1Сонда бас қызметкерлер Степаннан: -Бұл дәл солай болды ма? - деп сұрады.
2Степан былай жауап берді: -Ер-азаматтар, бауырлар мен әкелер! Мені тыңдаңыздаршы! Құдай өзінің ұлылығымен біздің арғы атамыз Ыбырайым Харан аймағына қоныстанардан бұрын Месопотамияда жүрген кезінде оған көрінді.
3«Өзіңнің мына жеріңді және туыстарыңды таста да, шық, -деп, -Мен саған көрсететін жерге бар», -деген болатын.
4Сонда ол халдейлердің жерінен шығып, Харанға барып қоныстанды. Сол жерде оның әкесі қайтыс болды, одан кейін Құдай оны қазір сіздер тұрып жатқан осы жерге әкеліп қоныстандырды.
5Алайда Құдай оған сол кезде бұл жерден мұралық еншілікке, тіпті, табан тірейтін жер де берген емес, сол кезде Ыбырайымның баласы болмаса да, оның болашақ ұрпақтарына осы жерді иелікке беретінін айтып, уәде берді.
6Сонда Құдай оған оның ұрпақтарының бөтен жерде жат жерлік болып тұратынын және төрт жүз жылдай құлдықта болып, ауыр азап шегетіні туралы айтып:
7«Бірақ Мен оларды құлдықта ұстаған халыққа сот жүргізіп, оларды жазалаймын, содан кейін олар бостандық алып, осы жерге келіп, Маған қызмет ететін болады», -деген еді.
8Міне, сол кезде Құдай Ыбырайымға сүндетті өсиет ретінде берді. Осыдан кейін ол Ысқақты дүниеге әкелді, сегізінші күні оны сүндеттеді, Ысқақтан Жақып, Жақыптан он екі ру басшылары туылды.
9Рубасылар Жүсіпті қызғаныштан мысырлықтарға беріп жіберді, алайда Құдай онымен бірге болып,
10оны барлық қайғы-қасіретінен құтқарып алып отырды. Сөйтіп, Мысырдың патшасы перғауынның көз алдында оған рақымдылық пен даналық берді. Жүсіпті бүкіл Мысырдың және оның үйінің үстінен қарайтын басшы етіп қойды.
11Содан кейін Мысыр елі мен Ханақанның барлық жеріне үлкен ашаршылық келген кезде, біздің ата-бабаларымыз нан таба алмай қиналды.
12Сонда Жақып Мысыр жерінде астық бар екенін естіп, біздің арғы аталарымызды алғаш рет сонда жіберді.
13Олар екінші рет сонда қайта барғанда, Жүсіп өз бауырларына өзінің кім екенін айтып, ашып берді, сол кезде перғауынға да Жүсіптің тегі белгілі болды.
14Жүсіп ағаларына тапсырма беріп, әкесі Жақыпты және барлығы жетпіс бес адамнан тұратын туыстарын өзіне шақырып алдыртты.
15Сонымен, Жақып Мысырға көшіп келді, сол жерде өзі де, біздің ата-бабаларымыз да қайтыс болды.
16Олардың денелерін жерлеу үшін Сихемге алып келді, осылайша бір кездері Ыбырайым сихемдік Хамордың ұлдарынан күміске бағалап сатып алған қабірге оларды апарып қойды.
17Құдайдың Ыбырайымға берген уәдесінің орындалатын уақыты жақындаған сайын, Мысыр жеріндегі халық өсіп -өніп көбейе берді.
18Бұл Жүсіп туралы білмейтін басқа бір патшаның Мысырда таққа отыратын уақыты келгенге дейін жалғаса берді.
19Ол патша біздің ұлтымызға қарсы жауыз әрекеттерін қолданып, ата-бабаларымызға қысым көрсетті: жаңа туған нәрестелерді өлтіру үшін, оларды мәжбүрлеп тастатты.
20Дәл осы уақытта Құдайдың көз алдында Мұса дүниеге келді, ол өте әдемі бала болды. Әкесінің үйінде оны үш-ақ ай тамақтандырды.
21Мұсаны амалсыз тасталған жерінен перғауынның қызы тауып алып, оны өзімен бірге алып кетіп, өз баласындай бағып-қағып өсірді.
22Міне, Мұса осылайша мысырлықтардың бүкіл даналығына тәрбиеленді, сөйтіп, ол өзінің сөзіне де, ісіне де өте мықты болып өсті.
23Ол қырық жасқа толған кезде, оның жүрегінде өзінің Исраилдік бауырларын көрсем деген ниет пайда болды.
24Сол уақытта олардың біреуін мысырлықтың азаптап жатқанын көріп, оны қорғайды, жәбірлеуші мысырлықты жазалайды.
25Сонда Мұса өзі арқылы бауырлары исраилдіктерге Құдай құтқарылу әкелетінін олар түсінеді деп ойлады, бірақ олар мұны түсінбеді.
26Келесі күні Мұса олардың бір-бірімен төбелесіп жатқанынын көріп: «Ер-азаматтар, сендер бауырлассыңдар ғой, -деді ол, -неге бір-біріңді ренжітіп жатырсыңдар?» -деп оларды татулыққа шақырғанда,
27жақынын ренжіткен адам Мұсаны итеріп жіберіп: «Кім сені біздің үстімізден қарайтын басшы немесе соттаушы етіп қойды?
28Кеше ана мысырлықты қалай өлтірген болсаң, мені де солай өлтірмексің бе?» - дейді.
29Бұл сөзді естіген Мұса мадиандықтардың жеріне қашып барып, сонда жат жерлік болып тұрады. Сол жерде оның екі ұлы дүниеге келеді.
30Осыдан қырық жыл өткенде, оған Синай тауының маңындағы шөл далада тікенді бұтадан жалындап жанған оттан Періште көрінді.
31Бұған қатты таңғалған Мұса оны көру үшін, оған жақындай бергенде, ол Жаратушы Иенің:
32«Мен-сенің әкелерің Ыбырайымның Құдайы, Ысқақтың және Жақыптың Құдайымын», -деген даусын естиді. Сол кезде Мұса қорқыныштан қалшылдап, отқа қарауға дәті бармады.
33Сонда Жаратушы Ие оған: «Аяқ киіміңді шеш, өйткені сен тұрған жер-киелі жер.
34Мен Мысырда Өзімнің халқымның қиналып жатқанын көріп, олардың ыңқылын естідім. Енді оларды сол жерден алып шығу үшін, Мен төменге түстім. Ал сен бері кел, Мен сені Мысырға жіберемін», - деді.
35Осының алдында олар бұл Мұсадан бас тартып: «Сені кім бізге басшы әрі соттаушы етіп қойған еді?» -деген болатын. Міне, енді тікенді бұтадан оған көрінген Періште арқылы Құдай басшы әрі азат етуші ретінде қолданып, Мұсаны оларға қайтадан жіберді.
36Сөйтіп, оларды сол жерден алып шыққан кезде, Мысыр жерінде де, Қызыл теңізде де, шөл далада да ол қырық жыл бойы ғажайыптар мен кереметтерді жасап жүрді.
37Сол кезде Мұса Исраил ұлдарына: «Құдай өз бауырларыңның арасынан мен сияқты бір Пайғамбарды шығаратын болады, Соны тыңдайтын болыңдар», -деп айтып кеткен еді.
38Қысқасы, сол шөл далада жиналған Исраил халқымен бірге болып, Синай тауында сөйлеген Періште мен біздің бабаларымыздың арасын байланыстырып, бізге өмір сөзін жеткізген сол Мұса болды.
39Біздің әкелеріміз оған мойынсынбай, кеудесінен итеріп тастады. Олар жүректерімен Мысырға қарай бұрылып Харонға:
40«Бізге алдымызда жүріп отыратын құдайымызды жасап бер, себебі Мысырдан бізді алып шыққан Мұсаға не болғанын білмейміз», - деп тұрып алған болатын.
41Содан олар (алтыннан) торпақтың мүсінін жасатып алып, пұтқа табынды, оған құрбандық беріп, өз қолдарымен жасаған істеріне сол күні масаттана қуанды.
42Құдай олардан бет бұрып кетті де, оларды аспан астындағы күштерге құлшылық етуге қалдырды. Бұл оқиға пайғамбарлар жазбасында былай деп жазылған: «Исраил әулеті, қырық жыл бойы шөл далада болған кездеріңде, құрбандыққа арналған малдарыңды әкеліп, Маған құрбандыққа беріп тұрдыңдар ма?
43Сендер өз құдайларың Рефанның жұлдызын өздеріңмен бірге Молохтың шатырына апарып, олардан табынатын бейне жасап алдыңдар, сондықтан Мен сендерді Бабылдан да ары асырып, жер аударып жіберемін».
44Біздің бабаларымыз шөл далада жүргенде, оларда киелі келісім куәліктері бар шатыр болды. Алайда Құдай оны Мұсаның өзіне көрсетілген үлгі бойынша жасауға бұйрық берді.
45Ешуаның көшбасшылығымен мұралыққа берілген жердегі елдерді біздің ата-бабаларымыздың алдынан Құдай қуып шығарған кезде, олар шатырды сонда алып кірді. Дәуіттің патшалық құратын күндері келгенде,
46ол Құдайдың алдында рақымға ие болып, Жақыптың әулетінің Құдайы мекендейтін үй салу үшін рұқсат сұрады.
47Дегенмен, Құдайға арналған үйді тұрғызған тек Сүлеймен болды.
48Бірақ Ұлы Құдай адам қолымен салынған үйде тұрмайды. Пайғамбар бұл туралы былай дейді:
49«Аспан-Менің отыратын тағым, жер-Менің аяғымды тірейтін тіренішім! Сонда Маған қандай үй салып бермексіңдер? -дейді Иеміз. -Мен демалатын жер қандай болмақ?
50Осының бәрі Менің қолыммен жаратылды емес пе?»
51Сендер-жүректері мен құлақтары әлі де сүндеттелмеген, ата-бабалаларың сияқты Киелі Рухқа үнемі қарсы тұратын қыңыр халықсыңдар.
52Сендердің ата-бабаларың қай пайғамбарды қудаламады? Олар Әділетті адамның келетіні жөнінде алдын ала айтып кеткендерді өлтірді, сендер Оны сатып жіберіп, кісі өлтіруші атандыңдар!
53Періштелер арқылы бекітіліп берілген Заңды қабылдадыңдар, алайда оны сақтамадыңдар.
54Бұл сөзді естіген кезде, олардың жүректері ашуға толып, Степанға тістерін қайрады.
55Степан толық Киелі Рухтың жетегінде болды, ол көкке көзін қадап қараған кезде, даңққа бөленген Құдайды және Құдайдың оң жағында тұрған Исаны көрді.
56-Қараңдар! -деді ол, -міне, мен көктің ашылғанын және Адам Ұлының Құдайдың оң жағында тұрғанын көріп тұрмын!
57Сонда олар құлақтарын қолдарымен жауып алып, бар дауыстарымен айғайлап, бәрі бірдей оған тап берді.
58Степанды қаланың сыртына сүйреп шығарып, сол жерде оны таспен атқылай бастады. Бұл айыптаудың куәгерлері киімдерін Саул есімді бір жас жігіттің аяқ жағына жинап қойды.
59-Ием Иса, менің рухымды қабыл ала гөрші! -деп, Исаны шақырып, мінәжат етіп тұрған Степанды олар таспен атқылады.
60Сонда ол тізесін бүгіп, қатты дауыспен: -Ием, олардың бұл күнәларын мойындарына арта көрмеші! -деді де, көз жұмды.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.