1Міне, сол күндері Ирод патша жауыздық әрекетпен қауымдағыларды қудалай бастады.
2Ол Жоханның бауыры Жақыпты қылышпен шауып өлтіртті.
3Ол осы ісінің яһудейлерге ұнағанын көріп, Петірді де тұтқындайды. Бұл Ашымаған нан мейрамын тойлап жатқан кез болатын.
4Ирод Петірді ұстап, оны абақтыға жапқызып, жауынгерлерді төрт-төрттен төрт топқа бөліп, күзетке қояды. Ирод Петірді тек «Құтқарылу» мейрамы өткен соң, халықтың алдына шығарып соттамақ болады.
5Сонымен, Петірді абақтыға жауып, күзет қояды, ал қауым ол үшін үздіксіз Құдайға мінәжат етеді.
6Иродтың Петірді халықтың алдына алып шығатын кезі келді, сол түні Петір екі жағынан байланған (шынжырланған) күйі екі жауынгердің ортасында ұйықтап жатқан еді, сақшылар абақтының есігінің алдын күзетіп тұрды.
7Міне, кенет Жаратушының бір періштесі пайда болып, абақтының ішін жарыққа бөлеп жіберді, Петірді бүйірінен түртіп: -Тез, орныңнан тұр! -деді. Сол кезде Петірдің қолдарындағы шынжырлар өзінен-өзі түсіп қалды.
8Содан кейін періште оған: -Беліңді буып, аяқ киіміңді ки! -деді. Ол періштенің айтқанын істеді. Періште тағы оған: -Енді сырт киіміңді де киіп, менің соңымнан ер, -деді.
9Петір оның соңынан ілесіп сыртқа шықты, алайда періште арқылы жасалып жатқан істің шынайы екенін білмегендіктен, ол бір көрініс (аян) көріп тұрмын деп ойлады.
10Олар бірінші күзетшінің, сосын екінші күзетшінің жанынан өтіп, қалаға қарай шығатын темір қақпаға келді, қақпа өз-өзінен ашық тұрды. Қақпадан шыққан соң, олар бір көшеден өтті, сол сәтте періште одан алыстап, кетіп қалды.
11Сонда Петір өз-өзіне келіп, есін жиған соң: -Жаратушының Өз періштесін жіберіп, мені Иродтың қолынан және бүкіл яһудей халқының маған тілеген зұлымдығынан, шынымен, мені құтқарып алғанын енді анық білдім, - деді.
12Ол не болғанын түсінгеннен кейін, өздері көптен бері жиналып, мінәжат етіп жүрген Марқа аталып кеткен Жоханның шешесі Мәриямның үйіне келді.
13Ол қақпаның есігін тақылдатқан кезде, Рода есімді қызметші қыз шығып, құлағын тосады,
14Петірдің даусын танып, қуанғанынан қақпаны ашпастан қайтадан жүгіріп барып, қақпаның алдында Петірдің тұрғанын оларға хабарлады.
15Олар қызға: -Сен ақылыңнан адасып тұрсың! -деді. Қыз дегенінен қайтпай, тұрып алды. -Бұл оның періштесі шығар, - десті олар.
16Петір қақпаны тарсылдата берді, ақыры олар есікті ашқан кезде, Петірді көріп, қайран қалды.
17Сонда ол үндемеңдер дегендей, қолымен белгі беріп, Жаратқан Иенің оны түрмеден қалай алып шыққанын айтып берді. Содан кейін оларға: -Бұл туралы Жақыпқа және басқа да бауырластарға жеткізіңдер, -деді де, үйден шығып, басқа жаққа кетті.
18Келесі күні күзетші жауынгерлер Петірмен не болғанын білмей, қатты уайымдап, абыржумен болды.
19Ирод Петірді іздеп, оны таппаған соң, абақтының күзетшілерін тергеп, оларды жазалауға бұйырды, өзі Яһудеядан шығып, төменде орналасқан Кесарияға барып тұрақтады.
20Сол кезде Ирод Тир мен Сидон халқына қатты ашулы еді, себебі олардың бәрі жиналып келіп, патша ауласын басқарушы Бласты өздерінің айтқандарына көндіріп, одан екі елдің арасында тыныштық сақтауын өтінген, өйткені бұларға бөлінетін азық-түлік патша тұратын аймаққа тәуелді болатын.
21Алдын ала белгіленген күн келгенде, Ирод өзінің патшалық киімін киіп, тағына барып отырып, сөз алды.
22Сонда халық дауыстап: -Бұл адамның емес, Құдайдың даусы! - деп айғайлай бастады.
23Алайда сол сәтте Құдайдың періштесі оны жазалап, өлім жіберді, себебі ол Құдайға даңқ бермегені үшін, сол жерде құртқа жем болып, жан тапсырды.
24Ал Құдай сөзі тоқтамай, кеңінен тарап, өсе берді.
25Барнаба мен Саул қызметтерін аяқтаған соң, Марқа аталып кеткен Жоханды өздерімен бірге ертіп, Иерусалимге қайтып кетті.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.