1Сендердің араларыңда азғындықтың бар екені туралы естідік, тіпті, біреу әкесінің әйелімен (өгей шешесімен) тұрады екен, ал мұндай азғындық өзге ұлттарда болған емес.
2Ал сендер кеуделеріңді көтеріп, тәкаппарлық көрсетесіңдер! Керісінше қайғырып, осыны істеген адамды орталарыңнан шығарып тастағандарың жөн емес пе?
3Мен тәніммен сендердің араларыңда болмасам да, рухыммен жандарыңдамын, сондықтан мен осыны істеген адам туралы мынадай шешім қабылдадым:
4біздің Иеміз Иса Мәсіхтің атымен жиналғанда, менің рухым сендермен бірге, сонда біздің Иеміз Исаның күші де бізбен бірге,
5сол адамның тәнін өлтіру үшін, сайтанның қолына тапсыру керек, сонда оның жаны тек Иеміздің қайтып келетін күні құтқарылатын болады.
6Сендер соншама мақтанып кеттіңдер, бұл жақсылық емес. Әлде сендер азғана ашытқының бүкіл қамырды ашытатынын білмейсіңдер ме?
7Бойларыңнан сол бір ескі ашытқыны тазалап, алып тастаңдар, сонда жаңа қамырға, яғни, ашымаған нанға айналасыңдар. Мәсіх бізді құтқару үшін, Өзі құрбандыққа шалынды, құрбандық тоқтысы болды.
8Сондықтан, кәнеки, енді ескі әрі зұлымдықты ашытатын кесірлі ашытқымен емес, керісінше, тазалықтың, шындықтың ашымаған нанымен тойлайық.
9Мен өзімнің хатымда сендердің неке адалдығын бұзып, азғындықпен айналысатындармен араласпауларыңды жазған едім,
10осы әлемдегі неке адалдығын бұзатын азғындардың бәрімен немесе дүниеқор және тонаушылармен, пұтқа табынушылармен араласпаңдар деген нұсқау бермедім, егер олай болса, осы әлемді мүлдем тастап кету сендердің міндеттерің болар еді.
11Егер де кімде-кім бауырлас атанғанмен, неке адалдығын бұзып, азғындыққа салынса немесе дүниеқор болып, пұтқа табынатын болса, жалақор немесе ішімдікке салынып, мас болса немесе алаяқтықпен айналысса, сондайлармен араласпауды сендерге қазір айтамын. Олармен бірге отырып тамақ та ішпеу керек екенін жазған болатынмын.
12Өйткені менің қауымнан тыс сыртта жүрген оларды соттағаным дұрыс па? Өз орталарыңда болып жатқанды соттап, шешім шығаратын мына сендер емессіңдер ме?
13Ал қауымнан тыс жүргендерді Құдайдың Өзі соттайды, орталарыңда жүрген зұлымды өз араларыңнан аластатыңдар.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.