Римдіктерге 2 - Zhana Osiet(NTKAZ)

1Сонымен, ей, адам, саған ешқандай да кешірім болмайды! Өйткені сен әркімді соттаумен жүрсің, басқа біреуді соттаған кезіңде сен де өзіңе үкім шығарасың, себебі сен соттаушы бола тұра, олар не істесе, сен де соны істеп келесің.

2Ал шындығына келсек, кім осылай істейтін болса, Құдай Сотына тартылатынын біз білеміз.

3Ей, адам, сен де осылай істегендерді соттайсың, бірақ өзің де солардың істегенін жасайсың, сен сонда Құдайдың сотынан құтыламын деп ойлайсың ба?

4Сен, мүмкін, Оның соншама адал, кешірімді және шыдамдылығының шексіз болғаны үшін, Оны жек көріп жүрген шығарсың, алайда сол адалдығымен Оның сені тәубеге келуге әкеле жатқанын әлі де ұққан жоқсың ба?

5Алайда сен осы қатыгездігіңе бола жүрегіңде тәубе етпегендіктен, өзіңе арналған Құдайдың қаһарын, Құдайдың әділдігін ашып беретін қаһарлы күніне сақтап жүрген секілдісің.

6Сол кезде Ол әркімнің ісіне сай өз жазасын береді.

7Сонымен, егер де кімде-кім игі іс істеп, төзімділік көрсетіп, Оның мәңгілік даңқы мен абыройын іздейтін болса, Ол соған мәңгілік өмір береді,

8ал дау-дамайға беріліп, шындыққа мойынсынбай, тек әділетсіздіктің жетегінде жүретіндерге Ол ашуға толы қаһарын төгетін болады.

9Зұлымдық істеп жүрген әрбір адамның жанын қысымшылық пен азап күтіп тұр, бірінші яһудейді, одан кейін эллинді.

10Ал ізгілік істеп жүрген әркімді даңқ пен абырой, тыныштық күтіп тұр, бірінші яһудейді, одан кейін эллинді,

11себебі Құдай (адамның) бет-жүзіне қарамайды.

12Сондықтан заңды білмей күнә жасап жүргендердің бәрі заң қолданылмай-ақ құртылып, жоқ болады, ал заңмен жүріп, күнә жасағандардың бәрі заң арқылы сотталады,

13өйткені заңды тыңдаушылар Құдайдың алдында ақтала алмайды, керісінше, заңды орындап, оны іске асырып жүргендер ғана ақталатын болады.

14Өзге ұлт өкілдеріне келер болсақ, оларда заң болған емес, алайда олар табиғаттың заңымен жүр, бұл заң болмаған кездің өзінде берілген заң ретінде қала береді.

15Себебі осы нәрсе олардың жүректеріне заң талабының жазылып қойғанын көрсетеді, бұған куәлік беруші-олардың ар-ұяты, сөйтіп, осы арқылы олар бір-біріне деген ойпікірі бойынша не ақталады, не айыпталады.

16Сөйтіп, Құдай сот болатын күні адамдардың бүкіл құпия істерін мен жариялап жүрген Ізгі хабарға сай Иса Мәсіх арқылы соттайтын болады.

17Егер де сен яһудей болып және заңға сүйеніп Құдайды мақтан тұтып жүрсең,

18онда сен Оның еркін білесің, сөйтіп заңнан алған тәліміңе сай, ненің жақсы екенін ажырата аласың.

19Өіңді соқырлардың жетекшісі әрі түнектегілерге жарық болып жүргеніңе сенімдісің,

20ақылсыздарға тәрбиеші, сәбилерге ұстазсың, өйткені білімнің үлгісін, шындықты заңнан таптың.

21Басқаларға тәлім бересің, бірақ неге өзіңе-өзің тәлім бермейсің? Ұрлама деп жар саласың да, ал өзің неге ұрлайсың?

22Неке адалдығын бұзбаңдар дейсің, ал өзің неге неке адалдығын бұзып жүрсің? Пұтқа табынуды жек көресің, сен не үшін ғибадатхананы тонап жүрсің?

23Заңды мақтан тұтасың, алайда сол заңның талаптарын бұзып, неге Құдайдың атын қорлайсың?

24«Өйткені сендерге бола Құдайдың есімі өзге ұлттардың арасында қорлануда», - деп Жазбада бекер жазылмаған.

25Ал сүндеттелуге келсек, заңды ұстанып жүрсең ғана сүндеттелудің пайдасы бар, егер заңды бұзатын болсаң, онда сенің сүндеттелгенің маңызы болмайды.

26Сүндеттелмеген басқалар заңның талабын орындап жүрсе, оның сүндеттелмегені сүндеттелуге жатпай ма?

27Сондықтан табиғатынан сүндеттелмеген басқалар сол жазылған заң арқылы сені заң бұзушы ретінде соттайтын болады.

28Өйткені яһудей болудың сыры сыртқы бейнемен анықталмайды, сонымен қатар, сүндеттелу денеге түскен белгімен де анықталмайды,

29яһудей болудың құпиясы жүректі заңның әріптерімен емес, рухпен сүндеттеуде болып тұр. Тек сонда ғана мақтау адамдар жағынан емес, Құдайдан болады.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help