1Сонымен, Иеміз үшін тұтқында отырған мен сендерден мынаны өтінемін: Құдайдың өздеріңді не үшін шақырғанын білесіңдер, өмірлерің сол шақыруға лайық болсын.
2Әрдайым өзара ізгі ниетті, кішіпейіл болыңдар, бірбіріңе шыдамдылық танытып, сүйіспеншілікпен қолдау көрсетіңдер.
3Өздеріңді біріктіретін Рухтың бірлігі мен тыныштығын сақтауға тырысыңдар.
4Сендерді шақырған Мәсіхтің денесі-Біреу, Рух-Біреу, сол сияқты өздеріңнің артатын үміттерің де-біреу.
5Иеміз де бір, сеніміміз де бір, суға батырылып шомылуымыз да бір.
6Бір Құдай бар, Сол-бәріміздің Әкеміз және барлығының үстінен қарайтын да, біз арқылы әрекет ететін де, бәрімізбен бірге болатын да-Сол.
7Сондықтан әрқайсысымызға Мәсіхтің біз үшін анықтап қойған өлшеміне сай рақым (ерекше қабілеттер) сыйға берілді.
8Бұл туралы Жазбада: «Тұтқындағыларды соңынан ертіп, Ол көктен де жоғары көтеріліп, сыйларын адамдарға таратып берді», - деп жазылған.
9«Көтеріліп» дегеннің мағынасы Оның алдымен жердің астыңғы бөлігіне түскенін білдірмей ме?
10Төменге түскен Оның Өзі болғандықтан, көктен де жоғарыға көтеріліп кеткен Соның Өзі болып тұр ғой, сондағы мақсаты - бүкіл ғаламды Өзімен толтыру.
11Сол үшін Ол біреулерге-елшілік, басқаларға-пайғамбарлық, кейбіреулерге - Ізгі хабар тарататын, тағы біреулеріне бағушы мен тәлімгер болатын дарындарды берді.
12Міне, олар Құдайдың киелі адамдарын нығайтып, оларды қызмет етуге баулып, Мәсіхтің денесі ретінде өсіп -өнуге жетелейді.
13Бәріміз бірлікте бір сенімге қол жеткізіп, жетілген (ер) адам болуымыз үшін, біз әлі де Құдайдың Ұлын терең танып-білуіміз қажет, тек сонда ғана Мәсіхтің табиғатына сай, толық ер жетіп, естияр адамдай боламыз.
14Сонда біз толқындай тербеліп, кез-келген ілім соңынан ерген жас сәби сияқты болмаймыз және адамдарды алдайтын қулардың алдап-арбап, адастыратын жолына да түспейміз, олардың ықпалына да берілмейтін боламыз.
15Керісінше, бізге шындықты сүйіспеншілікпен жеткізген Мәсіхтің Өзіне ұқсас болып өсеміз, себебі біздің Басымыз да, Басшымыз да, Басқарушымыз да - Мәсіх.
16Өйткені денедегі барлық мүшелер бір -бірімен тек өзара байланыстыратын әр түрлі буындар арқылы байланысқа түссе ғана бірін-бірі қолдап, бір дене ретінде өсіп, өзара сүйіспеншілікпен әрекет ететін болады.
17Сондықтан сендерге Иеміздің атынан айтарым және өтінішім: бұдан былай сендерге өзге ұлт өкілдері секілді жүрудің қажеті жоқ, олар әлі де түкке тұрғысыз ақыл-ойдың жетегінде жүр,
18олардың ой-саналары қара түнектің құрсауында қалып қойған. Соның кесірінен олар Құдайдан алшақ өмір сүруде, олар Жаратқан Иені жақыннан танып-біле алмайды, өйткені олардың жүректері тастай қатып қалған.
19Олар өзара азғындыққа салынып, тойымсыз ашкөздікке беріліп, тіпті, тазалық атаулыны естерінен шығарғандарын да еш сезбейді.
20Алайда Мәсіх сендерді сондай нәрсеге үйреткен жоқ.
21Әрине, сендер Оның айтқанын естідіңдер, Оның сендерге үйреткені: шындықтың бар екені ақиқат, алайда ол - тек Мәсіхте.
22Өтіріктің шырмауы мен құмарлықтың жетегінде жүріп, құрып кететін ескі адамның болмысын сендер енді шешіп тастаңдар.
23Рухтарың мен ой-саналарыңды жаңарту үшін,
24Құдайдың әділ әрі киелі, шынайы етіп жаңадан жаратқан адамының болмысын «киіп» алыңдар.
25Әрқайсысың өтіріктен бас тартып, жақындарыңа тек шындықты айтатын болыңдар, өйткені біз -өзара біріккен бір дененің мүшелеріміз.
26Сендер «Ашуға берілгенде, күнә жасамаңдар, күн батпай тұрып, ашуларыңды басыңдар»,
27сайтанға өмірлеріңнен орын бермеңдер.
28Біреу ұрлықпен айналысып жүрген болса, енді ол ұрлығын тоқтатсын, бұлай істегенше, оның орнына өз қолымен көп еңбек етіп, мұқтаж жандарға қолында барынан бөліп беріп, жақсылық жасасын.
29Ауыздарыңнан ешқандай да шіріген сөз шықпасын, керісінше, жақсы сөзді жиі айтып, ауыртпалықта жүрген жандарға жігер беріңдер, сонда сендерді естіп тұрғандар Иеміздің рақымына ие болып, өз мұқтаждықтарына жауап алатын болсын.
30Киелі Рухты ренжітпеңдер, өйткені сендер үшін құн төленген күні Ол сендерге Өзінің мөрін басты.
31Жан дүниелеріңдегі қандай да бір күйініш, ашу-ыза, айғай-шу, өсектеу сияқты барлық жаманшылықтан арылыңдар.
32Бір-біріңе пайдалы жақсылықтар жасап, мейірімді болыңдар, Құдай Мәсіх арқылы сендерге кешірімін сыйлады, сол сияқты сендер де кешірімді болып, бір-біріңе кешірім сыйлаңдар.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.