Елшілер 10 - Zhana Osiet(NTKAZ)

1Кесарияда Корнел есімді бір адам болды, ол «италиялық» деп аталатын әскери жасақтың жүзбасы еді.

2Корнел және оның бүкіл үй іші Құдайдан қорқып, Оны қастерлейтін, көптеген адамдарға қамқорлық көрсетіп, қайырымдылық жасайтын, үнемі Құдайға мінәжат ететін.

3Бірде Корнел күндізгі сағат тоғыз шамасында (Құдайдан аян) көрініс алады. Ол Құдайдың періштесінің бейнесін анық көреді, ол келіп: - Корнел! - дейді.

4Корнел одан көз алмай қарап тұрып, қорыққанынан: -Ием, бұл не? -дейді. Сонда періште оған: -Сенің мінәжаттарың мен жасаған қайырымды істерің Құдайдың алдына жетіп, Құдай соларды ескерді.

5Қазір Иоппеге бір ер адамды жібер, сол жерде Петір деп аталып жүрген Шимонды осында шақырт.

6Ол қазір теңіз жағалауына жақын орналасқан Шимон деген тері илеушінің үйінде, оның қасында, қонақта отыр, -деді.

7Корнел өзіне сөйлеген періште кете салысымен, қасында жүретін екі қызметшісін және өзіне адал қызмет ететін бір жауынгерін шақырып алып,

8оларға барлығын түсіндіріп айтып берді де, Иоппеге жіберді.

9Келесі күні әлгі жіберілгендер қалаға жақындап қалған сәтте, шамамен, сағат алтының кезі болатын, сонда Петір мінәжат ету үшін, үйдің жалпақ төбесіне шықты.

10Сол кезде оның қарны ашып, тамақ жегісі келген еді, төменде тамақ дайындалып жатқан болатын. Сонда ол бір ерекше күйге еніп,

11көктің ашылып, одан төрт бұрышынан байланған жалпақ бір матаның жерге қарай төмен түсіріліп келе жатқанын көрді.

12Міне, сол матаның ішінде жер бетіндегі бүкіл төрт аяқты жануарлармен бірге бауырмен жорғалаушы жәндіктер және аспандағы құстардың барлық түрлері болды.

13Сол кезде көктен бір дауыс шықты да: -Петір, тұр, мыналарды сойып же! - деді.

14Бірақ Петір: -Ием! Ешқашан олай болмайды! -деді Петір, - өйткені мен ешқашан арам, тазаланбаған нәрсені жеген емеспін.

15Сонда әлгі дауыс оған екінші рет: -Сен Құдай тазалағанды арам деп санама, - деді.

16Осы көрініс осылай үш рет қайталанды да, содан кейін әлгі нәрсе лезде көкке көтеріліп кетті.

17Петір өзіне көрінген осы көріністің нені білдіретінін әрі оның не себепті көрінгенін әлі де түсіне алмай тұрған кезде, Корнелдің жіберген адамдары Шимонның үйін сұрастырып тауып алған соң, қақпасының алдына келіп, дауыстап:

18-Шимон деп аталатын Петір осы үйде қонақта екен, сол осында бар ма? - деп сұрады.

19Петір әлі де өзіне көрінген көрініс туралы ойланып отырған болатын, сонда оған Рух: -Міне, мына үш ер адам сені іздеп келді.

20Енді орныңнан тұр да, төменге түс, ештеңеге күмәнданбай, солармен бірге еріп бар, өйткені оларды Мен жібердім, - деді.

21Петір төмен түсіп, сол адамдарға: -Сендер іздеген адам -менмін. Қандай шаруамен келдіңдер? - деді.

22Сонда олар: -Корнел деген жүзбасы бар, ол-әділетті әрі Құдайдан қорқады, бұған бүкіл яһудея елі куә, сол адам періштеден сені шақырту керек деген аян алады. Ол сенің айтып жүрген сөздеріңді естігісі келіп, шақырып келуге бізді жіберді, - деді.

23Петір оларды ішке шақырып, қонақ қылды. Келесі күні орнынан тұрып, оларға ілесіп жолға шықты. Иоппедегі кейбір бауырлар да олармен бірге жүріп кетті.

24Келесі күні олар Кесарияға келді. Корнел өзінің туыстары мен жақын достарын жинап алып, келетіндерді күтіп отырған болатын.

25Петір кіріп келе жатқанда, Корнел оның алдына шығып, қарсы алды, оның аяғына жығылып, тағзым етті.

26Сонда Петір оған: -Тұр, мен де өзің сияқты адаммын, -деп оны орнынан тұрғызды.

27Корнелмен сөйлесе ішке кіргенде, көп адам жиналғанын байқап, Петір былай деді:

28-Сендер өзге ұлт өкілдерімен яһудей ер -азаматтарының араласпайтынын және олардың үйіне кірмейтінін сендер жақсы білесіңдер. Алайда Құдай маған ешбір адамды арам не болмаса таза емес деп айтуға болмайтынын көрсетті.

29Сондықтан, сіздер шақырған кезде, мен бір ауыз сөз айтпастан осында келдім. Қандай себеппен мені шақырғандарыңызды білгім келеді? - деп сұрады.

30Сонда Корнел: -Осыдан төрт күн бұрын, сағат тоғызда мен үйімде мінәжат етіп отырған едім, міне, сол кезде аппақ киім киген бір ер адам менің алдыма келіп тұра қалып:

31«Корнел, -деді ол, -сенің мінәжатың қабылданып, қайырымды істерің ескеріліп, Құдайдың алдында жетті.

32Енді Иоппеге адам жіберіп, теңіз жағалауында тұратын тері илеуші Шимонның үйінде қонақ болып жатқан Шимон деп аталатын Петірді осында шақырт», - деді.

33Сол сәтте-ақ мен саған шақыртушы жібердім, сенің келгенің жақсы болды. Енді міне, Иеміздің саған бұйырғанының бәрін толық тыңдау үшін, бәріміз Құдайдың алдына келіп, осында жиналып отырмыз, - деді.

34Сонда Петр былай деді: -Құдайдың адамның бет-жүзіне қарамайтыны шындық, мен соны қабылдаймын,

35әрбір халық Оның алдында қорқып және жасаған ісәрекетімен әділ болып жүретін болса, сол Оған ұнайды.

36Құдайдың Ирсаил ұлдарына (халқына) жіберген Ізгі хабарында Құдай Өзінің тыныштығын тек Иса Мәсіх арқылы беретіні айтылған, бәрінің Иесі-Сол.

37Жақияның суға батырып шомылдыруынан кейін, осы әңгіменің Ғалилея аймағынан бастап, бүкіл Яһудеяға дейін тарап кеткенін сіздер білесіздер.

38Құдай Назареттен шыққан Сол Исаны Киелі Рухымен және күшімен қалай майлады, міне, содан бастап Ол осы Ізгі хабарды жариялап, сайтанның езгісінде жүргендердің бәрін босатып, ауруларынан сауықтырды, өйткені Құдай Онымен бірге болды.

39Оның Яһудея елінде, Иерусалимде жүргенде жасаған істерінің бәріне және Оны айқыш ағашқа шегелеп өлтіргеніне дейін біздер куә болдық,

40алайда Құдай Оны үшінші күні өлімнен қайта тірілтіп алып, Оның адамдарға көрінуіне мүмкіндік берді.

41Бұл мүмкіндік халықтың бәріне берілген жоқ, оны тек Құдайдың өзі алдын ала таңдап алған куәгерлеріне және Ол өлімнен қайта тірілгенде Онымен бірге дастарқандас болған мына бізге анық көрсетті.

42Осыдан кейін Құдай бізге Оны өлілер мен тірілерге сот жүргізу үшін тағайындағаны туралы уағыздауға, куәлік айтуға бұйырды.

43Бұған қоса, пайғамбарлардың айтып кеткен мынадай куәлігі бар: «Оған сенген әркімнің күнәлары кешіріледі, олар Оның есімі арқылы кешірімге ие болады».

44Петір әлі де сөйлеп тұрған сәтте, оның сөзін тыңдап отырғандардың бәріне Киелі Рух қонды.

45Сол жерде еврейлердің арасынан шыққан сенушілер де болды, олар Петірмен бірге келген еді. Міне, олардың бәрі Киелі Рухтың өзге ұлт өкілдеріне де төгіліп жатқанын көріп, аң-таң болады.

46Өйткені Құдайға айтылатын мадақтың олардың да тілдерінде айтылып жатқанын олар естіді. Сонда Петір:

47-Енді міне, олар да біз сияқты Киелі Рухты қабылдады, енді олардың суға батырылып шомылудан өтуіне кім кедергі жасай алады? - деді.

48Бұдан кейін Петір оларға: -Иса Мәсіхтің атымен суға батырылып шомылдырудан өтіңдер, -деп бұйырды. Олар Петірден тағы да бірнеше күн өздерімен болуын өтінді.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help