, шынымен де, өлімнен қайта тірілді! Сондықтан Ол өлімнен қайта тірілгендердің ең тұңғышы атанды!

21Себебі бір адам арқылы өлім кірді, бір Адам арқылы өлгендер қайта тірілетін болады.

22Адаммен байланыстағылардың бәрі де өледі, ал Мәсіхпен байланыстағылардың бәрі өлімнен қайта тіріледі.

23Сонда әр нәрсе өз ретімен болады: өлімнен қайта тірілгендердің тұңғышы Мәсіх қайтып келгенде, Мәсіхте болғандар тіріледі.

24Сонда ежелден басталған әрбір басшылық, әрбір билік, әрбір күш жойылып, Ол патшалығын Құдай Әкеге тапсырады, сөйтіп, ақырғы кез болады.

25Өйткені Мәсіх өзінің жауларыңың бәрін тізе бүктіріп, оларды Құдайдың аяғының астына салып беретін уақытқа дейін, Ол патшалық құратын болады.

26Ең соңында жойылатын жау бұл-өлім.

27«Ол мұның бәрін бағындырып, оларды Оның аяғының астына салып береді». Ал «бәрі бағындырылып болды» дегенде, Оған бағынатындардың «бәрі» Оның Өзі емес екені түсінікті болып тұр.

28Сонымен, бәрі Оған бағындырылып болғаннан кейін, тек сонда ғана Құдайдың Ұлы, Оның Өзіне, яғни, бәрін бағындырып Бергеннің Өзіне бағынатын болады, осылай Құдай барлық жерде бәрімен бірге болады.

29Ал енді (күнәға) өлу үшін, суға батырылып шомылғандармен не болмақ? Егер де өлгендер қайта тірілмейтін болса, онда олардың суға батырылып шомылуының қажеті қанша?

30Онда біз не үшін сағат сайын басымызды қатерге тігіп жүрміз?

31Мен басымды өлімге күнде тігемін, бауырластар, бұлнағыз шындық, сондықтан Иеміз Иса Мәсіхте жүрген сендерге мен осылай мақтана аламын.

32Егер де мен Ефестегі «аңдармен» адами тұрғыда шайқасатын болсам, одан маған келер не пайда ? Егер де өлгендер қайта тірілмейтін болса, онда «Келіңдер, ішейік, жейік, (тойлайық), өйткені ертең бәрібір өлеміз».

33Адаспаңдар, «жақсы әдетпен жүргендерді жаман әдетпен жүретін орта бұзады».

34Естеріңді жиып, сақ жүріңдер, күнә жасамаңдар, өйткені кейбіреулер Құдай туралы әлі де еш нәрсе білмейді, мен мұны сендерді ұялту үшін айтып отырмын.

35Кейбіреулер: «Өлгендердің қайта тірілуі қалай болады? Олар қандай денемен келеді?» - деп жүрген болар.

36Ей, ақылсыз, сенің еккен дәнің алдымен өлмесе, ол қайта тірілмейді!

37Сен дәнді отырғызған кезде, өсіп, дайын тұрған өсімдікті екпейсің ғой, дәннің өзін, яғни, бидайдың немесе бір басқа дәнді-дақылдың тұқымын егесің.

38Құдай Өзінің қалауы бойынша, сол әрбір тұқымға өзіне лайықты дене береді.

39Құдай бір денені кез-келген басқа денеге бере салмайды ғой, адамдарға басқа дене берілген, малдарға берілген дене мүлдем басқа, сол сияқты құстарға да басқа дене берілсе, балықтарға берілген дене де басқа.

40Сонымен қатар, аспан мен жердің де өздеріне лайықты денелері бар, алайда аспан денелерінің әдемілігі басқаша, жердің денелерінің әдемілігі де мүлдем басқа болады.

41Күннің сәулесі өзіне тән жарық беретін болса, ай мен жұлдыздардың жарық беруі мүлдем басқа, өйткені бір жұлдыздың жарқырауы әлсіз болса, енді бір жұлдыздар ерекше жарық болады.

42Сонымен, өлгендердің қайта тірілуі де осыған ұқсас болады. Шіріп, жоқ болу үшін себілген (қойылған) денеден, шірімейтін тірі дене өніп шығады. (Жер қойнына шіріп, жойылатын дене берілсе, шірімейтін, жойылмайтын дене болып тіріледі).

43Атақ-абыройсыз (көріксіз) болып себіліп, (керемет болып), қайта тіріліп, даңққа бөленеді. Әлсіз болып себіледі де, күшті болып қайта тіріледі!

44Себілетіні (жер қойнына берілетіні) -адамның тәндік денесі, қайта тірілетіні-рухани дене. Нақты айтар болсақ, адамның тәндік денесі бар болғандықтан, рухани дене де бар.

45«Ең алғашқы Адам жаны бар, тірі пенде болып өмір сүрді, ал соңғы Адам өмір беретін Рух болады», -деп Жазбада жазылған.

46Ең алдымен рухани емес, адам жаны бар тірі пенде болды, содан кейін рухани адам пайда болды.

47Өйткені бірінші Адам жердегі топырақтан пайда болса, екінші Адам көктен пайда болды.

48Алғашқы топырақтан жаратылған адам қандай болса, сол топырақтан жаратылғандарың бәрі тура сондай болады, көктен келген Адам қандай болса, көктегілер де дәл сондай болады.

49Қорыта айтқанда, біз топырақтан жаратылғанның бейнесін өзімізбен қалай алып жүрген болсақ, Көктен Жаратылғанның бейнесін де солай өзімізбен алып жүретін боламыз.

50Бауырластар, осылай айтуымның себебі мынада: дене мен қан Құдай Патшалығының мұрагері бола алмайды, яки, шіріп, құрып кететін нәрсе шірімейтін нәрсеге мұрагер бола алмайды.

51Міне, сендерге мынадай құпияны айтамын: бәріміз өлмейміз, бірақ бәріміз өзгереміз,

52ал сол уақыт көзді ашып-жұмғандай сәтте, соңғы керней тартылған кезде болады. Соңғы керней тартылған кезде, өлгендер мәңгілік өмірге қайта тіріледі, ал біз өзгеріп, басқаша боламыз.

53Өйткені сол уақытта шіріп кететін мына денемізге мәңгі шірімейтін денені киюімізге, ал өлетін денемізге мәңгілікке өлмейтін денені киюге тура келеді.

54Сонда шіріп кететін денеге мәңгі шірімейтін дене қалай киіліп болады әрі өлетін денеге мәңгілікке өлмейтін дене қалай киіліп болады, міне, сол кезде «Өлім жеңіліп, жеңіліс табады!» деп Жазбада жазылған сөз орындалады.

55«Ей, өлім, қайда сенің жеңісің? Ей, өлім, қайда сенің өткір тісің?»

56Өлімнің өткір тісі күнә болатын, күнә күшін Заңнан алатын.

57Сондықтан бізге Иеміз Иса Мәсіх арқылы жеңіс алып берген Құдайға алғысымызды айтамыз!

58Сол себепті менің сүйікті бауырластарым, қажырлы еңбек етіп, мызғымастай берік болыңдар. Иеміздің ісіне өздеріңді әрқашан молынан арнаңдар, сонымен қатар, мынаны біліңдер: сендердің Иеміз үшін атқарған еңбектерің ешқашан бекер болмайды.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help