Қорынттықтарға 1 10 - Zhana Osiet(NTKAZ)

1Бауырластар, бір кездері біздің ата-бабаларымыздың бәрі бұлт астында жүріп, теңіз арқылы өткенін сендердің білгендеріңді қалаймын.

2Сол кезде олардың бәрі Мұса арқылы бұлтта және теңізде суға батырылып шомылдырудан өткендей болды.

3Бәрі бірге бірдей рухани тамақ жеді,

4бәрі бірге бірдей рухани сусыннан ішті. Сол кезде олар өздерін рухани жетелеп жүрген жартастан ішті, Сол жартас Мәсіх болатын.

5Алайда Құдай олардың көпшілігіне риза болмады, сол үшін Құдай оларды түгел елсіз айдалада жойып жіберді.

6Осының бәрі бізге ескерту ретінде үлгі болады, біз олар сияқты зұлымдықтың артынан жүгірмеуге тиіспіз.

7Сендер олардың кейбіреуіндей пұттарға табынушы болмаңдар, олардың сол істері туралы Жазбада: «Халық ішіп-жеу үшін жайғасты, сосын орындарынан тұрып, көңіл көтерді», - деп жазылған.

8Олардың кейбіреулері азғындыққа берілді, біздің арамызда ондай азғындық болмасын, сол себепті бір күнде, яки, бір сәтте олардың жиырма үш мыңы құрып кетті.

9Сол сияқты олардың кейбіреуіндей азғындыққа беріліп, Мәсіхті сынаудан аулақ болайық, олардың сол кездегі ісәрекеті үшін, бір мезетте оларды жылан шағып өлтірді.

10Сонымен қатар, олардың кейбіреулері күңкілдей бастады, сонда құртушы періште келіп, оларды құртып жіберді, сондықтан сендер олар секілді күңкілдей бермеңдер.

11Олардың басынан өткен осы жағдайлар бізге пайдалы болуы тиіс, өйткені заманның ақыры таяп қалған кезде, осының бәрі тәлім беру үшін жазылған.

12Сондықтан кімде-кім өз аяғымда нық тұрмын деп ойлайтын болса, құлап қалудан сақ болсын!

13Сендердің бастарыңа түскен сынақтар-күнделікті өмірде адам басына түсетін сынақтар. Құдай Өз сөзіне адал болғандықтан, Ол сендерге шамадан тыс сынаққа түсулеріңе жол бермейді, керісінше, Ол сол сынақтан шығатын жолды сендерге көрсетіп, соны жеңіп шығуға мүмкіндік беріп отырады.

14Сондықтан менің сүйікті бауырларым, пұтқа табынбаңдар, сондай нәрседен қашыңдар.

15Мен мұны ақыл-есі дұрыс (парасатты) адамдар ретінде сендерге айтып отырмын, сондықтан менің айтқандырыма ден қойып, ойланыңдар.

16Біз тостағанды алып, жарлықап, бата береміз, ал бұл біздің Мәсіхтің қанымен байланыста тұрғанымызды көрсетпей ме? Ал шетінен үзіп алған нан біздің Мәсіхтің денесімен байланыста тұрғанымызды көрсетпей ме?

17Нан-біреу, біз көппіз, алайда сол нан арқылы бәріміз бірігіп, бір дене болдық, себебі бәріміз Сол нанның бір-бір бөлігіміз.

18Тәннің қалауымен өмір сүріп жатқан исраил халқына қараңдаршы: құрбандыққа шалынған құрбандықтың етін жегендер құрбандық үстелімен байланыста болмай ма?

19Мұнымен сонда не айтпақпын? Пұтқа арналып берілетін құрбандықтың қандай мағынасы бар? Немесе пұттың қандай мәні бар?

20Алайда олар сол құрбандықтарын Құдайға бағышталған құрбандық ретінде емес, жындарға арналған құрбандық ретінде шалады, ал мен сендердің жындармен сыбайлас болғандарыңды қаламаймын.

21Өйткені Иеміздің де тостағанынан, жындардың да тостағынан бірдей іше алмайсыңдар. Сонымен бірге Иеміздің де асынан, жындардың да асынан бірдей жей алмайсыңдар.

22Сонымен, сендер Иеміздің қызғанышын тудырайын деп отырсыңдар ма? Сонда біз Одан да күшті болып кеттік пе?

23Бәрін істеуге болады, алайда бәрі бірдей пайдалы болмайды. Бәрін де істеуге болады, алайда бәрі бірдей кемелді етіп жетілдірмейді.

24Сондықтан ешкім өзінің ғана қалауы емес, басқаның да қалауын іздейтін болсын.

25Ар-ұяттарыңның тыныштығы мен тазалығы үшін, базарда сатылып жатқан еттің бәрін зерттеп, сұрастырмайақ алып, жей беріңдер,

26өйткені «осы жер және жердің бетін толтырып тұрғанның барлығы Иеміздің меншігінде».

27Егер де сендерді бір сенбеуші қонаққа шақыратын болса, барғыларың келсе, барыңдар және ар-ұяттарың тыныш әрі таза болуы үшін, ол не ұсынса, соны мұқият зерттеп, сұрамай-ақ берген асын жей беріңдер.

28Ал егер де біреу сендерге: «Бұл -пұтқа арналып шалынған құрбандық», -деп айтатын болса, онда осыны айтқан адам үшін де, ар-ұяттарың үшін де оны жемеңдер.

29Ар-ұят дегенімде сендердің ар-ұяттарыңды айтып тұрған жоқпын, керісінше, басқа (бөтен) адамдардың арұяты жайында айтып тұрмын.

30Егер де мен Құдайдың рақымымен өзіме берілген тиесілі үлесім үшін, Құдайға алғыс айтып жейтін болсам, онда мені неменеге соншама айыптайды?

31Сонымен, не жеп, не ішсеңдер де, не істесеңдер де бәрін Құдайдың даңқын арттыру үшін істеңдер.

32Осылай яһудейлер мен гректердің алдында да, Құдайдың қауымының алдында да мінсіз болыңдар.

33Сонымен, барлық жерде бәріне ұнайтындай мен сияқты өмір сүріп, қара бастың қамын ғана ойламай, басқалардың құтқарылуы үшін, көпшілікке пайдалы іс-әрекет істеңдер.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help