Елшілер 16 - Zhana Osiet(NTKAZ)

1Осыдан кейін Пауыл Дербі мен Лүстраға келді. Сол жерде Тімоте деген бір шәкірт бар еді. Ол яһудей сенуші әйелдің ұлы болатын, ал әкесі грек ұлтынан.

2Лүстра мен Қониядағы бауырластар ол туралы жақсы куәлік берді.

3Пауыл оны өзімен бірге алып кетпек болды да, сол аймақтағы яһудейлерге бола, оны сүндеттеді, өйткені сол жердегі тұрғындардың бәрі оның әкесінің грек *(эллин) екенін білетін.

4Олар қай қалаға барса да, сондағы бауырластардың бәріне Иерусалимдегі елшілер мен ақсақалдар арқылы берілген тәлімді сақтауға нұсқау беріп жүрді.

5Өйткені қауымдардың сенімі нығайып, олардың саны күн сайын артып отырды.

6Олар Азия аймағына барып сөз айтпақ болған кезде, Киелі Рух оларды сол жаққа жібермеді. Сонда олар Фрүгиядан өтіп, Ғалатия өлкесі арқылы

7Мүзияға барды, сол жерден Бітүнияға баруға тырысты, алайда Исаның Рухы оларды одан әрі жібермеді.

8Сосын олар Мүзиядан өтіп, Троада қаласына келді.

9Түн ортасында Пауыл бір көрініс (аян) көреді, македониялық бір ер адам түрегеп тұрып: -Македонияға келіп, бізге көмектесші, - деп одан өтінді.

10Осы көріністен кейін, Құдайдың бізді сол жаққа шақырып жатқанын және сонда барып Ізгі хабар айту қажет екенін түсініп, дереу Македония жаққа қарай шығатын жол іздей бастадық.

11Троададан шығып, одан жоғарылау жатқан Самотраққа қарай жүрдік, ал келесі күні Жаңа қалаға (Неапольге),

12одан кейін Філіпке келдік, ал бұл қала Македония өңіріне кіретін жерде орналасқан ең бірінші қала болғандықтан, бұл қалада көбінесе римдіктер тұратын. Біз біраз күнімізді осы қалада өткіздік.

13Сенбі күні біз қақпаның сыртына шықтық, жүріп отырып, өзенге жақындау орналасқан жерден мінәжат ететін орынды тауып алып, отырдық. Сол жерге жинала бастаған әйелдермен әңгімелесе бастадық.

14Сол жерде Тиатир қаласында тұратын, алқызыл мата сататын Лидия есімді бір әйел болды. Ол Құдайды терең қастерлейтін, Жаратқан Ие оның жүрегін ашып қойған еді, сондықтан ол Пауылдың айтқан сөзін тыңдап, қабылдады.

15Осыдан кейін оның өзі және үй іші бірге суға батырылып шомылдырудан өтті. Сол кезде: -Егер сендер мені Иемізге адал деп есептесеңдер, онда менің үйіме жүріңдер. Келіп, қонақ болыңдар, -деп өтінді, ақырында ол бізді айтқанына көндірді.

16Бірде біз мінәжат ететін жерге кетіп бара жаттық. Жол бойында (пифон) сәуегейліктің рухы бар бір қызметші қызға кездесіп қалдық. Сол қыз өзінің қожайындарына, сол сәуегейлігімен өте көп пайда келтіріп тұрады екен.

17Міне, сол сәуегей қыз Пауылдың, біздің соңымыздан қалмай еріп: -Бұл адамдар -Құдіретті Құдайдың құлдары, олар сендерге құтқарылудың жолын көрсетіп, соны жариялап жүр! - деп дауыстап айғайлай бастады.

18Ол бірнеше күн бойы осылай істеп жүрді, бірде оның осы қылығына ашуланған Пауыл оған бұрылып, сол рухқа: -Мен саған Иса Мәсіхтің атымен бұйырамын, одан шық! - дегенде әлгі рух сол сәтте одан шығып кетті.

19Оның қожайындары өздері үміт артқан күнделікті табыс көзінен айрылып қалғанын білген соң, олар Пауыл мен Сыйласты ұстап алып, оларды базар алаңында тұрған басшылардың алдына желкелеп алып келді.

20Оларды сол жердегі күзет басшысына жақын апарып: -Мына адамдар -яһудейлер, олар біздің қаламызға келіп, шулатып жүр.

21Бұлар осында келіп, біз қабылдай алмайтын және бізге орындауға болмайтын жат салт-дәстүрлерді жариялап жүр, ал біз-Рим азаматтарымыз, - деді оларға.

22Пауыл мен Сыйласқа сол арадағы халық та қарсы көтеріліп кетті, күзет басшылары олардың үстіндегі киімдерін жыртып, таяқпен ұруға бұйырды.

23Оларды қатты ұрып-соғып, абақтыға жауып тастап, күзетшілерге тапжылмай күзетуді бұйырды.

24Осындай бұйрық алған олар елшілерді ең ішкі абақтыға апарып қамап, олардың аяқтарын ағаш құрсаумен бекітіп тастады.

25Түн ортасында Пауыл мен Сыйлас мінәжат етіп, ән айтып, Құдайды мадақтаумен болды, басқа тұтқындар оларды тыңдап отырды.

26Кенеттен қатты жер сілкінісі болып, абақтының негізгі іргесі шайқала бастады, сол уақытта барлық есіктер ашылып, тұтқындардың кісендері бір мезетте өзінен-өзі шешіліп қалды.

27Ұйқыдан оянған абақтының күзетшісі абақты есіктерінің ашық тұрғанын көре сала, тұтқындар босап, қашып кеткен екен деген оймен қылышын ала салып, өзін-өзі өлтірмекші болды.

28Сонда Пауыл оған дауыстап үлгеріп: -Өзіңе еш жамандық жасаушы болма! Біз ешқайда кеткен жоқпыз, бәріміз осындамыз! - деді.

29Ол шам сұрап алып, жүгіріп ішке кірді де, дірі-дір еткен күйі Пауыл мен Сыйластың аяғына келіп жығылды.

30Содан соң оларды сыртқа алып шықты да: -Мырзалар, құтқарылуым үшін менің не істеуім керек? -деді оларға.

31-Егер Иеміз Исаға сенсең, -деді олар, -онда мына өзің де, үй ішің де құтқарылады.

32Осылай оған және оның үй ішіндегілердің бәріне Иеміздің сөзін жеткізді.

33Күзетші түн ішінде оларды ертіп барып, соққыдан алған жараларын жуып, тазалады, өзі де, үй іші де сол сәтте суға батырылып шомылдырудан өтті.

34Осыдан кейін ол елшілерді үйіне шақырып, дастарқан жайып, ас ұсынды. Оның үй іші түгел Құдайға сеніп, үлкен қуанышқа ие болды.

35Күндізгі уақытта күзет басшылары абақтыға тәртіп сақшыларын жіберіп: -Сол адамдарды босатып жіберіңдер, -деп бұйырды.

36Абақтының күзетшісі бұны Пауылға жеткізді: -Күзет басшылары сендер босатылсын деп нұсқау берді! Енді боссыңдар! Тыныштықпен жүре берсеңдер болады, - деді.

37Сонда Пауыл оларға: -Бүкіл халықтың алдында бізді ұрып-соқты, біздің римнің азаматы екенімізге қарамастан, абақтыға жауып тастады. Енді бізді жасырын түрде қуып жібермекші болып тұрма ма? Жоқ, олай болмайды! Олардың өздері осында келіп, бізді осы жерден өздері алып шықсын! - деді.

38Бұл сөзді тәртіп сақшылары күзет басшыларына жеткізді. Олардың Рим азаматтары екенін естігеннен кейін, олар қорқып кетті. Өздері сонда

39келіп, оларға жалынып -жалбарынып, осы қаладан кетуін өтініп, оларды шығарып салды.

40Олар абақтыдан шыққан соң, Лидияның үйіне барды. Бауырластармен кездесіп, оларды жігерлендірді. Бұдан кейін сол жерден шығып, одан әрі кетті.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help