Римдіктерге 11 - Zhana Osiet(NTKAZ)

1Сол себепті сұрайын дегенім: «Құдай сонда Өзінің халқынан бас тартты ма?» Әрине, олай емес! Мен өзім де-исраилдікпін және Ыбырайымның ұрпағы Бениямин руынанмын.

2Құдай Өзінің халқымен не болатынын алдын ала білсе де, Ол олардан бас тартқан жоқ. Әлде сендер Илияс пайғамбар арқылы Жазбада не жазылғанын білмейсіңдер ме? Ол Құдайдың алдында исраилдіктерге қарсы шағымданып былай деген болатын:

3«Олар Сенің пайғамбарларыңды өлтірді, Сенің құрбандық орындарыңды талқандады, тек мен ғана жалғыз өзім қалдым, енді Олар менің де жанымды алмақшы болып жүр», - деді.

4Бірақ Құдай оған не деп жауап қайтарды? «Мен жеке Өзіме Бағалдың алдында тізелерін бүкпеген жеті мың ер азаматты қалдырып қойдым», - деді.

5Қазіргі кезде де дәл сондай Құдайдың рақымы арқылы таңдалып қойылғандардың біразы табылады,

6бірақ олар іспен емес, тек рақымдылықпен таңдалғандар, олай болмаса онда рақымдылық болудан қалар еді.

7Сонымен, не болды? Исраил өзі іздеген нәрсесіне соншама тырысқанмен, жете алмады, тек таңдалғандар ғана соған жетті, қалғандары тастай қатып, қасарысып қалды.

8«Құдай оларға мелшиген рухты беріп қойды, сондықтан осы күнге дейін олардың көздері не көрмейді, құлақтары естімейді», -деп Жазбада қалай жазылған болса, солай болды.

9Дәуіт: «Олардың мерекелік дастарқаны өздеріне тұзақ әрі бөгет болсын, сүрініп жазасын тартсын.

10Олардың көздерін қараңғылық басып, көрмейтін болсын, белдері әрқашан бүгулі болсын», -деген болатын.

11Сонда: «Олар сүрінбей жатып құлады ма?» -деп сұрағым келеді. Әрине, жоқ! Бірақ олардың сүрініп құлауы исраилдіктердің өздерінің қызғанышын ояту үшін, басқа ұлт өкілдеріне құтқарылу әкелді.

12Егер де олардың құлауы әлемнің байлығына, ал олардың құлдырауы өзге ұлт өкілдерінің байлығына айналса, олардың (Құдайға) толық бет бұруы қаншама байлық әкелер еді!?

13Өзге ұлттың өкілдері, мұны сендерге айтып тұрмын. Мен өзім өзге ұлт өкілдеріне жіберілген елші ретінде осы қызметімді соншама мақтан тұтамын,

14себебі өз тәнімдегі қызғанышты осылай оятып, менің халқымның біразын құтқарып қалсам деймін.

15Егер де Құдай олардан бас тарту арқылы осы әлемге татулық әкелсе, оларды қайтарып алуы өлім емес, өмір болмай ма?

16Егер де алғашқы нан киелі болса, онда оның қамыры да киелі болмай ма? Егер де оның тамыры киелі болса, онда оның бұтақтары да киелі болады.

17Егер де олардың кейбір бұтақтарын сындырып алып тастап, оның орнына мына жабайы зәйтүн ағашы атанған сені оларға әкеліп телитін болса, онда сен сол нәрлі тамырдың біріне айналасың,

18сондықтан асқақтап, сол бұтақтарды менсінбей жүрме. Егер асқақтап кетсең, есіңде болсын, тамырды ұстап тұрған сен емессің, керісінше, сол тамыр сені көтеріп, ұстап тұр.

19Мүмкін: «Мені телу үшін, бұтақтарын сындырып алып тастаған», - деп айтарсың.

20Жақсы, солай-ақ болсын. Олардың сенімсіздігіне бола, оларды сындырып, алып тастаған болатын, ал сен сол жерде сеніміңе бола тұрсың. Сондықтан мақтана берме, одан да қорыққаның дұрыс.

21Өйткені табиғи бұтақтарды аямаған Құдай сені қалай аяйды?

22Сондықтан Құдайдың мейірімділігін де, қаталдығын да көріп-біліп ал, өйткені Оның қаталдығы үзіліп, құлап түскендерге бағытталған. Егер сен мейірімділіктің аясында қалатын болсаң, онда Құдай да саған мейірімін төгеді, олай істемесең, Ол сені де кесіп алып тастайды.

23Ал егер де олар (исраилдіктер) сол сенімсіздіктерінен бас тартатын болса, онда олар қайтадан телінеді, өйткені оларды қайтадан телуге Құдайдың күші молынан жетеді.

24Егер сен өз табиғатыңа сай жабайы зәйтүн ағашынан кесіп алынған болсаң, енді соған қарамастан, керісінше, сен (мәдени), табиғаты өте жақсы зәйтүн ағашына теліндің, олардың да өзінің табиғи зәйтүн ағашына қайтадан телінуі соншама жақсы болар еді!

25Бауырластар, бір-біріңнен өздеріңді ақылдырақ санамас үшін, мына бір құпияны сендерден жасырып қалғым келмейді: басқа ұлт өкілдері Құдайға толық келетін кезге дейін Исраилдің бір бөлігі қара тастай қатып, қасарысатын болады.

26Сонымен, осылайша бүкіл Исраил құтқарылатын болады. Бұл жайында Жазбада: «Сионнан Құтқарушы келеді! Жақыптың ұрпақтарын зұлымдықтың жолынан қайтарып алатын болады!

27Олардан күнәларын алып тастаған кезде, Мен олармен келісім жасайтын боламын», - деп жазылған.

28Өйткені Ізгі хабар тұрғысынан қарағанда, сендердің құтқарылуларың үшін, олар Құдайдың жауы болды, ал олардың әкелері таңдалғандықтан, Құдайдың сүйіктісі болды.

29Себебі Құдайдың сыйы мен шақыруы ешқашан өзгермейді.

30Сол сияқты бір кездері Құдайға мойынсынбаушылық сендерде де болды, ал қазір сол мойынсынбағандарыңа кешірім алдыңдар,

31енді олар да кешірімге ие болу үшін, дәл сендер сияқты қазір олар да мойынсынбай жүр,

32өйткені Құдай бәріне бірдей кешірім беру үшін, сол бағынбаушылықтың жетегінде қалдырды.

33О, Құдайдың даналығы мен көрегендігі неткен терең еді! Оның шешімдері мен Оның жолын зерттеп білу мүмкін емес!

34Кім Иеміздің ақыл-ойымен танып-білген? Кім Оның кеңесшісі болып еді?

35Кім Ол қайтарып берсін деп, Оған алдын ала бір нәрсесін өткізіп қойып еді?

36Бәрі Онымен басталады және Ол арқылы пайда болған және бәрі Онымен байланыста. Оның даңқы ғасырдан ғасырға жасай берсін! Аумин!

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help