1Сонымен, осындай уәдеге ие болған сүйікті бауырластарым, Құдайдан қорқып, киелі болуымыз үшін, тәнді де, рухты да арамдайтын алуан түрлі жамандық атаулыдан өзімізді таза ұстайық.
2Бізге жан дүниелеріңнен орын беріңдер, біз ешкімге реніш әкелмедік, ешқайсысыңды азғырып, тура жолдан адастырған жоқпыз, сендердің ешбіреуіңді өз мақсатымызға пайдаланбадық.
3Мен мұны айыптау үшін айтып отырған жоқпын, өйткені мен бұдан бұрын да сендермен бірге өліп, сендермен бірге өмір сүруге дайын екенімді өздеріңе айтқанмын.
4Мен сендерге үлкен үміт артамын және сендер үшін мақтанамын, дәл қазір көрген азабымыз басымыздан асып кетсе де, менің жүрегім қуанышқа толып тұр.
5Біз Македонияға келген кезден бастап, сол жерде тыныштық таппадық. Біз жан-жақтан қысым көрдік: сырттан шабуылдар болып жатса, ішкі жан дүниемізде қорқыныш болды.
6Алайда біздің жұбатушы Құдайымыз біздерді Титтің келуімен жұбатты.
7Құдай бізді тек оның келуімен ғана жұбатып қойған жоқ, сонымен қатар, сендердің Титке берген жұбаныштарың мен аңсаған армандарың туралы және қайғыларың жайында, сендердің маған деген ыстық ықыластарың жөнінде ол бізбен бөлісті, сөйтіп, бізді шексіз жұбанышқа бөледі, сол себепті мен шексіз қуанышқа ие болдым.
8Егер де мен өздеріңе жіберген сол бір жолдау хатым арқылы сендерді ренжіткен болсам, оған еш өкінбеймін. Басында сол хаттың сендерге аз уақыт қана реніш әкелгеніне, әрине, өкіндім.
9Алайда қазір мен сендерің сол кезде қайғырып, ренжігендеріңе емес, керісінше, сол қайғының сендерді тәубеге алып келгеніне қуанып отырмын. Өйткені сендердің сол қайғыларың Құдайдың еркімен болды, міне, сондықтан біз жақтан сендерге ешқандай зиян келген жоқ.
10Егер де тәубе ету Құдайдың еркіне сай болса, онда оған өкінудің еш қажеті жоқ, себебі мұның артында құтқарылу бар. Ал қайғы-қасірет осы әлеммен байланысты болса, ол тек өлімге әкеледі.
11Құдайдың еркімен болған қайғының сендерді жетелеп, қандай пайдалы нәрсеге әкелгенін қараңдаршы: ол ақталуға тырысу, наразылық білдіру, қорқыныш пен армандау, қызуқандылық пен жазаға тартылудың не екені туралы терең ойлануға мүмкіндік берді. Осының бәрінде сендер өздеріңнің таза екендеріңді дәлелдедіңдер және осыны анық көрсете білдіңдер.
12Сонымен, мен осы хатты сендерді ренжіту үшін немесе ренжіп жүргендерді жұбату үшін жазды деп ойламаңдар. Мен бұл хатты сендердің бізге деген ниеттеріңнің Құдай алдында қаншалықты ашық екенін өздеріңе ашып көрсету үшін жазып отырмын.
13Мұның нәтижесі бізді қуантады. Сонымен қатар, Титтің сендер үшін қуанғанын көріп, онымен бірге біз де шексіз қуаныш пен жұбанышқа бөлендік, сендерден алған жұбаныштан оның рухына тыныштық келді.
14Егер де мен Титке алдын ала мақтанып сендер туралы бір нәрсе айтқан болсам, сол үшін ұятқа қалған жоқпын. Біз бар шындықты өздеріңе қалай жеткізсек, сол айтқандарымыз Титтің алдында да шындық екені дәлелденді.
15Ол өзінің бар жан-тәнімен сендерге қатты бауыр басып қалғанын білдірді, сендердің оған қалай мойынұсынуға тырысқандарың жайында, оны қандай қорқынышпен қабылдағандарыңды бізге айтып беріп, әрдайым есіне алып отырады.
16Мен сендерге барлық жағынан сенім арта алатыныма қатты қуанып отырмын!
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.