Римдіктерге 7 - Zhana Osiet(NTKAZ)

1Бауырларым, заңды білетіндер ретінде сендерге айтарым: адам қанша өмір сүретін болса, заң соншалықты оның үстінен билік жүргізетінін өздерің білесіңдер.

2Мысалы, тұрмысқа шыққан әйел күйеуінің тірі кезінде (неке туралы) заңмен күйеуіне байлаулы болады. Егер күйеуі қайтыс болса, онда әйел заң бойынша бостандық алады.

3Сонымен қатар, егер әйел күйеуі тірі кезінде басқа бір еркекке күйеуге шықса, онда ол неке адалдығын бұзушы болып есептеледі, егер күйеуі қайтыс болса, заң бойынша оның басы бос болады, басқа біреуге әйел болса, онда ол неке адалдығын бұзған болып саналмайды.

4Сондықтан бауырларым, сендер де Иса Мәсіхтің тәндік өлімі арқылы заң үшін өлгендер қатарына жатасыңдар, сөйтіп, Құдайға игілікті жеміс әкелу үшін, өлімнен қайта тірілген басқа Біреудің меншігіне айналдыңдар.

5Өйткені сендер ескі болмыспен жүрген кездеріңде өлім әкелетін күнәнің құмарлықтары өз жемістерін әкелу үшін, біздің дене мүшелерімізде тек заң арқылы жұмыс істеп келді.

6Ал қазір ескі заң әріптерінің нұсқауы бойынша емес, Киелі Рухтың жаңартуымен қызмет ету үшін, бізді ұстап тұрған сол заңның құрсауынан босап шықтық.

7Сонымен, бұл нені білдіреді? Заңды ұстану күнә ма? Әрине, жоқ. Егер де мен заңды білмесем, онда күнәнің не екенін де білмес едім. Егер де сол заң: «Құмарлыққа берілме», -деп айтпаса, онда мен сол құмарлықтың не екенін білмес едім.

8Күнә осы мүмкіндікті пайдаланып, өсиет арқылы мендегі құмарлықтың неше түрін оятты, алайда заң жоқ жерде күнә өлі болады.

9Мен бір кездері заңды білмей өмір сүрдім, ал өсиет келген кезде мендегі күнә тірілді де,

10мен өлдім, сөйтіп, өмір сүру үшін берілген өсиеттен мен өлім таптым.

11Себебі күнә сол өсиетті пайдаланып, алдап, мені рухани өлімге әкелді.

12Дегенмен, заң да киелі, өсиет те киелі, әділ және ізгі.

13Сонымен, өлім маған жақсылық әкелді ме? Жоқ, мүлдем олай емес! Керісінше, мұны күнә істеді, яғни, күнә жақсылық арқылы маған өлім әкелді. Осылай күнәнің қаншалықты қорқынышты екенін білдім. Сөйтіп, күнә өсиетті пайдаланып, күнә арқылы мені күнәкар етті.

14Сондықтан біз заң рухани нәрсе екенін білеміз, ал мен тәнімді күнәнің құлдығына беріп қойдым.

15Мен не істеп жүргенімді білмеймін, өйткені өзім қалайтын істі емес, керісінше, нені жеккөрсем, соны істеп жүрмін.

16Мен өзім қаламайтын істің жетегінде жүргендіктен, заңның жақсы екенін білемін.

17Қазірдің өзінде мұны істеп жүрген мен емес, менің бойымнан орын алған күнә істеп жатыр.

18Өйткені менің бойымда, менің күнәкар болмысымда, жақсылықтың орын алмағанын білемін, себебі жақсылық жасауға деген ниетім болса да, сол жақсылықты жасай алмаймын,

19сондықтан қалаған жақсылықты істегім келсе де, оны істей алмаймын, керісінше, қаламайтын жамандықты жасап жүрмін.

20Егер де мен қаламаған нәрсені істеп жүрсем, оны істеген мен емеспін, оны істеп жүрген менің бойымнан орын алған сол күнә болатын.

21Сонымен, менің байқағаным мынау: заңмен жүріп, жақсылық жасағым келсе де, жамандық қасымнан табылады (жамандық мені менші ктеп алды, мен оның меншігіне айналдым).

22Рухымда адамның жан дүниесіне бекітіп берген Құдайдың заңынан рахат табамын,

23алайда менің дене мүшелеріме, ой-санама қарсы күресетін басқа бір заңның бар екенін білдім, сол мені тұтқындап, өзімді де, дене мүшелерімді де күнәнің заңына бағындырды.

24Қандай бақытсыз адам едім! Осы бір өлім әкелетін тәнімнен кім мені құтқара алады?

25Барлық мадақ Иеміз Иса Мәсіх арқылы Құдайға арналсын! Сонымен, мен тек өз ақыл-ойыммен ғана Құдайға қызмет етсем, ал тәніммен күнәнің заңына қызмет етеді екенмін.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help