1Осыдан кейін мен жердің төрт бұрышында тұрған төрт періштені көрдім, олар не жерге, не теңізге, не ешқандай ағашқа жел соқпасын деп, жер бетіндегі желді төрт жағынан ұстап тұрды.
2Содан кейін мен күннің шығыс жағынан өзіне мәңгі тірі Құдайдың мөрі басылған бір періштенің шығып келе жатқанын көрдім. Ол жер мен теңізге зиянын тигізуге билік берілген төрт періштеге бар даусымен былай деп айғай салды:
3-Біздің Құдайымыздың құлдарының маңдайларына мөр басылғанша, жерге де, теңізге де, жердегі әрбір ағашқа зияндарыңды тигізбеңдер!
4Сол кезде мен мөр басылатындардың саны жүз қырық төрт мың болып, олар Исраилдің әрбір руынан шыққан ұлдардан болуы тиісті екенін естідім.
5Сонда Яһуда руынан шыққандардың саны -он екі мың, Рубен руынан-он екі мың, Ғад руынан-он екі мың,
6Ашир руынан шыққандардың саны-он екі мың, Нафталим руынан-он екі мың, Манаса руынан-он екі мың,
7Шимон руынан шыққандардың саны-он екі мың, Леуі руынан-он екі мың, Исашар руынан-он екі мың,
8Завулон руынан шыққандардың саны-он екі мың, Жүсіптің руынан-он екі мың, Буниямин руынан-он екі мың адам болып белгіленді де, мөрмен бекітілді.
9Бұдан кейін мен санаса сан жетпейтін көптеген халықтың тұрғанын көрдім. Олар әр түрлі ұлттан, рулар мен халықтардан, түрлі тілдерден шыққандар еді. Олар аппақ киім киіп, тақта Отырғанның және Тоқтының алдында тұрды, олардың қолдарында пальма ағашының бұтақтары болды.
10Сонда олар: -Бізге құтқарылуды тақта отырған біздің Құдайымыз және Тоқты береді! -деп қатты дауыстап тұрды.
11Сол кезде тақтың жан -жағында тұрған періштелер де, ақсақалдар да, төрт жануар да, жүздерін төмен салып, тақтың алдында жығылып, Құдайға табынды:
12-Аумин! Жарылқайтын бата, даңқ пен даналық, мейірім мен құрмет, күш пен құдірет біздің Құдайымызға мәңгілікке берілген! Аумин!
13Сол ақсақалдардың біреуі менен: -Мына аппақ киім киген адамдардың кім екенін білесің бе? Олар қайдан келген? - деп сұрады.
14Мен оған: -Жоқ, мырзам, оны өзің білесің, -дедім. Сонда ол маған: -Бұлар ауыр азап пен қысым көргендер, олар киіп тұрған киімдерін Тоқтының қанымен жуып, ағартып алғандар.
15Сондықтан олар Құдайдың тағының алдында тұрып, Оның киелі үйінде Оған күні-түні қызмет етеді, ал тақта Отырған Өзінің шатырын оларға кеңінен жайып қояды.
16Енді олар ешқашан аштық көрмейді, ешқашан шөлдемейді және олардың бастарынан ешқашан күн де, қандай да бір аптап ыстық та өтпейтін болады.
17Өйткені тақтың ортасында тұрған Тоқты оларды бағып, қамқор болады, оларды өмірдің бастауы болған тірі суға жетелеп апарады және олардың көзінен аққан жасты сүртіп отырады, - деп жауап берді.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.