1Осы айтқандарымызды қорытындыласақ, ең бастысы біздің дәл сондай Бас қызметкеріміз бар, Ол ұлылықпен Көкке көтерілді де, Құдайдың оң жағындағы таққа барып отырды.
2Ол адамның қолымен жасалмаған, Құдайдың Өзі тұрғызған киелі үйдің, яғни, шындықтың шатыры болған Құдай үйінің Бас қызметкері болды.
3Әрбір бас қызметкер Құдайға тартулар мен құрбандықтар әкелу үшін тағайындалатын, сондықтан Ол Құдайдың алдына барған кезде, Өзімен бірге қандай да бір тартулар мен құрбандықтар әкелуге тиіс болатын.
4Егер де Ол жер бетінде болса, Оның Бас қызметкер болуға еш мүмкіндігі болмас еді, өйткені жерде Заңның талабына сай тартуларды әкелетін қызметкерлер жеткілікті еді.
5Мысалы, Құдай Мұсаға аян берген кезде, дайындалатын шатырдың пішіні көктегі Құдай үйінің үлгісіне не оның көлеңкесіне ұқсас болуын ұсынды, себебі Мұса шатырды әлі толық құрастырып, аяқтамастан бұрын Құдай оған: «Сен шатырды құрастырған кезде өзіңе тауда көрсетілген үлгі бойынша жасайтын бол, бәрін әбден қарап ал», -деп бұйырды.
6Исаның қызметінің ерекшелігі Ол бұрынғыдан да игілікті және артықшылығы мен ерекшелігі мол, керемет екі уәдеге негізделген екі жаққа дәнекер болатын Жаңа келісімнің жобасын салды.
7Егер де алғашқы келісім мінсіз болса, онда екінші келісімнің жобасын салу қажет емес еді.
8Құдай адамдардың кемшілігін көргенде, оларға былай деген болатын: «Міне, болашақта Менің Исраилдің және Яһуданың үйімен жаңа келісім жасайтын күн туады.
9Менің бұл келісімім олардың ата-бабаларын қолдарынан жетектеп, Мысыр елінен алып шыққан тұста бекіткен келісімім сияқты болмайды, өйткені олар сол кезде Менің бекіткен келісіміме адал болмады, сондықтан оларды Мен ойымнан шығарып тастадым.
10Енді сол күндерден кейін Менің Исраилдің үйіндегілермен жасайтын келісімім мынандай болады, -дейді Жаратқан Ие, -Мен беретін заңдарымды олардың ой-саналарына құйып, оны жүректеріне жазып қоямын, сөйтіп, Мен олардың Құдайым боламын, олар Менің халқым болады.
11Сол кезде әр адам немесе әрбір бауырлас бір-біріне үйретудің орнына: «Иеңді жақыннан танып-біл», -деп айтатын болады, сол арқылы олардың кішісінен үлкеніне дейін Мені жақыннан танып-білетін болады.
12Өйткені Мен оларға мейіріммен қарап, жасаған әділетсіздіктері мен күнәларының ешқайсысын енді қайтып есіме алмаймын», - дейді Ием.
13Сонымен, Ол Жаңа келісім туралы айтқанда, алғашқы келісімнің ескіргенін көрсетеді, ал тозған нәрсе ештеңеге жарамсыз әрі пайдасыз болады, сондықтан ол жылдам жойылып кетеді.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.