1Сондықтан Құдайдың Өзінің тыныштығына кіру туралы уәдесі әлі де өз күшінде, сондықтан әрқайсысың осы тыныштыққа кіруге кешігіп қалмау үшін, бұл мүмкіндікті пайдалануға ұмтылып, аса сақ болайық.
2Себебі олар секілді бізге де Ізгі хабар жетіп, жарияланды, алайда олардың сол естігендері өздеріне ешқандай пайда әкелмеді, өйткені олар естіген сөзді сеніммен байланыстырмады, тек естіп қана қоя салды.
3Ал біз Оның сол тыныштығына кіреміз, өйткені Оған сенеміз. Оның ант беріп: «Олар Менің тыныштығыма кірмейді!» -деген сөзін Ол осы әлемдегі барлық ісін аяқтап болғаннан кейін айтқан еді.
4Өйткені жетінші күн туралы басқа бір жерде: «Құдай жетінші күні Өзінің барлық жұмысын аяқтап болған соң, Ол демалып, тыныштықта болды», - деп жазылған.
5Бірақ жоғарыда: «Менің тыныштығыма кірмейді!» -деп айтылған.
6Сонымен, кейбіреулерге әлі де Оның сол тыныштығына кіруге мүмкіндік бар, ал бұдан бұрын Ізгі хабарды естігендер бұған мойынұсынған жоқ, сондықтан олар кіре алмады.
7Міне, сол үшін де Құдай тағы да бір күнді белгілеп қойды, бұл күн-бүгін. Көп уақыттан бері осы бүгінгі күн туралы айтылып келеді, Дәуіт арқылы да: «Егер сендер бүгін Оның даусын естісеңдер, жүректеріңді қатайтпаңдар», -деп айтылған.
8Егер де Нұнұлы Ешуа оларды тыныштыққа жеткізген болса, онда Құдай бұдан кейін бүгінгі күннен басқа күн туралы айтпас еді.
9Онда Құдайдың халқы тек сенбі күнді ғана тойлап, сонымен шектеліп қалушы еді.
10Құдайдың Өзі бар жұмысын аяқтап, содан кейін демалып, тыныштыққа бөленгені сияқты Құдайдың тыныштығына кірген адам да дәл солай тыныштыққа бөленеді.
11Сондықтан тездетейік, кейбіреулердің Оған мойынұсынбай құлаған сәттері бізге үлгі болмасын, одан да сол тыныштыққа кіруге тырысайық.
12Себебі Құдайдың сөзі тірі де әсерлі, ол екіжүзді қылыштан да өткір, ол біздің болмысымызға терең еніп, жан мен рухқа дейін енеді, буын мен сүйектің кемігіне дейін жетіп, ой-сана мен жүректегі ойларды ажыратады.
13Сондықтан жаратылыстың ештеңесі де Оның көз алдында жасырынып қала алмайды, себебі Ол бәрін жалаңаштап аршып, ішіне дейін ашып, ақтарып бере алады, ал біз Оның алдында есеп береміз.
14Сонымен, көкке ұлылықпен көтеріліп кеткен біздің Бас қызметкерміз бар, Ол-Құдайдың Ұлы Иса, сенімізді Оған артайық.
15Өйткені Ол бізге жаны ашымайтын немесе әлсіздігімізді түсінбейтін Бас қызметкер емес, керісінше, Ол-бізге жанашыр, әлсіздігімізді түсінетін Бас қызметкер, Ол барлық жағынан бізге ұқсас болғанмен, басына сынақ түскен кезде, Ол ешқандай күнә жасаған жоқ.
16Міне, сондықтан да біз Ол отырған таққа, рақымдылықтың тағына, сеніммен жақындайық, сол кезде біз мейірім мен рақымды және өзімізге қажетті көмекті дер кезінде алатын боламыз.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.