1Мен, Пауыл, Иса Мәсіхтің құлы болғандықтан және өзге ұлттық бауырластар, сендер үшін де тұтқында отырмын.
2Әрине, сендерге бола маған берілген Құдайдың рақымы туралы және соны жеткізудің өзі маған тапсырылғанын сендер естідіңдер.
3Өйткені Құдай маған берген аяны арқылы Өзінің құпиясын ашты, сол туралы қысқаша баяндап жазып қойдым.
4Соны оқысаңдар, Мәсіх туралы құпиядан менің не түсінгенімді байқайсыңдар,
5бұл басқа ұрпақтарға, яғни, адам баласының ешқайсысына осы уақытқа дейін ашылмаған болатын, ал қазір бұл Оның киелі елшілеріне, Оның Рухымен жүрген пайғамбарларға ашылып отыр.
6Енді өзге ұлт өкілдері де осы Ізгі хабар арқылы мұрагер атанып, бір дененің мүшелері ретінде Мәсіх Иса арқылы берілген уәдеге олар да ортақтасатыны аян болды.
7Ал мен Құдайдың сыйлаған рақымымен Оған қызмет етіп, Оның маған берген күшіне сай әрекет етіп жүрмін.
8Мен киелілердің арасындағы ең елеусізі болсам да, Оның сол рақымдылық жайындағы хабарын жариялау маған жүктелген екен. Мұнда адамның ақылымен зерттеп, білуге болмайтын Мәсіхтегі шексіз байлықты, яғни, Ізгі хабарды, өзге ұлттарға жариялап,
9бүкіл әлемді жаратқан Құдайдың басшылығымен ғасырлар бойы жасырын болып келген Оның осы бір құпия жоспарын барлығына бірдей ашып беру маған сеніп тапсырылды.
10Сол арқылы Құдайдың жан-жақты әрі көпқырлы даналығы енді қазіргі кездің басшылары мен көкті билеп тұрған билік иелеріне (Мәсіхтің соңынан еретін) қауым арқылы ашылуы тиіс.
11Міне, сондықтан да Ол Өзінің алдын ала бекітіп, ғасырлар бойы сақтап келген бұл жоспарын Ол біздің Иеміз Иса Мәсіх арқылы іске асырды.
12Осының арқасында Құдайға жақындай алатын құқық пен мүмкіндікке қол жеткіздік, біз бұған Оған деген сенім арқылы қол жеткіздік.
13Сондықтан сендерге бола менің басыма түскен ауыртпалық туралы ойлап, уайымға салынбауларыңды өтінемін, себебі бұл сендерге даңқ әкеліп, абыройларыңды асырмақ.
14Мен сол үшін де Әкенің алдында келіп,
15көктегі және жердегі барлық ұрпақ Оны Әке деп атап, өмірге ие болуы үшін, тізерлеп мінәжат етемін.
16Сол себептен Оның даңқының байлығына сәйкес, құдіретті күшімен Өзінің Рухы арқылы сендердің жан дүниелеріңді байытып, нығайта берсін.
17Сөйтіп, сендердің сенімдерің арқылы Мәсіх жүректеріңнен орын алып, Өзінің сүйіспеншілігімен тамыр жайып, басты және тұрақты негізге айналсын.
18Сонымен, сендер Құдайдың барлық киелі адамдарымен қатар тұрып, Мәсіх арқылы келетін сүйіспеншіліктің қаншалықты кең және ұзақ, биік әрі терең екенін
19түсініп, Мәсіхтің сүйіспеншілігінің соншалықты *шексіз екенін білсеңдер екен деп, Құдайға мінәжат етемін, сонда ғана Құдайды толық танып-біле алатын боласыңдар.
20Біздің өмірімізде әрекет ететін Мәсіхтің күші арқылы Құдай сұрағанымыздан да, білгенімізден де артық етіп, асып-төгіп бере алады.
21Сондықтан Оның қауымдағы және Мәсіх Исадағы даңқы ғасырдан ғасырға артып, ұрпақтан-ұрпаққа жете берсін! Аумин!
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.