Елшілер 26 - Zhana Osiet(NTKAZ)

1Бұдан кейін Агриппа Пауылға: -Өзің туралы айта беруіңе болады, -деді. Сонда Пауыл қолын көтерді де, өзін-өзі қорғап былай деді:

2Агриппа патша! Менің халқым яһудейлердің маған таққан барлық айыптауларына қарсы өзімді қорғап, сенің алдыңда сөйлеуге мүмкіндік алғаныма өзімді бақытты санаймын.

3Яһудейлердің салт-дәстүрі мен олардың өмір салтына байланысты сұрақтардың бәрін өзің жақсы білесің, сондықтан мені сабырлылықпен тыңдаса екен деп өтінемін.

4Менің жас кезімдегі өмірім өз халқымның арасында өткенін Иерусалимдегі яһудейлердің бәрі де біледі.

5Олар мені бұрыннан біледі, егер қажет болса, олар менің фарисей болып, өте қатал тәртіпке бағынып өмір сүргеніме де куәлік бере алады.

6Құдай бұрынғы кезде біздің ата-бабаларымызға үміт берді, қазір соны Құдай іске асырды, сол үміт үшін мен соттың алдында тұрмын.

7Біздің он екі рудан тараған ұрпақ сол үмітке жетсек деген оймен күні-түні қызмет етіп келеді. Құрметті патша, яһудейлер мені сол үмітке бола айыптап, соттайын деп тұр.

8Сонда Құдай өлгендерді қайта тірілте алмайды деп ойлайсыздар ма?

9Мына мен де сондай ойда болдым, сөйтіп Назареттік Исаның атына қарсы тұрып, көптеген жағымсыз істер жасадым.

10Мен осы нәрселерді Иерусалимде істедім, сол кезде мен бірінші бас қызметкерлерге барып, олардан рұқсат сұрап алдым, Құдайға бағышталған адамдардың көбін абақтыға жаптым, оларды өлтіріп жатқандарды қолдап, қолдарына тас та бердім.

11Осылай барлық синагогаларды жиі-жиі аралап, оларды қинап, қуғындап, Құдайға тіл тигізіп, сенімінен бас тартуға мәжбүрледім. Бар ашуымды оларға төгіп, қаладан қалаға, тіпті, қаланың сыртына дейін қуып шығарып, одан сайын қудаладым.

12Осындай мақсатпен мен бірінші бас қызметкерлердің берген рұқсатымен Дамаскіге бара жаттым.

13Құрметті патша, уақыт түс кезі болатын, міне, сол сәтте мен және менімен бірге еріп келе жатқандар күннен де күшті бір жарықтың біздің жан-жағымызды жарқыратып жібергенін көрдік, сол сәтте

14бәріміз жерге құлап түстік, сол кезде мен еврей тілінде: «Сауыл, Сауыл, сен Мені неге қудалап жүрсің? Иесінің таяғына қарсыласатын өгіз секілді болма, ол саған өте қиын болады», - деген дауысты естідім.

15Сонда мен: «Ием, Сен кімсің?» -деп сұрадым. Сол кезде Ол:«Мен-сен қудалап жүрген Исамын», -деп жауап берді.

16Содан кейін Ол маған: «Аяғыңнан тік тұр, орныңнан көтеріл! Мені сені алдын ала таңдап алдым, сондықтан сен Менің қызметшім және Мені көрген куәгер боласың, сол үшін де Мен саған көріндім.

17Мен сені осы халықтың арасынан алып шығамын, Мен сені өзге ұлттардың арасына жіберемін,

18сен олардың көздерін ашып, қара түнектен жарыққа шығуына, сайтанның билігінен босатылып, Құдайға бет бұруына көмек бересің, сонда олардың күнәлары кешіріліп, олар Маған деген сенімдері арқылы өз үлестерін алатын болады», - деді.

19Агриппа патша, маған көктен көрінген осы көрініске мойынсынбай тұра алмадым.

20Сөйтіп, мен ең алғашқы қызметімді Дамаскі мен Иерусалимнен бастадым, одан кейін бүкіл Яһудей еліне және өзге ұлт өкілдеріне барып, өкініп тәубе етуге, Құдайға бет бұруға, тек сонда ғана лайықты іс істеуге болатынын уағыздадым.

21Осы ісіме бола, яһудейлер мені ғибадатханада ұстап алып, өлтіріп тастамақ болды.

22Алайда аяқ астынан Құдайдың көмегімен аман қалдым, сондықтан мен үлкен-кішінің алдына шыққанда, осы куәлікті бәріне айтамын. Осы күнге дейін бұл куәліктен басқа еш нәрсе де айтқан емеспін, өйткені пайғамбарлар да, Мұса да сол туралы алдын ала айтып кеткен.

23Жазбада: «Мәсіх азап шегеді, Ол өлімнен қайта тірілгендердің ең алғашқысы болады, осылай біздің халыққа және өзге ұлт өкілдеріне жарық болады! Ол туралы ашық жария етілетін болады», - деп жазылған.

24Осылайша өзін-өзі қорғаған Пауылға Фест даусын көтеріп: -Пауыл, сен есіңнен адасқан сияқтысың, сенің көп оқығаның өзіңді есіңнен айырған! - деді.

25Сонда Пауыл оған былай деп жауап берді: -Құрметті Фест, мен есімнен адасқан жоқпын, алайда осы айтқан сөзім-шындық әрі ақиқат.

26Патша оқиғаның қалай болғанын біліп тұр, сондықтан мен батыл сөйледім. Осы айтылғандардан еш нәрсе оған жасырын болып қалды дегенге мен сенбеймін, себебі осы нәрселер көзден таса жерде, жасырын болған жоқ.

27Агриппа патша, пайғамбарлардың айтып кеткеніне сенесің бе? Сенің оларға сенетініңді мен білемін, - деді.

28-Сен қысқа уақыттың ішінде менен Мәсіхші жасағың келіп тұр ма? - деді Агриппа патша Пауылға.

29-Бұл мезгіл не қысқа, не ұзақ болсын, дегенмен, мен Құдайға мінәжат етіп, сен ғана емес, бүгін осында мені тыңдап отырған бәрінің мен сияқты болғанын қалар едім, мына қолымдағы кісеннен басқаның бәріне тілейтінім осы, -деді Пауыл оған.

30Осыдан кейін патша мен қолбасшы, Бернике және басқалар да орындарынан тұрып,

31сыртқа шығып кетті де, оңаша жерге барып, бір-бірімен сөйлесе бастады: -Бұл адамның жасаған істеріне қарасаң, оны не өлімге кесуге, не абақтыға жабуға лайықсыз екені көрініп тұр, - десті.

32-Егер де ол Рим патшасының сотын талап етпегенде, оны босатып жіберуге болатын еді, -деді Агриппа Фестке.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help