1Сонымен, Құдайдың сүйікті балары ретінде Құдайға еліктеп,
2сүйіспеншілікпен өмір сүріңдер. Мәсіх бізді қалай сүйсе, сендер де бір-біріңді солай сүйіңдер, себебі Ол бізді сүйгендіктен, біз үшін Құдайға Өзін тарту етіп, құрбандықтың хош иісіне айналды.
3Сендердің араларыңда неке адалдығын бұзу, ашкөздікке әкелетін таза емес, лас нәрселердің, тіпті, аты да аталмасын, өйткені мұндай іс-әрекет Құдайдың киелі адамдарына лайықты емес.
4Сонымен қатар, сендерге ұятсыз қылықтар жасап, орынсыз қалжың айту да жараспайды, одан да Құдайға көбірек алғыс айтыңдар.
5Сондықтан сендер мынаны білуге тиіссіңдер: азғындықтың неше түрімен айналысып, тазалық дегенді білмейтін, тойымсыздыққа беріліп, пұтқа табынатын әркім Мәсіх пен Құдайдың Патшалығына мұрагер бола алмайды.
6Ешкім де сендерді өздерінің бос сөздерімен алдап кетпесін, өйткені осындай іс-әрекет жасап, Құдайға мойынұсынбай жүргендерге Құдайдың қаһары төгілмек.
7Сондықан Сендер олардың істеген істеріне араласып, олармен *сыбайлас болмаңдар.
8Сендер бір кездері түнек болдыңдар, қазір Иемізде жарқыраған жарық болдыңдар, сондықтан енді сендер Сол жарықтың балаларына лайықты өмір сүріңдер.
9Ал жарықтың беретін жемісі мынадай: ол кез-келген жағдайда жақсылық жасайды, әрбір кезде әділдік пен шындықты қолдайды.
10Демек, Иемізге не ұнамды екенін біліп алыңдар.
11Жеміс бермейтін түнектің істеріне араласпаңдар, қайта олардың істерін көбірек әшкерелеңдер,
12себебі олардың құпия түрде жасап жүрген істерін, тіпті, айтудың өзі ұят.
13Бірақ барлық құпия тек жарық арқылы ашылып, әшкере болады.
14Жарық бәрін ашып береді. Сондықтан: «Тұр, ұйқыңнан оян! Өлімнен тіріл! Мәсіх саған нұрын төгіп тұр!», -деп бекер айтылмаған.
15Сондықтан абайлаңдар, жүріс-тұрыстарыңа мұқият болыңдар, жүріс-тұрыстарың ақымақтікіндей емес, ақылды адамдікіндей болсын.
16Кез-келген уақыттарыңды тиімді пайдаланыңдар, өйткені күндеріміз өте алдамшы (зұлымдыққа толы).
17Ақылсыз болмаңдар, Иеміздің еркін түсініп алуға тырысыңдар.
18Шарап ішіп, мас болмаңдар, ол жүгенсіздікке апарады, оның орнына Рухқа кенеліп,
19бір-біріңе Забур жырларын, рухани мадақтау әндерін айтып, жүректеріңнен шыққан жырлармен Иемізді мадақтаңдар.
20Иеміз Иса Мәсіхтің Әкесі Құдайға әрқашан алғыс айтыңдар.
21Мәсіхті дәріптеп, Оны құрметтей отырып, бір-біріңе мойынұсыныңдар.
22Әйелдер, Иемізді қалай құрметтесеңдер, күйеулеріңді де солай құрметтеңдер.
23Мәсіх-қауымның Басы әрі Құтқарушысы, сол секілді әйелдің басы-оның күйеуі.
24Сонымен, қауым Мәсіхке қалай бағынса, әйелдер де дәл солай барлық жағдайда күйеулеріне бағынуы тиіс.
25Күйеулер, әйелдеріңді жақсы көріңдер, себебі Мәсіх қауымды жақсы көрді, сондықтан Ол Өзін құрбандыққа беріп,
26оны киелі ету үшін, сөз арқылы судан өткізіп, тазалады.
27Ол мұны тек Өзіне тиесілі және тек Өзін құрметтейтін қауым жасап шығару үшін істеді, енді онда ешбір дақ, не болмаса ешбір кемшілік болмайды, керісінше, ол киелі әрі кіршіксіз таза болады.
28Күйеудің міндеті де дәл солай, ол өз денесін қалай сүйсе, әйелін де солай сүюі тиіс. Өз әйелін сүйе білген өзін де сүйеді.
29Ешкім өз денесін жек көрмейді, қайта, оған нәр беріп, оны жылы ұстауға тырысады, сол секілді Мәсіх те Өзінің қауымына дәл солай қарайды,
30өйткені біз Оның денесінің бір-бір мүшесіміз.
31«Адам өз әке-шешесін тастап, әйеліне барып қосылады, сөйтіп, екеуі бірігіп, бүтін бір дене болады».
32Осының астарында терең бір сыр бар, мен мұны тек Мәсіхпен және қауыммен байланыстырып айттым.
33Алайда сендердің әрқайсысың өздеріңді қалай сүйсеңдер, әйелдеріңді де дәл солай сүюге тиіссіңдер, ал әйелдер күйеуін қадірлеп, қастерлейтін болсын.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.