1Осы кезде мен көктегі Құдайдың үйінен шыққан бір дауысты естідім, сол дауыс жеті періштеге: -Құдайдың қаһарына толы жеті тостағанды жерге төгіңдер, - деді.
2Бірінші періште барып, Құдайдың қаһарына толы тостағанды жерге төгіп жіберді, сонда хайуанның таңбасы бар адамдарда және сол хайуанның мүсініне табынып жүргендердің денесінде қорқынышты іріңді жаралар пайда болды.
3Екінші періште барып, Құдайдың қаһарына толы тостағанды теңіздің үстіне төкті, сонда теңіз қанға айналды, қанның түсі өлген адамның қанына ұқсас болды, сонда теңіздегі бүкіл тіршілік иелерінің бәрі қырылып қалды.
4Одан кейін үшінші періште барып, Құдайдың қаһарына толы тостағанды өзендер мен су көздеріне төкті, олар да қанға айналды.
5Сол кезде суға билік ететін періштенің былай деген лаусын естідім: -Құдай, Сен-әділеттісің, Сен-қазір де бар Құдайсың, Сен әуел бастан бар болдың, Сен киелісің, бұл сот-Сенің сотың, сондықтан Ол-әділетті.
6Олар Сенің киелі халқыңның және пайғамбарлардың қанын аяусыз төкті, сондықтан Сен оларға қан ішкіздің, олар соған лайықты болды, - деді.
7Сол сәтте құрбандық үстелінің жанынан шыққан дауыстың: -Иә, Жаратушы Құдай Ие, бүкіл әлемнің Билеушісі, Сенің сотың шынайы әрі әділ, -деп айтқанын естідім.
8Төртінші періште барып, Құдайдың қаһарына толы тостағанды күнге төкті, күнге адамдарды күйдіретін мүмкіндік берілді.
9Сонда аспан айналып жерге түскендей ыстық болып, күн адамдарды қызуымен күйдіре бастады. Адам төзгісіз, ми қайнатар ыстықта олар осы қасіреттің үстінен билік ететін Құдайға тіл тигізді. Құдайдың даңқын дәріптейтін мүмкіндіктері болса да, олар тәубеге келіп, теріс жолдарынан қайтпады.
10Міне, бесінші періште барып, Құдайдың қаһарына толы тостағанды хайуанның тағының үстіне төкті, сонда оның тағын қараңғы түнек басты. Адамдар ауырсына қиналып, тістене ыңқылдады.
11Олар денелеріндегі жаралардан қатты азап шексе де, не тәубе етпеді, не өздерінің істерінен бас тартпады, керісінше, көктегі Құдайға тіл тигізді.
12Ал алтыншы періште Құдайдың қаһарына толы тостағанды Ефрат деген үлкен өзеннің үстіне төкті. Сонда оның суы тартылып, өзен құрғап қалды, себебі шығыс жақтан келетін патшаларға сол жақтан жол дайындау қажет болды.
13Сонда мен айдаһардың аузынан, хайуанның аузынан және жалған сөйлейтін пайғамбардың да аузынан құрбақаға ұқсаған таза емес үш рухтың шыққанын көрдім.
14Бұлар кереметтер жасайтын сайтанның рухтары болатын. Олардың негізгі мақсаты жер бетіндегі барлық патшаларға барып, басын біріктіріп, оларды ұлы күнге, яғни, бүкіл әлемнің билеушісі Құдаймен соғысатын күнге дайындау еді.
15-Абай болыңдар! Мен ұры секілді аяқ астынан келемін! Өзінің ұятты жерін көрсетпей, жалаңаш жүрмей, киімдерін сақтап, сергек жүрген жан бақытты.
16Сонымен, әлгі рухтар патшалардың басын қосып, оларды еврейше Армагедон деген жерге жинады.
17Міне, жетінші періште Құдайдың қаһарына толы тостағанды ауаға шашып жіберді. Сол кезде Құдайдың көктегі үйіндегі тақтан: -Орындалды! -деген қатты дауыс шықты.
18Сонда найзағай ойнап, дауыстар естіліп, күн күркіреп, күшті жер сілкінісі болды. Дәл мұндай алапат жер сілкінісі адам баласы жер бетін мекендеген кезден бері бұрын-соңды болған емес.
19Жер сілкінісі кезінде Ұлы қала үшке бөлінді, басқа халықтар тұрып жатқан қалалар жермен жексен болып қирады. Осылайша ұлы Бабылдың іс-әрекетін есінде сақтап жүрген Құдай Өзінің қаһарына толы тостағандағы шараптан оған осылай ішкізді.
20Аралдар түгелдей жоғалып кетті, таулар тып -типыл болды.
21Көктен адамдардың үстіне салмағы бір талант (27 кг) тартатын бұршақ жауды, бұл адамдарға үлкен қорқыныш әкелді, сол бұршақтан жарақат алған адамдар Құдайды тілдеді.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.