1Менің, бауырластарым, соңында айтарым, қуаныңдар, себебі сендер Иемізбен тығыз қарым-қатынаста тұрсыңдар. Өздеріңе осы жайлы ерінбей қайта-қайта жаза беремекпін, өйткені бұл сендер үшін берік қорған секілді болмақ.
2Ит секілді жан-жағын тіміскілеп жүргендерден сақ болыңдар, әрі жұмыстарын жаман атқаратын жұмыскерлерден сақ болыңдар, әрі сүндеттелуді алға тартып соған мәжбүрлеп жүргендерден де сақ болыңдар.
3Ал шынына келсек, нақты сүндеттелгендер-мына біздер, себебі біз қызметімізді Құдайдың рухымен атқарамыз, әрі Мәсіх Исаны Мақтан тұтамыз, сондықтан біз тәни жетістіктерге сүйенбейміз.
4Алайда менің өзімнің тәндік жетістіктеріме сенім артатын мүмкіндік менде жеткілікті. Ал егер де біреу өзінің тәндік жетістіктерін одан да жоғары деңгейге қоятын болса, онда менікі оныкінен асып түседі.
5Мен туылғаннан кейін сегіз күн өткен соң мені сүндеттеді, әрі мен Исраил халқының Бунямин руына шыққан еврейлерден туылған нағыз евреймін, әрі мен заңды өте қатты ұстанатын фарисей болдым.
6Сондықтан бойымды қызғаныш билеп, бар ынтамды салып -қауымның қудалаушысына айналдым, әрі заң талаптарын бұлжытпай орындап, сол арқылы әділетті болуға тырысып жүрдім.
7Алайда мен Мәсіхке бола осы бір жетістіктерімді пайдасыз әрі түкке тұрғысыз деп санаймын.
8Иә, мен үшін олардың бәрі-пайдасыз, түкке тұрмайтын нәрсе болып қалды, себебі мен Ием Иса Мәсіхті танып білу арқылы осы нәрседен де артық әрі пайдалы нәрсеге тап болдым. Міне, мен сол үшін оларды тастанды қоқыстар қатарына қосып, олардан бас тартып, ендігі өзіме аса пайдалы нәрселерді тек Мәсіхтен алу үшін олардың орнына Мәсіхті қойдым,
9сөйтіп, мен Оның қасынан табылуға тырысудамын, себебі мен өзімнің әділдігімді заңнан емес, керісінше мен Мәсіхке деген сенім арқылы таптым, бұл әділдік Құдайдға деген сенім бойынша болғандықтан,
10енді Оны жақыннан тануып-білу үшін, Оны өлімнен қайта тірілткен күшке де, Оның көрген азаптарына да ортақтасып, Оның өліміне ұқсас өлімді қабылдап,
11егер де мүмкіндік туып жатса, бар мақсатым өлімнен қайта тірілетіндердің арасында болу.
12Бірақ мен соған қол жеткіздім, немесе сол деңгейге жетіп, жетілдім деп айта алмаймын, алайда соның мәнін терең ұғып, соны білу үшін соның ізіне түсіп, соның артынан қуып келемін, сондағы мақсатым-қалайда мені баурап алған Мәсіх Исаны терең ұғып, білу.
13Бауырластар, мен өзімді әлі де сол деңгейге жетіп, жетілдім деп айта алмаймын, алайда істеп жүргенім бір-ақ нәрсе, ол артта қалғандарды ұмытып, енді тек қолымды алға қарай созып, тек алға ұмтылып келемін.
14Ал сондағы қуып жүрген мақсатым: көктегі Құдайдың Өзі Мәсіх Иса арқылы шақырып алғандарына беретін сыйға ие болу.
15Кімнің жетіліп, кемелді болғысы келсе, осы оймен жүрсін, ал енді бұл туралы басқа ойда болсаңдар Құдай оны да сендерге ашып береді.
16Алайда біз ең бірінші қандай жетістікке жетсек, өмірдегі іс-әрекетіміз де соған лайықты болуы қажет.
17Бауырластар, маған еліктеңдер, бізді үлгі тұтып, біз сендерге көрсеткен үлгіге сай өмір сүріңдер.
18Өйткені сендерге көпшіліктің қалай өмір сүріп жатқаны жайлы жиі айтылды, ал қазіргі кезде көзіме жас ала отырып, солардың көбі Мәсіхтің айқышын жек көретін жау секілді өмір сүріп жатқанын айтқым келеді.
19Олар осылай істегені үшін ақырында құрып жоқ болады, өйткені олар асқазандарын құдайға теңеп атаққұмарлыққа беріліп масқара болуда, өйткені олардың ойы тек жердегі нәрсеге ауып кетті.
20Ал біз болсақ көктің азаматымыз, сондықтан біз күтіп жүрген Құтқарушымыз, әрі Иеміз Иса Мәсіх сол көктен келеді,
21сол кезде Ол Өзін даңқа бөлеген құдіретті күшімен біздің әлсіз денемізді, Өзінің денесіне ұқсас етіп өзгертіп, сол күштің құдіретімен Ол бәрін де Өзіне бағындыратын болады.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.