1Сонымен, сендер бізбен бірге қызметтес болғандықтан, Құдайдан қабылдаған рақымдылыққа немқұрайды қарамауларыңды сендерден өтініп сұраймыз.
2Өйткені Ол былай дейді: «Белгіленген уақыт келген кезде, Мен саған құлақ түрдім, құтқарылатын күні Мен саған көмекке келдім». Міне, сол уақыт, яғни, құтқарылатын күн келді.
3Сол үшін біздің осы атқарып жүрген қызметімізді күлкіге айналдырмасын деген ниетпен ешқашан ешкімге сүріндіретін кедергі тас сияқты болмауды ойлаймыз.
4Сондықтан біз барлығына кез-келген жағдайда өзімізді Құдайдың қызметкері ретінде көрсетуге тырыстық, көп жағдайда төзімділік таныттық, езгіге де түстік, зорлыққа да көндік, қысымшылыққа тап болып,
5соққыға да жығылдық, түрмеге де қамалдық, аласұрған топқа да тап болдық, ауыр еңбек еттік, ұйқы көрмеген сәттер, көз ілместен ораза ұстаған кездер де болды,
6сонда да таза жүріп-тұрдық, білім де алдық, шыдамды болып, жақсылық жасауға тырыстық, Киелі Рухтың жетегінде жүріп, сүйіспеншілік көрсеткенде, екіжүзділіктен аулақ болдық,
7сөзімізде тек шындық болды, бір Құдайдың күшімен жүрдік. Оң қолымызға да, сол қолымызға да ұстаған қаруымыз тек әділдік болды,
8даңққа да бөлендік, абыройдан жұрдай болған кезіміз де болды, бірде сөгіс естіп, бірде мақтау да алдық. Бізге жалған сөйлеуші айлакер адам ретінде де қарады, сонда да шындықты айта бердік,
9бірде белгісіз болсақ, бірде танымал болдық, бірде өлген адамдар қатарында болсақ, қазір тіріміз, бізді жазалайды, бірақ өлген жоқпыз,
10қайғыға душар болғандарға ұқсаймыз, бірақ әрқашан қуанышпен жүреміз, кедей адамдарға ұқсас болғанымызбен, көбін байытамыз, ештеңеміз жоқ сияқты болғанмен, бірақ бізде бәрі бар!
11Қорынттықтар, біз сендерге жүрегімізді де айқара ашып қойдық.
12Енді сендер де кеңпейілділік танытып, жан дүниелеріңнен бізге де орын беріңдер.
13Мен мұны балаларыма айтқандай айтып отырмын, сондықтан сендер де өздеріңді еркін ұстап, кеңпейілділік көрсетіп, ашық болыңдар.
14Сенбеушілердің киген қамытын қоса киюші болмаңдар, өйткені әділдік пен заңсыздықтың арасында ортақ не бар? Немесе жарық пен түнектің арасында ортақ не бар?
15Мәсіх пен белиардың арасында қандай қарым-қатынас болуы мүмкін? Сенуші мен сенбеушінің арасында қандай үйлесім бар?
16Құдайдың киелі үйі мен пұтқа табынушылықтың арасында қандай бірлестік бар? Ал шындығына келсек, сол Құдайдың киелі үйі-мына біз, сондықтан Құдай: «Мен олармен бірге тұрып, бірге жүретін боламын. Менолардың Құдайы, олар Менің халқым болады», -деп айтқан болатын.
17«Сондықтан сендер олардың ортасынан шығып, бөлек тұрыңдар, -дейді Жаратушы Иеміз, -тазартылмаған нәрселерге қолдарыңды тигізбеңдер, тек сонда ғана Мен сендерді қабылдаймын».
18«Мен сендерге Әке боламын, сендер Менің ұлдарым мен қыздарым боласыңдар», -дейді бүкіл әлемді Жаратқан Иеміз.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.