1Құдайдың еркімен Иса Мәсіхтің елшісі болған Пауыл Ефес жеріндегі Иса Мәсіхке адал болып жүрген киелі бауырластарға біздің.
2Құдай Әкеміздің, Иеміз Иса Мәсіхтің рақымы мен тыныштығын тілейді.
3Жарылқаушы Құдайымыз әрі Иеміз Иса Мәсіхтің Әкесі мадақтала берсін! Ол бізді көктен, яғни, Мәсіхтен келетін барлық рухани жарылқаулармен жарылқап қойды.
4Ол осы әлем жаратылмастан бұрын біздің Мәсіхте болғанымызды қалап, алдын-ала таңдап алды, сондағы мақсаты-бізді киелі әрі мінсіз ету. Сонымен қатар, бізді Оның алдында Өзінің сүйіспеншілігіне бөлеп,
5Иса Мәсіх арқылы балалары етіп, қабылдап алуды алдын ала Өз мақсатына сай белгілеп қойған.
6Сол үшін Оның рақымы даңққа бөленіп, мадақтала берсін! Ол бізді Өзінің рақымына сүйікті Ұлы арқылы бөлеп қойды.
7Өйткені Оның Ұлы Иса Мәсіхтің қаны арқылы біздің құнымыз өтелді, сөйтіп, Оның игілікке толы, ізгілігі мол рақымының арқасында күнәларымыз кешірілді.
8Сонымен қатар, Ол бізге барлық жағынан молынан даналық беріп, ой-өрісімізді кеңейтіп,
9Өзінің еркіне сай Мәсіхтегі бар құпияны бізге ашып, соны танып-білуге мүмкіндік берді, Оның мақсаты мен ізгі ниеті де сол болатын.
10Міне, сондықтан уақыттың ағымын толық басқара отырып, бәрін біртұтас етіп біріктіру үшін, Ол бар билікті Мәсіхтің қолына тапсырды, сондықтан көктегіні де, жердегіні де тек Мәсіх басқаратын болады.
11Сол үшін біз алдын ала таңдап алындық, бұл Құдайдың бекіткен шешімі мен Оның еркіне сай болды,
12ал біздің мақсатымыз-Оның даңқын арттырып, атын мадақтау, өйткені біз үмітімізді ең алдымен Мәсіхке арттық.
13Сонымен қатар, бізді құтқаратын Ізгі хабардың шынайы сөзін естідіңдер, Мәсіхке сенген кезде сендерге уәде етілген Киелі Рухтың мөрі басылды,
14міне, бұл-біздің мұрагер екендігіміздің кепілі және бізге тиісті еншімізді алып беріп, Оның даңқын арттыру үшін жасалынған әрекет.
15Сондықтан мен сендердің Иеміз Исаға деген сенімдерің мен барлық киелілерге деген сүйіспеншіліктерің туралы естіп,
16өздеріңе деген бар ризашылығымды Құдайға білдіру үшін, сендерді есіме алған сайын үздіксіз мінәжат етудемін.
17Иеміз Иса Мәсіхтің Құдайы, даңқы биік Әкеміз даналықтың Рухымен Өзін жақыннан танып-білу үшін, сендерге ашылса екен деп тілеймін.
18Сөйтіп, Ол сендердің жүректеріңнің көзін ашып, Құдайдың өздеріңді қандай үмітке шақырғанын және Оған бағышталғандардың Оның даңқы мен ағыл-тегіл мұрасына қалай ие болатындарын сендер білсеңдер екен деп сиынамын.
19Оның құдіретті күшінің Оған сенетін біз секілді сенушілерде қалай әрекет етіп, бізге қалай күш-қуат беретінін сендер терең түсінсе екен деймін.
20Ол Өзінің құдіретті күшімен Мәсіхті өлімнен қайта тірілтіп алды және Оны көкте Өзінің Оң жағына отырғызды.
21Өйткені бұл атақ-даңқ бастапқы биліктен де, күштен де, иелік етіп келген кез-келген есімдерден де жоғары, сондықтан Оған тек осы ғасырға ғана емес, болашақ ғасырларға да билік ету берілді.
22Міне, сондықтан Құдай бәрін Мәсіхке бағындырып, Оның табанының астына салып берді, Оны бүкіл қауымның Басы етіп қойды.
23Ал қауым-Оның денесі, Ол қауымды барлық жағынан толтыра береді.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.