1Осыдан кейін маған асатаяққа ұқсайтын қамыстан жасалған өлшеуіш құрал беріліп, мынаны айтты: -Тұр да, мына құралмен Құдайдың киелі үйін және құрбандық үстелінің көлемін өлше, сосын Құдайдың киелі үйіне табынуға келгендерді санап шық.
2Киелі үйдің көлемін өлшеген кезде, оның сыртқы ауласын өлшеме, оны сол күйінде қалдыр, өйткені ол -өзге ұлт өкілдеріне берілген жер, олар сол киелі қаланы қырық екі ай бойы аяқтарының астында таптайтын болады.
3Мен оларға Өзім туралы қуәлік айтатын екі куәгерімді жіберемін. Олар үстеріне кенептен тігілген киімдерін киіп, оларға бір мың екі жүз алпыс күн бойы пайғамбарлық сөз айтады.
4Осылайша олар жер әлемді жаратқан Жаратушы Иенің алдында өсіп тұрған қос зәйтүн ағашы мен қос шырағдан болмақ.
5Егер де оларға біреу зиян тигізетін болса, осы екі куәгердің аузынан от шығып, жауларын жұтып қояды. Оларға зиян келтірмек болғандар сол арада өлтіріледі.
6Себебі олар пайғамбарлық сөз айтқан күні жаңбыр жауғызбай, аспанды жауып қоятын және суды қанға айналдыра алатын, жер бетіне қанша зақым келтіріп, зардап шеккізгісі келсе, оны соншама іске асыра алатын билік берілген.
7Олардың куәлік айтатын мерізімі аяқталған кезде, түпсіз тұңғиықтан бір хайуан шығып, оларға қарсы соғысып, жеңеді де, оларды өлтіреді.
8Олардың мәйітін ұлы қаланың көшесіне әкеліп тастайды, сол қалаларды рухани жағынан Содом мен Мысыр деп те атайды, өйткені сол қалада олардың Иелері айқышқа шегеленген болатын.
9Сонда тұратын халықтар мен әр түрлі рулар, әр тілде сөйлейтін ұлттар мен түрлі тайпалардың адамдары үш жарым күнге дейін әлгі екі куәгердің мәйіттерін көздерімен көреді, себебі сол уақытқа дейін олардың мәйіттерін жерлеуге рұқсат бермейді.
10Олардың мұндай жағдайға тап болғанына жердің тұрғындары қатты қуанып, бір-біріне сыйлықтар беріп, мәз-мейрам болады, өйткені олар осы екі пайғамбар жердің тұрғындарына азап әкелді деп ойлайды.
11Үш жарым күн өткен соң, Құдайдың өмір беруші Рухы олардың бойына кіреді, сонда оларға күш бітіп, олар аяқтарынан тік тұрады. Сол сәтте оларды көргендерді үрей билеп, оларға қатты қорқыныш келеді.
12Сонда екі пайғамбар көктен: -Жоғарыға, көкке, көтеріліңдер, -деген дауысты естиді. Олар сол сәтте бұлтпен көкке көтеріліп кетеді, ал жаулары олардың көкке көтеріліп бара жатқан сәтінен көз алмай, қадалып қарап тұрады.
13Сол сағатта қатты жер сілкінісі болып, қаланың оннан бір бөлігі қирайды. Сол жер сілкінісінен қырылған адамдардың саны жеті мыңға жетеді, аман қалғандарды қорқыныш билеп, олар көктегі Құдайды мадақтай бастайды.
14Сонымен, екінші қасіреттің кезеңі өтіп кетті, енді тез арада үшінші қасірет жақындап келді.
15Жетінші періште кернейін тартқан кезде, көктен: -Осы әлемнің патшалығы біздің Мәсіхтің Патшалығына айналды, енді Ол Өзінің Патшалығын ғасырдан ғасырға, мәңгілікке құрып, Патша болады! - деген дауыс естілді.
16Сонда тақта отырған жиырма төрт ақсақал бастарын төмен иіп, Құдайдың тағының алдына жығылып, тағзым етіп,
17былай деді: -Жаратқан Ие, Осы әлемнің Иесі-Сенсің, біз Саған алғысымызды айтамыз, Сен-мәңгі бар Құдайсың, Сен-әуел бастан болған Құдайсың, Сен Өзіңнің құдіретті билігіңді алып, Ұлы Патшалығыңды құрдың.
18Өзге ұлттың адамдары ашуға булығып, бас көтеруде, енді Сенің де ашу шақыратын кезің келді. Өлгендерді соттайтын және Өзіңе адал болып, құл ретінде қызмет еткен пайғамбарларың мен киелі қызметкерлеріңе, Сенің атың аталғанда қорқыныш билейтін үлкен-кішіге, яғни, олардың әрқайсысына лайықты сыйларын беріп, жер бетінде адамдарды құртып жүргендердің көзін жоятын уақытың келді.
19Сонда Құдайдың көктегі киелі үйінің есігі ашылды да, Құдайдың келісім сандығының Құдайдың киелі үйінің төрінде тұрғаны көрсетілді, сол сәтте найзағай жарқылдап, дауыстар естіліп, күн күркіреп, жер сілкініп, қалың бұршақ жауды.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.