1Құдайдың киелі адамдарына арнап құрбандық жинау мәселесіне тоқталсақ, мен бұл туралы нұсқауды Ғалатия өлкесіндегі қауымдарға да берген болатынмын, енді сендердің де соны орындағандарыңды қалаймын.
2Сондықтан әр аптаның бірінші күні әркім өзінің мүмкіндігіне (жағдайына) қарай, бергісі келген құрбандығын үйінде жинап, сақтап қойсын, осылай істегендерің бәріне ыңғайлы болады, өйткені мен келген кезде, құрбандық жинап жүрмейтін боласыңдар.
3Мен өздеріңе келгеннен кейін, сендер лайықты деген адамдар арқылы ұсыныс (кепілдеме) хатпен сендердің жинаған құрбандықтарыңды Иерусалимге жіберемін.
4Егер менің де олармен баруым керек болса, онда олар менімен бірге барады.
5Мен Македония арқылы баратын болғандықтан, өздеріңе Македонияға өтіп бара жатқанда соғамын.
6Мүмкін, сол кезде ыңғайы келіп жатса, өздеріңмен біраз уақыт бірге боламын, тіпті, қыстап қалуым да мүмкін, егер жолға шығатын болып жатсам, баратын жағыма өздерің шығарып саларсыңдар.
7Өйткені мен жол-жөнекей кетіп бара жатып, сендердің жүздеріңді қысқа ғана мерзімге көргенімше, Құдай қаласа, сол жақта өздеріңмен бірге біраз уақыт боламын деген үмітім бар.
8Мен Ефесте тек Елулік күнге дейін ғана боламын,
9себебі қарсыластардың көптігіне қарамастан, қызмет етуге сол жақта маған есік кеңінен ашылып, қолдау көрсетіліп тұр.
10Егер де Тимотей келсе, қамқорлық жасап, оның орталарыңда қорықпай жүруіне мүмкіндік жасаңдар, өйткені ол да мен сияқты Иеміздің қызметін атқарып жүр,
11Оның іс-әрекеті үшін ешкім оны менсінбей (елемей) жүрмесін. Егер ол маған келуге ынта білдірсе, оның жолына тыныштық тілеп, маған қарай шығарып салыңдар. Мен оны осындағы бауырластармен бірге күтемін.
12Аполлос бауырымызға келсек, мен оның басқа бауырластармен бірге сендерге барып қайтқанын қалап, бұл туралы одан бірнеше рет жалынып сұрадым. Бірақ оның дәл қазір сендерге баратын ешқандай ықыласы болмай тұр, өзіне бір ыңғайлы уақыт тапқанда, ол сендерге барады.
13Сонымен сергек болыңдар! Сенімде нық тұрыңдар! Батыл әрі мықты болыңдар!
14Атқаратын істеріңнің бәрін сүйіспеншілікпен орындаңдар.
15Бауырластар, сендерден мынаны өтініп сұраймын: Стефанның үй ішін білесіңдер, олар Ахая өлкесіндегі ең алғашқы сенушілердің бірі болды. Олар Құдайдың адамдарына қызмет етуге өздерін арнап, соған бағыштады.
16Сондықтан өздеріңмен бірге осылай қол ұстасып, қажырлы еңбек етіп жүрген сондай адамдарға мойынсұныңдар.
17Стефан мен Фортунаттың және Ахаиктің келгеніне қатты қуанып отырмын. Олар мен үшін сендердің орындарыңды толтырды.
18Сөйтіп, олар сендердің де, менің де рухымды тыныштыққа бөледі. Мұндай адамдарды бағалау керек.
19Азиядағы қауымдар сендерге сәлем айтып жатыр. Көптен бері Иемізде жүрген Акила мен Прискила да сендерге өздерінің үйінде жиналатын қауымдағыларымен бірге сәлем жолдауда.
20Осында жүрген бауырластардың бәрі де сендерге сәлем айтып жатыр, бір-біріңді сүйіңдер және осы сәлемімді бәріне жеткізіңдер.
21Бұл сәлемімді мен, Пауыл, өз қолыммен жазып отырмын.
22Егер кімде-кім Иемізді сүймейтін болса, онда оны қарғыс атсын. Маранафа! (Иеміз тездетіп келе гөр!)
23Иеміз Исаның рақымы сендермен бірге болсын!
24Менің сүйіспеншілігім Иса Мәсіхтегі сендердің барлықтарыңмен бірге. Аумин!
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.