1Әдетте Құдай алдында қызмет атқаратын әрбір қызметкер адамдардың арасынан тағайындалатын, олардың қызметінің мақсаты-адамдар үшін Құдайға ұсынылатын сый-тартулар мен олардың күнәлары үшін берілетін құрбандықтарды Құдайың алдына әкеліп, соларды Оған тарту ету.
2Алайда олардың өздері әлсіз болғандықтан, адасқандарға қалай жанашырлық көрсетуді білмейтін.
3Сол үшін, ең алдымен, халықтың күнәсі үшін, содан кейін өзінің күнәлары үшін Құдайға құрбандық әкелу міндеті оған жүктелетін.
4Мұндай жауапты да құрметті қызметке ешкім өздігінен ие болып, атқара бермейтін, мұндай қызмет тек Құдайдың Өзі шақырып алған Һарон сияқты адамдарға тапсырылатын еді.
5Сол секілді Мәсіх те бірінші Бас қызметкерлікке Өзін-Өзі құрметке бөлеп, Өзін көрсету үшін тағайындалған жоқ, Құдай Оған: «Сен-Менің Ұлымсың, Мен бүгін Саған Әке болдым», - деген болатын.
6Тағы бір жерде: «Сен мәңгі Бас қызметкер боласың, Саған берілетін атақ-дәреже Мәліксадықтікіндей болады», -деп те жазылған.
7Сондықтан Ол жер бетінде жүрген кезінде, Өзін өлімнен құтқара алатын Құдайға жалбарынды, Оған қатты дауыстап, көз жасын төгіп, мінәжат етіп өтінгенде, Құдай Оның даусын естіді.
8Себебі Ол Құдайдың Ұлы бола тұра, Оған мойынұсынды, азапты сәтті басынан өткізді.
9Кемелділікке қол жеткізді, осылай Ол Құдайдың Өзін тыңдап, Оның артынан еретіндерге кепіл болып, оларды мәңгілікке құтқарып алды.
10Сол себепті Ол Мәліксадықтың атағы мен дәрежесіне сай, Құдайдың бірінші Бас Қызметкері деген атқа ие болды.
11Бұл туралы сендерге айтарым көп еді, оның бәрін сендерге түсіндіріп, жеткізу өте қиын, өйткені сендердің құлақтарың естуден қалып барады.
12Уақытқа келетін болсақ, сендердің тәлімгер болатын кездерің жетті, алайда сендерді басынан қайтадан оқытып, Құдай сөзіне қайтадан үйрету керек болып тұр, өйткені қазір қатты тағамға емес, сүтке көбірек мұқтажсыңдар.
13Ал сүтке үйреніп алған адам тек сүт қана іше береді, өйткені ол әлі де бала секілді тәжірибесіз, сондықтан ол сөзді әділетті түрде қолдана алмайды.
14Қатты тағамды тек кемелді болғандар ғана жей алады, өйткені олар тәжірибе арқылы өз сезімдерін жаттықтырып алғандықтан, олар жақсы мен жаманның ара жігін ажырата алады.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.